Қайрат Сатыбалдыдан Путинге дейін: «Қазақтелеком» кімдермен шарт жасасуда?
Біздің елде алпауыт компаниялардың тағдыры һәм акционерлері қазақ тілді оқырмандар үшін аса қызық тақырып еместей. Өйткені , одан қарапайым халықтың жағдайы түзелмейді де, төмендеп кетпейді де, бәлкім...
Бір кездері «Халықтық IPO» деген бағдарлама болғанымен биржада акция сатып алмақ түгілі, қарапайым несиенің өзін қанша пайыздық мөлшерлемемен алатынынан хабарсыз көпшілікке ол «аузы-мұрны жоқ отаудай» көрінгені де рас. Ал, Kcell секілді акциялары Қазақстан қор биржасында, Астана халықаралық қаржы орталығы мен Лондон биржасында саудаланатын компания акционерлерінің ауысуы, оның қарапайым акцияларының да бағасын қымбаттатқанына қызығушылық танытар жан болса, онда «Қазақтелеком» 75 пайызының 24 пайызын кімге сатып жіберді деп сөзсіз алаңдар еді. Сондықтан да болар өткен айда болған сауда-саттық қарапайым халыққа түк қатысы жоқ бизнес ақпараты ретінде аса назар аударта қоймады.
Алайда, біле жүретін бір ақпарат ел азаматтарының зейнетақы жарналарын бір өзі жинап алған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Kcell-дің 7,06 пайыз акциясын иеленеді. Яғни осы 7 пайыздың арқасында зейнетақы қорында қаражаты бар әр қазақстандықтың шотына Kcell төлейтін дивиденттерден тиын-тебен түсіп жатқан болар деген үміт бар... Айта кетейік, біраз бизнесті тоқыратқан пандемияға қарамастан мобильді операторлардың табысы артты. Осы жылдың алғашқы алты айында Kcell 15,6 млрд теңге таза пайда тапқан.
Сонымен... 28 қыркүйек күні Kcell-дің 24 пайыз акциясы сатылатыны туралы ақпарат жарияланды. Ал 30 қыркүйек күні «First Heartland Jusan Bank» АҚ осы саудаға қатысқаны туралы ақпарат тарады. «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» автономды білім беру ұйымдары қаржылық холдингтік компаниялар тобының инвестициялық тармағы «First Heartland Securities» (78.23%) арқылы бұл банктің кіммен байланысты екені белгілі. «Jusan Bank» Kcell-дің 9,08 пайыз акциясының әр талын 1342 теңгеден сатып алған. Осылайша бұл сауданың құны шамамен 150 млн долларға шыққан.
Kcell-дің қалған 14,87 пайыз акциясын PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. сатып алғаны туралы ақпарат қазан айының басында тарады. Қазақстан тұрмақ, халықаралық нарықта аты беймәлімдеу бұл компания туралы ақпарат аз. Ал, кей басылымдар бұл мәмілені екі тұлғаның атымен байланыстырды. Бірі елбасының немере інісі Қайрат Сатыбалды, екіншісі Ресейдің қазіргі Президенті Владимир Путин.
PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. компаниясының жеке сайты жоқ. Атқаратын қызметіне қатысты да ақпараттар жоқтың қасы (S.A.R.L. аббревиуатурасы –жауапкершілігі шектеулі серіктестік дегенді білдіреді).
Сонымен, «Выход к морю» телеграмм арнасы Люксембург заңды тұлғалар реестрінен компания туралы төмендегідей дерек тапқан.
Registered office: 5, rue Goethe, 1637 Luxembourg, Luxembourg
Registration number: B251568
Company type: société à responsabilité limitée
Business Register ID: RCSL
EUID: LURCSL.B251568
Біздің https://e-justice.europa.eu/content_find_a_company-489-en.do сайтынан тапқан дерегіміз де дәл осындай. Біз осы сайтта жарияланған компанияның Жарғысын да зерттеп көрдік. Ол ағылшын және француз тілдерінде жазылған екен. Оған сәйкес, аталған компания 2021 жылғы ақпан айының он бірінде құрылған, жарғылық капиталы 12 мың еуро. Компанияның қол қою құқығы берілген екі басшысы бар: BOERNER Christian, MULLER Guillaume деген азаматтар.
Алайда, жоғарыда аталған «Выход к морю» аталатын телеграмм каналдың авторлары бұл компаниямен байланысты тағы бір тұлғаның атын атайды.
Суреттен көрініп тұрғандай PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. компаниясының бенефициары ретіндегі жанның аты-жөні Сергей Ёлкин. Аталған телеграмм арнасының жазуынша, бұл азамат тұрмысы орта тапқа жататын мәскеулік. Нақтырақ айтқанда заңды тұлғаның нағыз иесі өзінің нақты аты-жөнін жазғысы келмегенде пайдаланатын кәсіби номинал. 2017 жылы оның есімі тағы бір даулы іспен байланысты аталған. Оның атына Мальтада тағы бір компания –«Anastasia Yachts Limited» фирмасы да тіркелген. Бұл компания Владимир Путиннің маңайында жүретін Ресейдегі дәулетті адамдардың бірі Владимира Потаниннің «Анастасия» аталатын яхтасына қызмет көрсетумен айналысыпты.
Біз сөз етіп отырған PIONEER TECHNOLOGIES S.A.R.L. компаниясының жарғысында оның акционерлері туралы ақпарат жоқ. Алайда, алпыс акционеріне дейін болуы қарастырылады. Ол Люксембургтегі немесе шетелдегі кез-келген компанияға кез-келген формада қатысуды, түрлі инвестиция салуды мақсат тұтады екен. Қазақстанға қатысты бұл мақсатын орындай бастапты, Ксell арқылы.
Айтпақшы, аталған ұялы оператордың әлі де 51 пайыз үлесіне ие «Қазақтелеком» Люксембурге тіркелген заңды тұлғалармен бірінші рет шарт жасасып отырған жоқ. Skyline Investment Company S.A компанясына «Қазақтелеком-ның» 24,95-і тиесілі. Бұл компанияны кейбір ақпарат құралдары Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдымен байланыстырады. Айта кетейік, «Қазақтелекомның» 52,03 пайыз үлесі «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына, тағы 9,77 пайызы «THE BANK OF NEW YORK MELLON DRS» компаниясына тиесілі.