Қасиетті һәм қасіретті Қаракөл балығы неге құрттап кетті?

Бала кезде туған жердің өзен-көлін аралап жүріп балық ұстаймыз. Үлкендерден балық жайын сұрасақ «Қаракөлдің балығын жеуге болмайды, ішінде құрт бар» дейтін.

Айбек Ережеп

  • 22.08.2021

Бала кезде туған жердің өзен-көлін аралап жүріп балық ұстаймыз. Үлкендерден балық жайын сұрасақ «Қаракөлдің балығын жеуге болмайды, ішінде құрт бар» дейтін.  Кейбіреулер «Қаракөлде кісі бойындай Таймен деген балық бар» деп соғатын.  Өз көзімізбен көрмесек те, балық туралы сұрағандарға көргендей ғып үлкендерден естігенімізді қайталап шығамыз.

 Қаракөл – Алматы облысы Райымбек ауданының орталығы Нарынқолдан 40 шақырымдай жерде, теңіз деңгейінен 3100 метр биіктікте таудың үстінде орналасқан көл.

Сол бала күннен естіп жүрген әңгіменің рас-өтірігіне көз жеткізу үшін жолға шықтық. Бұйырса қармақ сап көрмекпіз. Қақпақ өзеніне жетіп, жағасынан шылаушын қазып алдық. Өзенді өрлеп келеміз. Асты биік көлік болмаса, жол қиын.  Патша әскері емшектегі баласымен қоса аяусыз мылтықтың сүңгісіне түйреп өлтірген Шитім анамыздың сайына келіп аялдадық.

Сол жерде қаза болған боздақтарға ескерткіш орнатыпты, құран оқып, дұға жасадық. Кезінде Мергенбай батыр орыс әскерлерімен шайқасып жүріп, бір ауылды осы сай арқылы Мұзтаудың төбесіне алып шығып, табандарына киіз байлап мұздақтан өтіп кеткен.

Отыз шақырымдай ілбіп жүріп отырып Бозымбайдың сайына да жеттік. Қаракөл осы сайдың басында. Ортан беліне барып шатыр тіктік. Алматыдан келген жігіттер шаршап қалыпты, осында бір түн демалмақ болдық. Шатырдың қасында кішкене өзен ағып жатыр. Иірім қуалап қармақ салып едік, сегіз балық ілікті. Кеш қарая Қаракөлді іздеп Алматыдан орыс жігіттер келеді екен, балық ұстаймыз дейді. Олар кетті,  біз сол арада түнеп шықтық. Форель балығын қазақша яғни Қазақстанда кездесетін түрін «Құбылмалы Бақтақ» деп атайды. Біз жергілікті тұрғындардың «Ханбалық» деген атауын қолдана береміз.

Ертесі ерте тұрып сапарымызды жалғастырдық. Жол бойы сап түзеген қарағайлар, жасыл аршалар. Таудың салқын саф ауасы тынысыңды ашады.

Жүре-жүре көл жатқан таудың етегіне де жеттік. Кеше кеткен орыс жігіттердің көлігі тұр. Соңғы қойшының үйі де сол арада екен. Үй егесінен жөн сұрап едік, - жаяу  үш км жол жүресіңдер, мына ұшты асып өтсеңдер болды, көлдің үстінен түсесіңдер,-деді. Оның жайын білген соң, қаладан келгендер: – Құрт, ірімшік сатасыздар ма? – деп еді, күліп: - Шайға деп мынаны ғана ұстап отырмыз,- деп арқандаулы сары сиырды көрсетті. Жеңгелеріңнің шамасы соған кеп түр, қайтарда шәй ішіп кетіңдер,- деді езуін жимай. Жолдан бір үйді көшіріп бара жатқан жүк көлігін көргенбіз, осы кісінің көршісі екен. -Күн суытып келе жатыр, жақында бәрі қыстауға көшеді, көршімді көшірісіп жібердім, көмектеспесең ұят қой,-дейді ағамыз, екі бүктеген қамшысымен көршісінің қонысын нұсқап.

Біз ағамыз нұсқаған жаққа өрлеп жүре бердік. Орта шеніне келгенде әлгі жігіттер қайта жолықты. Балық ұстай алмапты.

