Украина саясаткері Парубийді өлтірді деген күдікті Ресеймен байланысы жоқ екенін мәлімдеді

Львов қаласының Галицкий аудандық соты 2 қыркүйек, сейсенбі күні Жоғарғы Рада экс-спикері Андрей Парубийдің өліміне күдікті Михаил Сцельниковты 60 күнге қамауға алу туралы шешім шығарды. Журналистермен сөйлескен Сцельников өз кінәсін мойындап, әрекетінің себебін «Украина билігінен кек алу» деп атады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Ол сондай-ақ, бұған дейін БАҚ-та тараған «оны Ресей арнайы қызметі бопсалады» деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл шындыққа жанаспайды. Маған керегі – үкімнің тезірек шығуы. Иә, мойындаймын, мен оны өлтірдім. Және мені әскери тұтқындарға айырбастауды сұраймын. Сол арқылы Ресейге барып, ұлымның мәйітін тапқым келеді», – деді ол.
УНИАН агенттігінің хабарлауынша, күдіктінің ұлының аты-жөні Михаил-Виктор Сцельников (әскери лақап аты – «Лемберг»). Ол 2022 жылдың ақпанында соғысқа ерікті ретінде аттанып, 2023 жылдың мамырында Бахмут маңында хабар-ошарсыз кеткен.
Украина БАҚ-ғы соғысқа дейін оның Львовтағы TurnKey Lender атты IT-компаниясында жұмыс істегенін жазды.
«Неге Парубийді таңдадыңыз?» деген сұраққа Сцельников: «Өйткені ол осында, Львовта болды. Егер мен Винницада тұрсам – онда Петя (бұрынғы Украина президенті Петр Порошенко – Ред.) болушы еді», – деп жауап берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жоғарғы Раданың бұрынғы спикері Андрей Парубийдің өліміне күдікті ер адам қылмысын жасағанын мойындап, Ресей өкілдерімен байланысы туралы айтқан еді.
Фото: Procecutor`s General Office of Ukraine/Telegram

Ең көп оқылған
