Кредитті жеңілдетудің жолы қайсы?

Елнұр Бақытқызы

  • 12.11.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйектегі жолдауында несие амнистиясы мен несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге тапсырма берді. Пандемия халықтың күнкөріс деңгейі мен шағын және орта бизнеске теріс әсер еткендіктен, қалың жұрт, сарапшылар мемлекет басшысының бұл бастамасын дұрыс қабылдады. Расында да, халықты несие қамытынан қалай құтқаруға болады? Ол үшін банктер мен мемлекет не істеуі керек? Экономист, Eximar форсайт агенттігінің директоры Айман Тұрсынханмен сұхбатта осы мәселелерді талқыладық.

– Айман ханым, пандемия халықтың күнкөрісіне қатты әсер еткені түсінікті. Елде несие амнистиясы, несие ставкасын төмендету туралы ұсыныстар айтылып жатыр. Жалпы, халықтың шектен тыс несие алуы экономикаға қалай әсер етеді?

– Сарапшылар соңғы үш жыл бойы ақша-несие саясатын өзгерту мәселесін көтеріп жүр. Өйткені халық сол себепті кедейленіп барады. Ол екі бағыт бойынша іске асуы тиіс. Біріншісі – бизнесті несиелендіру бағыты бойынша. Шағын және орта бизнес өкілдері несие алса да, экономиканы дамытып, кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын аша алмайды. Екіншісі – Ұлттық банктің базалық ставкасы өте жоғары, сондықтан жекеменшік банктердегі несие ставкасы да өте жоғары. Адамдар ұзақмерзімді мақсаттарға, яғни үй сатып алу, көлік сатып алу тәрізді инвестицияларға несие ала алмайды. Есесіне, жалақысы төмен халық өте жоғары пайызбен қысқа мерзімге несие алуға мәжбүр. Мысалы, соңғы мәлімет бойынша, банктердегі несие қоржынының 65 пайызы – тұтынушылық несиелер.

Банктер экономикаға ақшаны 20 не одан жоғары пайызбен сала алмайтындықтан, ақшасын онсыз да қалт-құлт тұрмыс  кешіп жүрген халық есебінен көбейткісі келеді. Ал халық тұтынушылық несиені көп ретте әу бастан қайтармаймын деген ниетпен алады. Тұтынушылық несиені екінші деңгейлі банктер ғана емес, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен қаржы пирамидалары да береді. Асылы, несие беретін әр банк сол ақшасын алғашқы бірнеше айда төлетіп, қайтарып алады. Артынша несие алған адам пайыздық ставканы төлеп отырады. Демек, адам несиесін төлей алмайтын күйге түскенше,  банк берген ақшасын толық қайтарып алып, ары қарай тек пайыздарын өндіреді. Бір адам 500 мың теңге көлемінде тұтынушылық несие алса, оны бір жылда 1,5 миллион теңге етіп қайтарады. Бірақ сонда да банкке 300-350 мың теңге қарыз болып қалады. Осылайша жасырын комиссия мен анниутет төлемдерінің  кесірінен банк қарызды еселетіп қайтарады. Заң бойынша, банктер өздеріне қарыз тұлғалардың кез келген есешотын бұғаттап, ақша өндіретіні белгілі. Тіпті зейнетақы алатын карталарға дейін бұғаттайды.

Қысқасы, банктер осылайша экономикада жұмыс орындарын ашу мен дамыту мүмкіндігін шектесе, екінші жағынан жұмыссыздық пен табысы төмен халыққа пайыздық ставканы төлету арқылы бар ақшасын алып қояды. Ұлттық банктің банктер пайыздық ставканы 56 пайыздан асырмау керек деген талабы бар. Алайда шын мәнінде микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарда несиенің пайызы 120-150, тіпті 300 пайызға жетеді.

