Доспамбет жырау өз ұлын неге өлтірді?..
Доспамбет жырау өз ұлын неге өлтірді?...
Қазақ пен Ноғай жыраулық поэзиясын қалыптастырушы тұлғалардың бірі, ер жүрек қолбасшы, дипломат, жырау - Доспамбет Азаулы. Доспамбеттің өмір сүрген уақыты туралы ғалымдардың арасында келіспеушіліктер бар. Кейбірі отыз жыл ғұмыр кешті десе, басқасы қырық жыл ғұмыр кешіргеніне дәлел айтады. Бір анығы көбісі XV ғасырдың аяқ шені мен XVI ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрді дегенге тоқтайды.
Доспамбет - Азаулы (Азов) қаласында дүниеге келіп, Астрахан маңында дүниеден өткен. Ол Азау қаласының «Аға» дәрежесіне көтерілген. «Аға» шені «бек», «би» деген дәрежелермен қатарлас болса керек. Ежелгі Түркілік дәстүрде «аға» сөзі тек жасы үлкен адамға ғана қатысты айтылмаса керек. Ол - жол бастайтын, сөз бастайтын, қол бастайтын, жөн білетін, әрі шешен, әрі би адамға айтылса керек. Қазақта бұл сөз жасы үлкен адамды ғана атайтын дәрежеге түскенімен, бұрынырақта Түркілердің ықпалы жүрген Мысыр, Ауған жұртшылығында жасына қарамай халыққа сыйлы адамды «аға» деу дәстүрі әлі күнге сақталған.
Доспамбеттің ғұмыр кешкен уақыттарында Азаулы қаласы – бұрынғыдай батыс пен шығыстың ортасындағы сауда орталығына айналған, гүлденген шағы болмаса да, әлі күнге өрісіне мал, өзеніне желкенді қайық сыймай тұрған көрікті мекен еді. Бір кезде Ақсақ Темір келіп астаң-кестеңін шығарған қаланың Осман түріктері келіп бетін бері қаратады. Небір салтанатты сарайлар, мұнаралы мешіт, медіресе, керуен сарайлары бой көтереді. Доспамбет – Азаулының осы көрінісін:
Айнала бұлақ, басы –Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?!- деп алақандай қаласын, алып империяның астанасына шендестіреді. Бірінші жолдан Азаулы қаласының айнала табиғатынан, географиялық орнынан хабар алсақ, екінші жолдан архитектуралық бағытта қала дәрежесіндегі көркін аңғарамыз. Осы екі жолдың өзінен Доспамбеттің Стамбұл қаласында болғанын байқаймыз.
Бұл жердегі «Тең» сөзі өзеннің атауы, Дон – өзенінің бұрынғы аты.
Доспамбетті орыс тіліне аударған А. Ануфриева осы жырды аударғанда мағыналық қателікке жол берген екен.
Начинаются все реки с одинаковых ручьев,
В чем Стамбулу уступает стольный город мой Азов? «Тең» деген сөзді «одинаковых» деп тәржімалаған ғой. Бұл қате аударма. Аудармашы – өзендердің бәрі бірдей бұлақтардан бастау алады,- деп отыр. Доспамбеттің айтуынша – Азаулының айналасыда бұлақ көп, бәрі Тең өзенінен бастау алады, - деген мағынада.
Енді Доспамбеттің басынан өткен қасіретті оқиғаға кезек берейік.
Доспамбет өзі батыр, қол бастаған қолбасшы болған адам. Өзінің сөзімен айтсақ «Арғымақтың талдай мойнын талдырып» жортуылда көп жүрген. Қанша баласы болғанын нақты айту қиын. Бірақ, жырларында төрт есімді атайды. «Азау, Азау дегенің» деген жырындағы «айналасы алты жылдың ішінде, Есақай, Қосай екі ұл, Азау билеп өсерін» деген жолдарда екі ұлының есімін атайды. Бұл- басқа жырларынан ертерек шыққан жыр болса керек. Бұған біздің қосарымыз осы екі ұл егіз шығар деген ой келді. Себебі, Доспамбет екеуіне бірдей - алты жылдан соң екі ұлым Азаулыны билейді,- деп отыр. Анығын Алла біледі. Бірақ, бұл зерттеушілердің Қосайдың өліміне қатысты даудың ар-жігін ашуға көмек сеп болар еді. Ал, өмірінің соңында айтқан қоштасу жырына келсек үш баланың есімін атайды. Онда «Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы» деген жолдарға кезігеміз. Осыған орай төрт ұлдың әкесі болған деп топшыласақ қателеспейміз деп ойлаймын.
