Айбек Ережеп: Аққулар ұйықтағанда

Malim Админ

  • 25.02.2021

Өмірдің мұңы мен қайғысын, шаттығы мен қуанышын көңілінің кесесіне құйып, үмітпен үрлеп, сезіммен сораптаған мыңдаған ғұмырды ұлы мұхиттың үстінде арқалап келе жатқан алып кеменің таудай толқындармен арпалысын көз алыңызға елестетіп көріңізші. Ақын жүрегі де — ұлт үшін, ұлттық және адамзаттық құндылықтар үшін, бір халықтың салт-дәстүрін, бүкіл дүние танымын сақтап тұрған алтын сандығы — тілі үшін, фәни мен бақиды жіпсіз байлаған — сенімі үшін сондай міндет атқарады. Сұлулық пен сұрқиялықты, адалдық пен арамдықты, құштарлық пен құлазуды, тас-талқан болып күйреуді, күндей жадырауды жүрегінен өткізіп сезіну кез-келген пенденің түйсігене берілген қабілет емес. Француз жазушысы Виктор Гюго «ақын — күллі адамзаттың құшағындағы жүрегіне ең жақын ғажайып әлем» деген екен.
Көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, ұстап көре алмайтын тек, жүрек көретін бейнеде, жүрек еститін әуезде, жүрек түсінетін тілде адам жанының түкпірінде болып жататын құбылыстар бар ғой, міне, ақын сол құбылыстардың суретшісі! Ал, поэзия — осы бір күрделі ұғымның портреті десек те болады.
XX ғасыр әлем поэзиясы үшін үлкен жаңалықтарға толы, бір туар тұлғаларды жарыққа шығарған жемісті ғасыр болды. Поэзияның өлшемі жаңа сатыға көтерілді. Талабы да жоғарылады.
Осы кезеңде әлем жұршылығынан өзге өрнекпен, өз стилін ешкімге ұқсатпаған, ұлттық дүниетанымын дүниеге мақтанышпен жайып, адамдық өлшемдерге өз пікірін қосқан, білімімен, тереңдігімен, суреткерлігімен ерекшеленген талантты ақындар өсіп шықты. Ағылшын тілінің қазынасы атанған Элиотты, Оденді, Гректер — елуге келіп өлең жазып, грек мифологиясын қайта тірілткен Кавафисті, АҚШ — Мариянна Мур, Сильвия Плат, Паунд, Фростты, Үндістан — Тагорды, орыстар — Пастернак, Мандельштам, Ахматова, Цветаева, Бродский т.б алпауыттардың шығармашылығымен дүние жүзін таныстыра бастады.
Ал, қазақ поэзиясы қандай күйде еді? Ғасыр басын ұлттық трагедиялармен бастаған, не өлу керек, не қалай да болсын өмір сүру керек деген таңдаудың үстінде тұрған халықтың қандай әдебиет жасауы мүмкін дейтін болармыз. Жоғарыда айтқан мықтылардың біреуінен кем түспейтін Мағжан ақынды орыс империясы оққа байлады. Одан бөлек жиырма бес мыңға тарта оқыған азаматтарымыз осы кепті кешті. Мағжанның өлімі — қазақ поэзиясына қара ту көтертті. Осыдан кейін отыз жыл бойы қазақ поэзиясы еңсесін көтере алмады. Ол аралықта ақындар жоқ болды емес, болды. Бірақ, анау биіктіктен қанаты жарақаттанып құлаған құс, қайта жарасы жазылып самғап кету үшін отыз жыл уақыт керек болды. Қазақ поэзиясы өзінің қанатын қайта қағатын, қауырсыны қайта түлеп кеңістікке бой сермейтін уақытты күтті. Біз мұны — ары да, жаны да таза, саңлақ талатты тудыру оңай емес деп ақтап алармыз. Ол да рас шығар...