Қаржы нарығында осындай алыпсатарлықтың кесірінен несиесін бір немесе бірнеше ай бойы төлей алмай қалғандар артынша бүкіл табысынан айырылады. Неге десеңіз, төлем картасына қандай ақша түссе де, банк оны бұғаттайды.  Ұлттық банк та, қаржылық қадағалаушы да енді осы ережесін өзгертуі тиіс.

– Бұл мәселені қалай шешуге болады?

– Пандемия Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің экономикасына кері әсер етті. Іс жүзінде жыл басынан бері шағын және орта бизнес екі ай ғана толық жұмыс істеді. Карантин кесірінен бизнес өз жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жіберді.  Бәрі бірдей жәрдемақы алмады, жалақы да төленбеді.

Банктер карантин кезінде де табысынан қағылмады. Карантин кезінде несие төлемі екі жарым айға кейінге шегерілсе де, жеме-жемге келгенде банктер оны қайта есептеп, аннуитетті ай сайынғы төлем 15-20 пайызға артып шыға келді.

Енді басқа елдер мұндай жағдайда не істеп отыр? Олар банктердің ашкөздігіне жол бермейді. Өйткені банктегі несие пайызы неғұрлым жоғары болған сайын экономикада өндіріс орындары соғұрым аз ашылатынын олар жақсы түсінеді. Сондықтан орталық банктер базалық ставкаларын төмендетті. Ресейдің өзінде орталық банктің базалық ставкасы – 4,25 пайыз.

Ені банктер ақшаны қайдан алады және халыққа қанша пайызбен береді дегенге тоқталсақ. Банктер ақшаны бюджеттен, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, халықаралық ұйымдардан немесе депозит базасынан тартады. Мысалы, халық банктерде 5 триллион теңге депозитін сақтап отыр, оның жылдық пайыздық ставкасы 9 пайыз делік. Шетелдік валютада ашылатын депозиттердің пайыздық ставкасы нөлге тең болуы мүмкін. Бірақ банктерде бұдан бөлек Ұлттық банктің 20 жылға 5 пайызбен берген 20 миллиард доллар ақшасы бар. Оны былай қойғанда, зейнетақы жүйесінің 5 триллион теңгесі банктерге 3 пайыздық ставкамен салынған.

Енді осының бәрін есепке алсақ, банктер бұл ақшаны асып кетсе  4,5-5 пайызбен алған. Банктер осы ақшаны халыққа несие түрінде береді. Және  25 пайызбен береді. Бағана айтқанымдай, заң бойынша несие ставкасы 56 пайыздан аспауы тиіс. Бірақ пеня, комиссияны қосып есептегенде халық төлейтін пайыз одан асып кетеді. Банктер сырттан алатын ақшаны халыққа бергенде, олардың арасындағы айырма, яғни несие спреді 2-4 пайыздан аспауы керек. Бұл – Халықаралық валюта қорының талабы. Елдегі "Банк қызметі туралы" заңға сәйкес, несие спреді 4 пайыздан аспауы тиіс. Яғни банктің өзі ақшаны сырттан 5 пайызбен алса, халыққа оны 9 пайызбен беруі керек. Одан жоғары пайыз қойса, ол алыпсатарлыққа жатады. Ал экономиканы дамытатын бизнеске берілетін несиенің ставкасы 7 пайыздан аспауы керек. Өйткені олар кепілдікке мүлік қояды.

Ал енді Ұлттық банк не істеуі тиіс? Базалық ставканы 9 пайыздан төмендетуі керек. Әйтпесе, бұрынғы межеге сүйенген екінші деңгейлі банктер "бізде базалық ставка 9 пайыз" деп несие пайызын жоғарылатып жібереді. Бірақ онысы – бос сөз. Ұлттық банк неге 9 пайыздық ставканы ұстанады? Өйткені өзінің ұзақмерзімді және қысқамерзімді ноталарын, өзінде бар ақшаны банктерге 9 пайызбен бергісі келеді. Бірақ бұл ақша бәрібір экономика мен бюджетке қайтып оралмайды, шетелдегі депозиттерге кетеді. Яғни экономикаға еш пайдасы жоқ.