Бір-бір жарым сағат жол жүрген соң көл көрінді. Тау арасында айнадай болып жатыр. Жағалаудан түбі көрінеді. Табанында балықтар үйірімен өріп жүр. Қармақты салып қойдық. Бір байқағанымыз күннің түсуіне байланысты түсін өзгертетін сияқты. Жігіттер шомылып алмақ болды. Сол арада қармақты балық қапты. Шығарсақ алақандай балық, қарыны шытыр жеген малдай ісініп тұр. Ішін жарып көрдік. Толған 20 см-дей шұбатылған құрттар. Суға үңілеміз, жүзіп жүрген балықтардың бәрінің іші қампайып ісіп кеткен. Бала кезден естіген әңгімеміз рас екен. Әппақ, жалпақ құрттар. Баяғыда биялогия кітабынан суретін көрген Цепень дегеннің дәл өзі. Мұны Таспа құрт деп атайды екен.

Бұл паразит өз өмірінде үш-төрт балықты ғұмырын қияды. Балықтың іш құрылысын түгелдей жеп, келесі құрбандығын іздейді. Орман, тау өзендері мен көлдерінде кездеседі. Тұзды суларда мүлде болмайды. Тек тұщы суда ғана өмір сүреді. Ақпай немесе аз ағынды суларда жиі ұшырасады. Тұра берсе су да құрттайды деген сөз. Бұған тек, жыртқыш балықтарға ғана әсер ете алмады дейді ғалымдар.

Біз түсірген видеомызды Қазақстандық ғалымдарға көрсетіп, пікірін білмек болдық. Осыған орай, "Halyk Balyk" ЖШС бас технологы, директордың орынбасары, осы салада 14 жылдық тәжрибесі бар ихтиолог- ғалым Пазылбеков Мейрамбек өз ойын айтты:

 

 

 

 

«Бұл, «Осман» деген балық. Мына құрт «Ленталы құрт» деп аталады. Ол табиғи су қоймаларында кездеседі. Бұл паразит қой. Балықтың қоңдылығына әсер етеді, мұндай балықтар ешқашан семірмейді. Жалпы көлге келетін болсақ, мен балықтарды жекелеп емдегенді көрмедім. Егер, көлдің көлемі үлкен болмаса, суы түсірілетін болса, көлді емдеген дұрыс. Бұл әдіс тоған шаруашылығында қолданылады. Негізі көлдегі балықтың қанша пайызы осы ауыруға душар болды соны анықтау керек. Жүз пайыз ба, жоқ азғантай бөлігі ме, осыны зерттеп білу керек.  Дәл қазір сізге арнайы ешқандай әдіс ұсына алмаймын. Ол үшін паразитологтармен бірлесе жұмыс атқарған жөн. Бұл жергілікті байырғы түр, бұдан басқа түрі болмағандықтан балықты жойып алмау жағын ойлау керек. Егер көлді сақтау керек болса, балықтарды деренәсіл, шабақ кезінде аулап алып, басқа жерде ұстап, қалған балықтарды толықтай жою қажет. Сосын көлді емдеп, қайта жіберсе көбейіп кетер еді». Маман сөзі осындай болды.

Тағы бір дерекке тоқталсақ, 1975 жылы балық тұқымын көбейту мақсатында Шығыс-Камчаткалық ханбалықты  Үлкен-Қақпақ өзеніне жібереді. 1977 жылы Батыс-Камчаткалық ханбалық Еміл мен Тентек өзендеріне жіберілген. Бірақ, кейін ол жерден балық табылмаған. 1983 жылы Өрікті мен Бозымбай өзеніне ханбалықтың тағы бір түрі жіберіледі. Ресейлік «Современные проблемы науки и образавания» деген  электронды ғылыми журналының 2015 жылы шыққан 15-ші санында «Река Шелек берёт начало в Заилийском Алатау, питание ледниково-снеговое, мелководная, русло во многих местах засыпается горными оползнями, вода загрязнена, т.к. используется для водопоя домашними и дикими животными, форель не обнаружена. Река Текес берет начало у восточной оконечности хребта Терекей Алатау из оз. Текес, протекает преимущественно в широкой межгорной долине, питание ледниковое, построена плотина, вода активно используется для орошения, радужная форель обнаружена. Река Улкен-Какпак берет свое начало в ущелье Какпак, питание ледниковое, радужная форель обнаружена. Озера Бузумбай и Урюкты, в которые также вносили молодь (икру) камчатской радужной форели микижи, в 90-х гг. были разрушены селевым потоком, и наша экспедиция показала, что они засыпаны и практически исчезли. Естественно, что в них форели нет». деп жазады.