Мұқағали Мақатаев Ж. Қайрамбаев. Мұқағали

1960 жылдардың орта шенінде қазақ поэзиясына ойы да, сойы да бөлек бір топ талантты жастардың легі келіп қосылды. Шетінен шығыс пен батысты қатар оқыған, албыр та алғыр, өрендер еді. Шоқ жұлдыздар шоғыры деп қарауға да болар. Оның ішінде біреуі ерекше жарқырайтыны заңдылық қой, әр жүйрік әліне қарай шаппай ма. Дегенмен, қойылған мақсат бір еді. Қалайда қазақ поэзиясын алдыға сүйреу. Қазақ поэзиясының осы тұсты — бақыттан басы айналған шағы деуге болатын шығар. Себебі, өлең өлкесіне жаңаша бір леппен, жаң лек келгені бірден байқалды. Осы топтың ішінде тағдырдың талай тепкісін көрген, жасымаған, кеудесінде өлеңнің мұқиты тербеліп жатқан Мұқағали Мақатаев та бар еді.
Егерде, ақын мен оның шығармашылығын сөз басында айтқан қалыпқа салып қарайтын болсақ, онда, қазақ поэзиясындағы бір ғасырдың жүгін именбей арқалаған ақын, сұңғыла суреткер — Мұқағали Мақатаев екені даусыз. Ол бүкіл қазақ халқының дүниетанымын, шешендігін, адамен қарым-қатынасын, табиғатпен байланысын, ешкімге ұқсамайтын ерекшелігін, бабалар мұрасын тұла бойына сіңіріп, жаңа әлемдік деңгейдегі арнаға салып берді. Мұқағали — басқалар сияқты космополит болғысы келмеді, ұлттық ақын болғысы келді. Нобель сыйлығын алғандардың ішінде бірде-бір космополит ақын не жазушы жоқ. Неге? Өйткені әр халық өз ерекшелігімен, жақсы-жаманды өз дүниетанымымен қабылдау, өз түсінігінің озықтығын көрсету бұл жоғарғы деңгей болып саналады. Өз ұлтының рухани мұрасын әлемдік әдеби алқаның алдына үлгі қылып алып шығу басты мақсат болып саналмақ.
Мысалы: Ирландиялық Уильям Иеитс — «Ұлттық рухты жоғары көркемдік деңгейге жеткізген шабытты поэзиясы үшін» алды. Полшалық В.Реймонт «Ерлер» романы деген ұлттық эпосы үшін» алды. Норвегиялық Сигрид Унсет «Скандинавия ортағасырларының есте қаларлық сипаттамасы үшін» алды. Айта берсең көп. Бірақ, бұған қарап Мұқағалиді «әсіре ұлтшыл» деп қаралай алмаймыз. Ол Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деген қағидасын берік ұстаған жан. Бұл сөзіне қарап Абайды да «космополит» деп санауға құқымыз жоқ. Себебі, қазақтың дүниетанымы, тәрбиесі осы. 1937 жылдан бастап қазақ жеріне Ресейдің түкпір-түкпірінен басқа ұлттарды көшіріп алып келгенде қазақ осы ұстанымына берік болды. Дініне, ұлтына, түріне қарамады, бауырындай бір нанын бөлісті. Өзге ұлттардың жетім балаларын бауырын басты. Мұны ел ішінде «қазақылық», «мұсылманшылық» деп әспеттеп жатады. Міне, Мұқағали осындай халықтың арасынан шыққан ақын.