Сондықтан ақша-несие саясатын өзгерту керек. Зеленский Украина президенті болып сайлана салысымен, олигархтарға қарайламай, орталық банктің базалық ставкасын 24 пайыздан 6 пайызға түсіріп жіберді. Сөйтіп, азаматтық соғыс аяқталмағанына қарамастан, бұл ел батыл қадамға бара алды. Ал енді басқа елдердегі орталық банктердің базалық ставкаларына үңілейік. Еуроодақта – 0 пайыз, АҚШ-та – 0,25 пайыз, Швейцарияда – -0,75 пайыз , Жапонияда – -1 пайыз, Оңтүстік Корея – 0,25 пайыз. Тіпті іргемізде төңкеріс жасаған Қырғызстанда 5 пайыз. Бұл елдерде базалық ставка неге төмен? Өйткені экономикаға ақша құйылсын, жұмыс орындары ашылсын дейді. Олардың кәсіпорындары несие қамытына байланбай, арзан несиені оп-оңай жауып, өз нарығын былай қойғанда, тәуекелге толы екінші елдердің нарығына шыға алады. Сөйтіп, өз елдерінің банктерінен арзан несие алып, басқа елдерде өндіріс орындарын ашып, табыс таупы, пайдаға кенеледі. Базалық ставкасы төмен елдерде жұмыссыздық аз, жұмыс орындары жабылмайды, сондықтан халыққа жрдемақы төленбейді. Осылайша мемлекет те ақша үнемдейді.

Ұлттық банк базалық ставканы қолдан жоғары ұстап отыру арқылы несиені қымбаттатып қана қоймай, гиперинфляцияға жол ашады. Қалай десеңіз, несиені жоғары пайызбен алған кәсіпкер оны өтеу үшін тауарын немесе қызметін қымбаттады. Ет, жұмыртқа, сұт, ұн сол себепті табан астында қымбаттап шыға келеді. Өйткені барлық кәсіпкер банкке несие қарыз. Несиеден құтыла алмай қалған кәсіпкерлер бизнесін жабуға мәжбүр. Сондықтан өндіріс көлемі төмендейді. Тұтынушылық тауарлар сол себепті тағы қымбаттайды. Міне, мұның бәрі бір тізбектің буындары.

– Бәлкім, несиені кешіру, яғни несие амнистиясы керек шығар? Мәселен, қазір кейбір саясаткерлер осындай талап қойып, митингке елді шақырып жатыр?

– Жоқ, ондай бір реттік шара көмектеспейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ақша-несие саясатын түбегейлі өзгерту керек. Біріншіден,  базалық ставканы 2,5 пайызға төмендету керек. Сонда мемлекет кәсіпкерлерге арналған несие ставкасын субсидиялауға триллиондар жұмсамайды. Сонда сол триллион теңгені банкке емес, халықтың тұтынушылық сұранысына бағыттауға болар еді.

Ал енді бір реттік несие амнистиясын жариялау үшін қанша ақша керектігін есептейік. Халық несиесін кешіру үшін 7 триллион теңге, бизнес несиесін кешіру үшін 7,5 триллион теңге керек. Мемлекетте 14,5 триллион теңге бар ма? Әлбетте, жоқ. Сондықтан несиелік амнистия – бұл таза волюнтаризм.

Ұлттық банк базалық ставканы төмендетсе, Ерболат Досаев елде гиперинфляция болуы мүмкін дейді. Бірақ шын мәнінде базалық ставканы төмендеткен соң, бірден алыпсатарлыққа, тұтынушылық несиені жоғары пайызбен беруге тыйым салатын заңды қабылдау керек. Оған қоса жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау керек. Өйткені несие төлей алмаған адам өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. Ал оның несиесі бәрібір туыстарына өтеді. Бұдан құтқаратын жол – банкроттық туралы заң қабылдау.