Бозымбай көлі деп Қаракөлді айтып тұр. Бұл жерде Бозымбай көліне балық өнбеген дегенімен келіспеуге болады. Себебі, ауыл тұрғындары Қаракөлге балық апара жатқан көлік аударылып, жете алмай, өзенге жібере салған дегенді айтады. Ондағы мақсат та Қаракөлдің құрт балығын тазалап, ханбалық өсіру болатын. Егер, олай етсек маман айтқандай балықтың жергілікті көне түрін жоғалтып алуымыз мүмкін екен. Сондықтан, бұл орйда маман сөзіне құлақ түрген жөн. Бірақ, біз ұстаған  ханбалық та  Бозымбай өзенінен ұсталды. Оның өзі 10 км жерді таңнан кешке дейін сүзіп шыққанның нәтижесі. Өзен балығы көлге түсе алмайды, су – үш жүз адымдай жерден, қалың қорымның сүзгісінен өтіп шығып жатыр.  Негізі жергілікті билік өкілдері Қақпақ, Бозымбай өзенінен балық аулауға бір-екі жылға тиым салса дұрыс болар еді. Балық өсімі бұрынғыдай емес, азайып кеткен.  Бүйте берсе осы бар балықтың өзін жаңағы журналдағыдай «ханбалық табылмады» деп мақала жазып отыруымыз мүмкін. Қазірдің өзінде Қақпақтан балық ұстау мүмкін емес дейді.

Сонымен, Қаракөлге қайта оралайық. Балықтарға обал. Майда шабақтарына дейін, қарыны қампайып әрең жүзеді. Қаракөл емес, қара жамылған көл сияқты. Бұл жерде үлкен балық болуы мүмкін бе, білмеймін. Мына құрт балықты өсіре ме, күмәнді. Өз жауы – өзінің ішінде жүр, бұдан асқан қасірет бар ма... Биіктікте жатқан қасиет деп келгенде, Қаракөлдің қасіреті тереңде жатыр екен.  Бар дертін ішіне жасырып, тынып жатыр. Жоқ, ол айғайлап айтып жатыр екен, біз естімейді екенбіз. Осы көлден тастардың астымен жол тауып шығып, төменге құлап жатқан өзен - Қаракөлдің көз жасы ма дедім. Оның гүрілдеген даусы жылаған, жан азабының үні секілді.

Біз кеттік, айнадай көлдің астында алақандай балық азабын арқалап, асықпай арғы жағаға жүзіп бара жатты.   Қаракөлдің астындағы - қара балық...  

Байланысты жаналықтар

Қазақтар ағылшын тілін өзбек, қырғыздардан нашар біледі

24.01.2023

Қазақтан неге Буффондар шықпайды?

07.05.2021

Орыс патшасы ноғайларды қалай қырып салды?

02.05.2021

Қашаған жырау мен әлемнің жаратылуы

09.04.2021

Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

25.02.2021

Доспамбет жырау өз ұлын неге өлтірді?..

15.02.2021
MalimBlocks
Қазақтар ағылшын тілін өзбек, қырғыздардан нашар біледі

Әлем бойынша ағылшын тілін меңгеруге қатысты зерттеу жарияланды.

Қазақтан неге Буффондар шықпайды?

Қақпашы Джанлуиджи Буффон Италия футбол  жұлдыздарының бірі ғана.  Италияда Буффондай таланттар неге көп? Қайдан шығып жатыр? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.   

Орыс патшасы ноғайларды қалай қырып салды?

Ал біз 9 мамыр қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен ата-бабамызды мақтан тұтып, георгиевская лентасын тағып алып, мәз болып жүрміз. Шындығына келгенде Екатерина II патшайымы Суворов пен оның әскерін гергиевка лентасы бар марапаттармен марапаттаған.  

Қашаған жырау мен әлемнің жаратылуы

Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

Доспамбет жырау өз ұлын неге өлтірді?..