Мұқағалидің он жасында әкесі Сүлеймен соғысқа кетті. Сезімтал баланың жүрегіне тағдырдың алғаш тырнақ батырған тұсы осы еді. Әке махаббатын енді сезініп, түрлі қауіптің, қорқыныштың «әке» деген қорғаннан аттай алмай, балаң жүрегіне жігер ұялатып, от құйып жатқан кезінде, қорғаны қопарылып түсті де ойын баласынан, ой қаузайтын балаға айналып шыға келді. Әжесінің әлсін-әлсін күрсінісі, анасының еріксіз төгіліп кететін көз жасы оны ерте есейтті. Әкенің табалдырықты аттап кеткенінен бастап ол өзінің жетім екенін өмірінің соңына дейін ұмыта алмады(Ұмыттырмайтын ең үлкен тақырыпқа сәлден соң оралармыз). Қиындық еңбекке ерте араластырды. Анасы ауыр жұмыстан шаршап-шалдығып жететін, сонда да қиналғанын білдірмейтін. Бірақ, сезімтал бала — кейуананың жанарындағы қайғы мен анасының көзінде мөлтілдеген азапты жүрегіне құя берді, құя берді. Кейін анасына жазған жырында:
Ана сен бақыттысың жыламағын,
Жәй түсіп жатқанда да құламадың.
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,
Сондықтан, жыламағын, жыламағанын.
Анасының сәл қабағы түскен кезінде — бұдан да асқан қиындықтарға төздің ғой деген жұбату жыры деп қабылдауымызға болатын шығар, бірақ, бұл — анасының сол уақыттардағы тұрмыстық бейнет пен рухани азаптың бәрін көтеріп, жеңіп шыққанына орнатқан ескерткіші еді. Осы шумақтың екінші жолына назар аударсаңыздар ақын анасы көрген қиындықтарға «жәй» сөзін қолданады. «Жәй» деген найзағайдың оты ғой. Ойламаған жерден, асқан жылдамдықпен түсіп, түскен жерін отқа орап кетпей ме. Және, жәй отының бір емес бірнеше рет түскеніне сілтеме жасауда. Анасының жүрегіне түскен отты қасіреттердің бәрін ол— анық сезініп, көріп есейді.
Осы өлеңде:
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,— дейді.
Бала жүрек анасының көз жасын қағып алып, сақтап қоятын құтыға айналып кеткен. Кейін осы қайғының бәрі толып, қағаз бетіне төгіліп түседі. Тіпті, анасының қажыры мен қайратына таң қалып, есімін аспанға жазды. Сол кездегі қайсар аналардың бейнесін жасап берді. Сол, жәй отының кішкентай шоғы өзінің жүрегіне ұшып түскенін, кейін үлекен жалынға айналатынын білген жоқ.
Сол уақтағы халықтың ауыр тағдыры оның ойын есейген кезінде де сан-саққа жүгіртті. Одан бөлек, жүрегін тыныш таптырмаған екі қызының қаза болуы мен айналасының, тіпті қоғамның салқындығы, оған қосылған ұлттың қасіреті аяусыз азапқа салды. Жасы отыз бестен асқанда да өзінің жетімдігі алдынан қылтиып шыға беретін. Осы ойлармен арпалысам деп өзін-өзі қинап жібергені де рас. Өз өмірінің қайғысын тағдырдың жазуы деп еңсергенімен, ұлтының жетімдігі, көрген қасіреті оның жан-дүниесін мылжалап жіберуге дейін барды. Дүниетанымы көкке тиген ақын — ұлтының алдында бір парызын, анықтасақ қасиетті парызын орындай алмай жүргендей сезінгендей болу керек. Шығармашылығының тең жартысын ел мен жер тақырыбына арнап жібереді. Халқына деген әр өлеңінде өзінің махаббатын барынша шынайы жеткізсе де, бұл да оны іштей жеген бір азаптан құтқара алмады. Нені айту керек екенін білді, осы кезеңді өзі былай дейді:
Өмірдің қысы, жазы, көктемдері,
Қысылтаяң шақтары, өткелдері,
Адамның аққан қаны, төккен тері,
Мұратқа жетпегені, жеткендері ¬—
Жанымды жеп жүр менің көптен бері.
Атысу, аңдысу мен таласудың,
Санасу, табысу мен жарасудың,
Мінезін мынау адам баласының
Білсем деп құпиясын аласұрдым,
Алдында алуан-алуан мінездердің,
Амалсыздан келеді мың өзгергің.
Әркім өзін балайды данышпанға,
Бір-бір құдай санайды бір өздерін.
Білмейді екем...
Қолымнан келмейді екен,
Жоқты аңсап, жоқ сусынға шөлдейді екем.
Қой енді, тыйылайын, бұғынайын,
Ойымды орасанға бөлмей бөтен.
Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай,
Махамбеттер, Абайлар-ай!!!
Мойнына артып алған ақындық мұраттың тым ауыр екенін бұл өлеңмен мойындағанымен, мойып қалды деуге болмайды. Дегенмен, өлең қандай сырларды суыртпақтап жеткізгісі келгенін оқырман ұқса да, Мұқағалиді бұл қанағаттандырмады. Оның айтқысы келетін ақиқаты бұданда күрделі болатын. Оған өзі де кезекті жырында сілтеме жасайды.
Көрер едің,
Шаламын ба, отпын ба,
Білер едің
Ақынмын ба, жоқпын ба?..
Кектендірген хан Жәңгір де жоқ мұнда,
Кектенетін Махамбет те жоқ мұнда.
Түсінер ең
Езбін бе, әлде ермін бе,
Байқар едің,
Артықпын ба, кеммін бе?..
Мен Спартак бола алмадым, не шара,
Сенің өзін Цезарь болып көрдің бе?
Сырым да – осы,
Жырым да – осы
Алдыңда.
Байқашы бір:
Бықсыдым ба, жандым ба?
Мақаңдар жоқ,
Мақаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Бұл өлеңді қысқаша ғана талдап өтейік. Ақын үш адамның есімін айтып отыр.Үшеуінің қандай адамдар болғаны тарихтан белгілі. Біріншісі — Махамбет. Әділетсіздікке, теңсіздікке, басқыншылыққа қарсы күрескен батыр. Екіншісі — Спартак, құлдар көтерілісінің басшысы. Үшіншісі — Мағжан Жұмабаев. Әдейі «Мақаңдар» деп көпше түрде беріп отыр. Үшеуі де құлдыққа, бодандыққа, теңсіздікке қарсы шығып қаза болған адамдар. Әлі де өз ұлтының осындай адамдаға мұқтаж екенін түсіндіргісі келгендей. Егер осы өлеңді оқып берсе кез-келген шетелдік оқырман бодандағы халықтың жан айқайы екенін бірден түсінеді . Өйткені бұл жерде ап-айқын — Махамбет жоқ, бірақ, біз бармыз, Спартак сияқты бодандықтан құтылуға әрекет жасамадық, Цезар болуға тырыспадық, атылып кетсе де ұлтын сатпаған Мағжандар жоқ, неге біз солай бола алмаймыз, сарқыты емеспіз бе — деген ұлттық азаттықты аңсаған, үлкен арман жатыр.