Ең бастысы, несие реабилитациясын жүргізу керек. Несие реабилитациясы әділеттілік орнату деген сөз. Оның механизмі мен есеп-қисабын бұрыннан айтып, жазып жүрмін.

Қзақстанда жұмыс істейтін шетелдік банктер қайтеді? Олар Ұлттық банктің базалық ставкасын негізге алмай, басқа әдістемеге жүгінеді. Ол әдістемеге сәйкес, тұтынушылық баға индексі мен банк маржасын негізге алынады. Елдегі жылдық тұтынушылық баға индексі 4,5 пайыз, ал банк маржасы 2 пайыз болса, олар кәсіпкерлерге несиені бар-жоғы 6 пайызбен береді. Тура осы әдістемеге сүйеніп, елдегі бүкіл несиені қайта есептеп шығуға болар еді. Яғни банктердің мемлекет, Ұлттық банк пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алдындағы міндеттемесін және халықтың  банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарызын осы әдіске сүйеніп қайта есептеп шығуға болады. Сонда халықтың 90 пайызы өз қарызын қайтарып тастаған болар еді. Бұл несие амнистиясы емес, бұл қарызды әділетті түрде қайта есептеп шығу. Сонда халық банктегі қарызынан толық құтылар еді. Қазір кәсіпкерлер мен халық банктерге 14,5 триллион теңге қарыз десек, реабилитациядан кейін сол қарыз 5 триллион теңгеге төмендер еді. Сонда тұтқындағы мүлік бұғаттаудан шығар еді, бизнес өркендеп, жұмыс орындары ашылады. Халық ақшасын несие төлеуге емес, тауар, қызмет сатып алуға, білім алуға жұмсай алады. Осының бәрі тұтынушылық сұранысты өсіріп, экономиканы дамытады. Экономиканы банктер еш уақытта дамытпайды.

Қысқасы, біріншіден, ақша-несие саясатын өзгерту керек. Базалық ставка төмендесе, несие ставкасы да төмендейді. Екіншіден, несие беруде алыпсатарлыққа тыйым салатын заң керек. Үшіншіден, несие реабилитациясы, яғни осы күнге дейін алынған несиеге аудит жүргізу. Төртіншіден, жеке тұлғаларға өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндік беретін заң қабылдау.

– Әңгімеңізге рахмет!

Байланысты жаналықтар

Қарашадағы валюта нарығы және желтоқсан айындағы жоспарлар

02.12.2024

Қостанай облысында пошташы зейнеткерлерге миллиондап несие рәсімдеген

23.11.2024

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

16.11.2024

Алданып несие алғандарға көмек көрсетіледі

12.11.2024

Ұлттық банк ескі 5 000 теңгелік банкноталарға қатысты мәлімдеме жасады

11.11.2024

Депутат: Халықтың 80 пайызы қарызға батқан

30.10.2024
MalimBlocks
Қарашадағы валюта нарығы және желтоқсан айындағы жоспарлар

Қарашада БЖЗҚ валюта сатып алған жоқ, желтоқсанда да сатып алуды ойластырмаған – олар валюталық активтердің үлесі 40%-ға жеткенін айтады.

Қостанай облысында пошташы зейнеткерлерге миллиондап несие рәсімдеген

Оған қатысты алаяқтықтың бірнеше эпизодымен іс қозғалған

Fitch Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін растады

Қазақстан рейтингін сыртқы буферлер ұстап отыр

Алданып несие алғандарға көмек көрсетіледі

Алаяқтардың ықпалымен жәбірленушілер банктік және микроқаржылық несиені өздері рәсімдейді

Ұлттық банк ескі 5 000 теңгелік банкноталарға қатысты мәлімдеме жасады

Депутат: Халықтың 80 пайызы қарызға батқан

Бұл халықтың табысы төмендеп жатқанын және көптеген адамдар негізгі шығындарды жабу үшін қарыз алуға мәжбүр екенін көрсетедІ