«Отбасы банк» жаңа ипотекалық бағдарламаны таныстырды
Енді «Отбасы банктен» несие алу үшін салынатын алғашқы жарна 30 пайызға дейін төмендетіледі. Бұған дейін салымшы депозитке «50/50» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаның елу пайызын салатын.
«Отбасы банк» АҚ директоры Данагүл Түсіпованың сөзінше, алғашқы жарнаны жинау көп тұрғын үшін қиын әрі ұзақ уақыт алады. Сондықтан «Отбасы банк» жарна салуды жеңілдету үшін екі ипотекалық өнімді жүзеге асырып жатыр.
«Біріншісі – құрылыс компанияларымен келісімшарт жасап, алғашқы жарнаны 30 пайызға дейін төмендету мүмкіндігі. Бұл бағдарлама аясында «Отбасы банк» құрылыс компанияларымен белгілі бір тұрғын үй кешендеріне келісімшарт жасайды. Үйді сатып аларда, салымшылар 30 пайыз алғашқы жарнаны салуы керек. Бұл құрылыс компанияларынан 10 пайыз субсидия беру арқылы жасалып отыр. Яғни сатып алушы он пайыз жеңілдік алып қана қоймай, оны ақша түрінде депозитке сала алады. Бұл жағдайда пайыздық мөлшерлеме несие бойынша 7% болады. Сонымен бірге кем дегенде үш жылда 5 %- ға дейін төмендетіледі», - дейді Данагүл Тілеуберліққызы.
Бұл ипотекалық өнім бойынша «Отбасы банк» Алматыдағы төрт құрылыс компаниясымен келісімшарт жасап, 30 пайызды алғашқы жарнамен 850 пәтер сатуға берілген.
«Отбасы банктің» екінші өнімі – корпоративтік өнім. Яғни біз құрылыс компаниясымен емес, тікелей жұмыс беруші компания, ұйымдармен келісімшарт жасаймыз. Сол ұйымның не компанияның жұмыскерлеріне жеңілдетілген несие ипотекалық бағдарламасын ұсынамыз. Бұл келісімшарттың негізгі мақсаты – компанияның әлеуметтік пакетін жақсарту, жақсы кадрларды сақтап қалу және жұмыскерлердің тұрғын үйге тез қол жеткізуіне жағдай жасау» - дейді Данагүл ханым.
Компания өз жұмыскерлеріне несие алу мүмкіндігін беру үшін «Отбасы банкпен» келісімшарт жасап, несие түрінде қаржыландыру жасайды. Яғни, жүз пайыздық немесе 60/40 пайыз қаржыландыру мүмкіндігі бар. Бұдан соң компания жұмыскерлеріне белгілі бір тізіммен жеңілдетілген несие беріледі.
«Қуантарлық жағдай, корпоративтік өнім бойынша ҚазИнтерСервис компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Компаниядан 250 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы компанияда жұмыс істейтін жандардың алғашқы жарнасының елу пайызын өтеу мақсатында жұмсалады. Сома белгілі бір уақыттан кейін компанияға қайтарылады. Сондықтан барлық ірілі-ұсақ компанияны азаматтардың тұрғын үй жағғдайын жақсарту мақсатында «Отбасы банкпен» корпоративтік өнім келсімшартын жасауға шақырамын» , - дейді Данагүл Тілеуберліқызы.
Данагүл Түсіпова «Алматы жастары» бағдарламасына әкімшілік пен «Отбасы банктен» жиырма миллиард теңге бөлінгенін айтты. Осы соманың аясында 1100 жас маман ипотекалық жеңілдетілген несие ала алады. Әзірге бұл бағдарлама бойынша келісімшарт жасалып, толықтырылып жатыр.
Тағы да ескеретін нәрсе – биылғы айлық көрсеткіш бойынша тұрғындар «Отбасы банктен» депозит ашып, жылдың аяғына дейін 290 мың теңгеге дейін жинайтын болса, мемлекеттен 238 мың теңге сыйақы алу мүмкіндігі бар. Айта кетейік, 2023 жылдың басынан 8400 салымшы баспаналы болған. Тұрғындар үй сатып алу мақсатында банкттен 100-ден аса депозит ашқан.
Аружан Абсатар