Жетім көл Жетім көл

Мұқағалидың жүрегіне қию салып, азаптаған осы ұлтың жетімдігі еді. Әкесі қайтқанда өзі қалай жетімдік көрді, бір ұлттың әкесіндей болған Әлихан, Ахметтерді атып, елі сондай жетімнің күйін кешіріп отырғанын анық сезінді. Басқыншы елдің онсызда аз ұлтты аштықпен қырып, көш бастар оғландарынан айырып, қалғанын ту-талақай бостырып жібергені кеудесіне шемен болып жабысып кетпей қойды. Ана тілінің шылғау құрлы қадірі жоқ, аздаған топтың кеудесінде бозторғайдай шырылдап бара жатқанын байқады. Осы себепті, оны ойлар мүжіп, қазақ халқының алдында жан азабын тартты. Елін аяды. Жұбатып басынан сипағысы келді. Өмірінің соңына қарай өзінің ең биік суреткерлігін көрсеткен, шығармашылығындағы ең озық туындысы «Аққулар ұйқтағанда» поэмасын жазып шықты. Бұл поэма Мұқағалиді әлемнің ең мықты ақындарымен қатар тұратын дәрежеге көтерді. Поэма — өзінің балалық шағынан көрген қиындықтары, соғыс жылдарындағы ұрпақ үшін қайрат көрсеткен аналардың ерлігі, қасит пен тыйым, өсиетке құрылған ұлттың дүниетанымы, өз өмірі мен екшегендегі тағдыр алдындағы адамның шарасыздығы, қазақтың дүние күйіп кетсе де ұлттық қастерлі ұғымдарға қарсы шықпайтындығы, ұлт үшін киелі болып саналатын ұғымдар үшін әрекетсіздігі, күреспеуі, қазақ халқының жетімдік күйі, құрдымға батып бара жатқан дәстүр-салты, елінің ертедегі мамыражай бақытты ғұмыры, ашаршылық кезеңі, елдің негізгі егелерінің аяусыз өлтірілуі осының бәрін толықтай қамтыған шығарма болды. Бір сөзбен XX ғасырдағы қазақ халқының портреті десек қателеспейміз. Бұл өзінің шағын көлемімен, сошалықты күрделілігімен қазақ поэзиясының жүз жылдықта жазылған ең озық туындысы десем де асыра айтқандық емес!
Ендеше поэманы талдайық.
«Ақулар ұйқтағанда» поэмасының сюжеті ежелгі түркілік дәуірдегі аңыздың желісіне құралған. Мұқағали оның өзіне қажетті тұсын алып, қалғанын кесіп тастайды да мүлде бөлек түрлендіріп, кейіпкелерді және оқиғаның өтетін орнын өзі таңдайды. Яғни өзінің айтпақ болған идеясына икемдеп, құбылтып жібереді. Оқиғаның ең негізгі қазығы көлдің атауы мен оның орналасқан жері. Өзі көріп өскен таудың басындағы жетім көлдер мен аңыздағы аққудың Мұқағалидың ойына қабысып келе қалуы үлкен олжа болғаны рас және соған өзінің көптен еңсесін көтерпей жүрген кесек-кесек ойларын салып жіберу шеберлік еді.
Таудың басындағы Жетім көлді таңдауының өзі бұл үлкен трагедиялық мағынада. Өзінің және соғыстан кейінгі миллиондаған балалардың, ұлдарынан айырылған қарттардың, басшыларынан айырылған өз ұлтының, қоғамдағы ешкімге сөзі өтпей күй кешкен өзінің жетімдігі. Бұны ол жиынтық ұғым ретінде пайдаланды.
«Тасқа тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мына көл тау басына?»
Шынында, қалай таң қалмайсың. Неге жоқ болып кетпеген, толассыз ағып жатқан бұлақ қалайша сарқып тастамады. Өзінен мәңгілік сапарға аттанып жатқан, енді бұл көлге қайтып соқпайтын етекке құлаған бұлақты көресің де, қазір-ақ таусылады-ау деп шамалайсың. Қорқасың, алдын жауып тоқтатуға шамаң келмейді.Түгесіліп қалмаса деп үміт етесің. Бірақ, Жаратушының бұған да жазған бір несібесі бар екенін аңғарғандай боласың.Өзінен мәңгілікке қоштасып кетіп жатқан бір бөлігінің соңынан, оған үстеме тау қойнынан арнасын толтыруға тағы да соншасы келіп қосылып жатыр. Көмейіне құм толып, биіктен құлаған тастар табанын қақтап, алабын қуратып тастағысы келгенімен келесі жерінен тағы бір бұлақ атып шығып, өмірін осыған дейін жалғастырып келеді. Бірден ойланасың, шынында талай таухметті көрген, алапат қасіреттерді басынан өткерген мына халық қалайша тірі қалды екен. Қанында — оңайлықпен сарқылмайтын биік бір руқтың тамшысы мөлдіреп әлі тұр екен-ау деп, таңырқап тарихқа үңілесің.
Қызғыштары қиқулап, қорғағанда,
Сорлағанға ұқсайды, сорлағанға,
Шүрегейлер айдынын қорлағанда,
Көкқұтандар қанатын қомдағанда...
Беу, дүние-ай, аққулар оралғанда,
Айдын көлдің иесі жол алғанда.
Жетісіп бір «Жетім көл» қалушы еді-ау,
Тынушы еді-ау, теңселген қара орман да.
Ел мен жері үшін алысып, басын оққа байлаған арыстардың тағдыры жүрегіңді солқ еткізбей қоймайды. Шүрегейлердің момын елді аяусыз қорлап, халық ретінде жойып жібере жаздады. Осы елдің қорғанына айналар солардай алыптар шықса ғой... Егер де, алыптар атылмай, сол момын елдің иелері «жол алғанда» қалай болар еді... Ақын осыны қиялдайды. Бұл жердегі «қара орман» қазақ ұғымында «халық» деген мағынада қолданылады. «Теңселген» деген сөздің астарында да орманның күллі орман тамырымен қопарылып қала ма деген қауіптің бар екенін де аңғаруымыз керек.
«Ей, қызғыш құс, қызғыш құс!
Көл қорыған сен едің,
ел қорыған мен едім». (Махамбет)
Желдің қай жақтан соғып тұрғанын байқап отырған шығарсыздар.
Бала жатыр төсекте, албыраған,
Әке жатыр еденде, қалжыраған.
Түн күзетіп ана отыр, қос жанары
Шарасыздан шаршаған, жаудыраған.
Кез-келген ата-ана үшін баласынан айырылу қандай ауыр екені айтпаса да түсінікті ғой. Мұқағали бұл қайғының қаншалықты ашты екенін өз жан-жүрегімен сезінген адам. Қызы Майгүлдің қазасына өзін кінәлі сезінгендей де болуы мүмкін. Дегенмен, ақынды бір уақыттарда осы қайғы терең тұңғиыққа тартып әкеткені де рас. Өз басынан өткен ауыр соққы әсерін тигізген болу керек, кейіпкер таңдағанда оның образын шығаруда шынайы шеберлік танытқан.
Нобель сыйлығының иегері Томас Элиот өзінің «Поэзиядағы драмма» атты мақаласында: Ақынның үш дауысы болады. Бірінші — өзіне арналған дауысы. Яғни, өзімен-өзі сөйлесуі. Екінші — өзгеге бағытталған дауысы. Халыққа немес жеке тұлғаға қарата айтылған сөзі. Үшінші — кейіпкерінің дауысы. Кейіпкерінің образы, оның сөзі. Бұл дауыстарда ұқсастық болмауы керек. Әркімді өз даусымен сөйлеткен ақын— нағыз шебер суреткер! — деп жазады. Біз осы поэмадан Мұқағалидың үш дауысты да аса ұқыптылықпен алып шыққанын байқаймыз.
-Тұрсаңшы,таяу қалды таң атуға,
Неткен жансың санасыз жаратылған?!
Манағы тәуіп шалдың айтқан сөзі,
Ұмытылып кетті ме санатыңнан?
...Айналайын аққудың қанатынан,
Қайтеміз, ол да адамға бола туған.
«Жетім көлге» барып қайт таң жамылып,
Таң атқанша қалайда тауға ілік.
Біреулердің көзіне түсіп қалып,
Дүрліктірме жұртыңды, салма бүлік!
Кім білсін, мүмкін, бәрі жалған үміт...
-Апыр-ай, қалай барам, қалай барам?!
Атармын аққу құсты қалай ғана?!
Айдынның аққулары ұйықтағанда,
Өрген мал, өскен шырша абайлаған,
Барлығы қасиетке қарайлаған
Оқ атам қасиетке қалай ғана?..
Бармаймын, бара алмаймын, қалай барам?!
Адуынды жан екен алған жары:
- Жалғыз ұлдан артық па, жалған бәрі!
Балам өлсе, бақыттың керегі не?!
Топан су басып кетсін қалғандарын.
Перзент сұрап несіне армандадың?!
Құрысын онсыз сенің жанған бағың!
Мылтықты әкел!
Атты ертте!
Жалған бәрі!
Мұқағали таңқалдырмай қоймайды. Қиындық туғандағы әйел психологиясы, әйел логикасы қалай ашылған. Аққуды киелі деп түсінеді, бірақ балам үшін киеліні де қиратам деп тұр. Қиратқан киесі оған көмектеседі деп үміттенеді. Жаны қысылған адамның көп ойланып жатуға мұршасы жоқ, сол тығырықтан шығарып қалар деген ең ақылсыз іске де бара беретіндігі. Бірақ, өзі сенбейді, сенгісі келеді. Ал, ер адамдікі басқаша. Ода сақтық бар. Тәуіп шалдың айтқанын қортып, ойланып, одан түк шықпайды деп шешіп қойған. Егер, жүздеген қарулы жауынгер қоршап тұрған қоймада дәрі бар десе — еркек баратын еді. Алайда, өзі бабаларынан мұраға алып, өзі насихаттап жүрген құндылығына қалай қарсы шықпақ. Бұл жердегі ер адамның логикасы осы.
Тәуіп — алдамшы. Мұқағали балшылыққа, тәуіпшілікке сенбеген. Тәуіп те осы ұлттың адамы. Ол осы ұлттың киелі деген ұғымына оқ атуға үндейді. Мұның артында үлкен сатқындық тұр. Мағжандай арыстардың атылып кетуінің астары жатыр.
Бұл өте күрделі шиеленіскен шығарма. Мұқағали баласы үшін аққуды атуға әйел адамды таңдауының өзі бекер емес. Ол соғыс жылдарындағы ұрпағы үшін, жалпы халық үшін аянбай қиындықтарды еңсерген өзінің аналарының ерен ерлігінің суреті. Қазақ әйелдерінің қайсарлығын көрсеткісі келді.
Аққу — бұл да жиынтық образ. Қазақ үшін не киелі, не құнды, ұлтты ұстап тұрған қастерлі темір қазығы — тіл, діл, дін, салт-дәстүр, бабалар мұрасы, ұлттың тарихы және елдің ертеңін ойлаған, соған жаны ауырған асыл ұлдары осының бәрі «аққу» деген ұғымның ішінде.
Бала— артта қалған із. Ұлтың ізі. Мұрагері. Мұқағалидың айтқысы келгені осы. Ұлттың құндылықтары жойылса, ұлт та жойылады... Ақынның кеудесін көтертпей, еңсесін езген ең ауыр қайғысы осы еді. Елдің еркіндігі еді. Ұлтының азаттығы үшін күрескен — Пабло Неруда туралы поэма жазып тастауының астарында да тәуелсіздік деген қастерлі ұғымның жатқанын аңғаруға болады. Өйткені сондай ұлтын сүйетін, ой-санасы аспанға кетіп қалған адамның бұлай армандамауының өзі түсініксіз болар еді. Ақын «мен жиырма бірінші ғасырдың құрдасымын» дегенде де кеудесінде үлкен үміттің сөнбегенін айта кету керек. Ол кейде қазақ тілі жойылып кетеді деп ойлаған да шығар. Бірақ, түрлі ойлардан езіліп кете жаздаған жүрегін жылт еткен үміттің сәулесіне жылындырып бақты. Ары қарай түйінін Мұқағалидың өзі айтсын.
...Сол кеткеннен мол кеттім, оралмадым,
Жерді аңсаймын...
Жалғыз-ақ сол - арманым.
Қиын екен, қимасың екі бірдей,
Көз алдыңда ғайып боп жоғалғаны...
Көрдің бе бір-біріне дөп келуін,
Бір қырсық бір қырсықпен шектелуін?
Балам-ай, мынау өмір-дарияның,
Білмейсің қайда екенін өткелінің.
Аққулар...
Аңыз көп қой олар жайлы,
Көзіңмен көргеніңдей бола алмайды...
Тек қана тыныштықта ұйықтайды олар,
Шошыса, екінші рет оралмайды.
Орнында екен «Жетім көл», жоғалмапты
Ортаймапты, немесе тола алмапты.
Жағалауын жауыпты жасыл жалбыз,
Қасиетті аққулар оралмапты.

Жетім көл. Айбек Ережеп Жетім көл. Айбек Ережеп

Айбек Ережеп

 

Байланысты жаналықтар

Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

12.09.2024

Ел мен Отан туралы өлеңдер

25.08.2024

Қазақтар ағылшын тілін өзбек, қырғыздардан нашар біледі

24.01.2023

Мұқағали минуттары

07.10.2021

Қасиетті һәм қасіретті Қаракөл балығы неге құрттап кетті?

22.08.2021

Қазақтан неге Буффондар шықпайды?

07.05.2021
MalimBlocks
Оқырманы көп ақын – Мұқағали Мақатаев

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұқаметқали) Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Нарынқол ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Алматыда, 45 жасында қайтыс болды. Ол қара өлеңге жаңа леп, қанат бітірді. Өз сөзімен айтқанда, «Күпі киген қазақтың қара өлеңінің үстіне шекпен жапты».

Ел мен Отан туралы өлеңдер

Отан – оттан да ыстық. Отан туралы, туған жер туралы жырларды тебінбей оқу мүмкін емес. Жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу үшін ақындардың ойлы жырларын оқытудың маңызы зор.

Қазақтар ағылшын тілін өзбек, қырғыздардан нашар біледі

Әлем бойынша ағылшын тілін меңгеруге қатысты зерттеу жарияланды.

Мұқағали минуттары

Қасиетті һәм қасіретті Қаракөл балығы неге құрттап кетті?

Бала кезде туған жердің өзен-көлін аралап жүріп балық ұстаймыз. Үлкендерден балық жайын сұрасақ «Қаракөлдің балығын жеуге болмайды, ішінде құрт бар» дейтін.

Қазақтан неге Буффондар шықпайды?

Қақпашы Джанлуиджи Буффон Италия футбол  жұлдыздарының бірі ғана.  Италияда Буффондай таланттар неге көп? Қайдан шығып жатыр? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.