Ноғайлы халқының айтып жүрген бір аңызына сүйенсек, Доспамбет жортуылға кетіп, үйіне бес жыл оралмайды. Осы кезде Азаулыға түріктер шабуыл жасап жатыр деген хабар алады. Бұл кезде Түріктердің Азау қаласына әлсін-әлсін шабуылдап, қаланы басып алудың амалын таппай тұрған кез болса керек. Хабар жетісімен Азаулыға қайтады. Түнде қалаға жақындаған кезде алдынан шағын жасақ шыға келеді. Олар мұны түрік жансызы деп, бұл оларды түрік басқыншысы деп шайқаса кетеді. Тәжірибелі Доспамбет бір-екеуін жаралап, қалғандары қаша жөнеледі. Тек, біреуі шегінбей соңына дейін шайқасуға бел буады. Оны да Доспамбет көп қиналмай қылышпен шауып, аттан түсіреді. Әлгі адамның өлі, тірісін тексеріп жүзіне үңілгенде, өлтіргені жау емес, өз баласы Қосай болып шығыпты дейді.
Енді екінші бір оқиғада былай айтылады.
Азаулының азаттығы үшін алысып, түріктермен ортасына араздық түсіп, Доспамбеттің беліне ала балта іліп жүрген шағы болатын. Алты жылдан соң Азаулының билеушісі болады деп армандаған Қосай деген ұлы - осы уақытта түріктің бір қызына ғашық болып, Азаулыдан қызбен бірге қашып, түріктерге сатылып кетеді. Бір жорықтан қайтып келе жатқан Доспамбеттің қолы, түрік жасағына кезігіп қиян-кескі шайқас басталады. Шайқаста жеңіске жеткен Доспамбет жырау өлген сарбаздарды аралап келе жатып өзінің жебесі кеудесіне қадалып жатқан жас баланы көреді. Анықтап қарап өзінің ұлы Қосай екенің таныған екен дейді. Оқиға қалай баяндалса да, Доспамбет жырау өз ұлын байқаусызда өзі өлтіріп қойған.
Қосайдың өлімі Доспамбет жырау жүрегіне қандай сызат түсіргені айтпаса да белгілі. Бұл оның шығармашылығына қатты әсер еткен оқиға болады. «Менің Қосайым» деген жыр шығарады.
Әдебиеттанушы Ақжігіт Әлібекұлының Ақиқат журналына шыққан «Доспамбет Азаулы» деген көлемді мақаласында «Менің Қосайым» атты жырдың ноғай тіліндегі нұсқасын қолға түсіре алмағандықтан, бұл оқиғалардың рас-өтірігі туралы ештеңе айта алмаймыз дейді. Дегенмен бұл жырдың ноғай тіліндегі нұсқасы бар. Қазақша аударып ноғай тіліндегі нұсқасымен қатар салып отырмын.
Менің Қосайым
Он сегіз толмай сен өрледің,
Ай түгіл, күн сайын түрлендің.
Май гүлі секілді бүрледің.
Қыпшақтың көркі едің, Қосайым!
Доспанбет атаңның саған деп,
Шыжымды арқанмен жетектеп,
Құлыннан өсіріп мәпелеп,
Арғымақ міндіртті, Қосайым!
Кекілінді өсіріп сәнді етіп,
Жолыққан қыз саған ой бөліп,
Сәлем мен құрметтеп қош көріп,
Қарардай әрлі едің, Қосайым!
Атаңыз дау етіп Түрікпен,
Жанарда сұсынан үріккен,
Дұшпанын ол жеңген білікпен,
Жетпедің ол хәлге, Қосайым!
Жараңнан сырғыған қызыл қан,
Ерліктің нышаны, өрлікпен...
Көз жаспен төгілген қайғылы ән,
Күйдірді анаңды, Қосайым!
Мен сені әрдайым іздермін,
Шыдармын, сынаққа төзермін,
Дұшпанға кәрімді төгермін,
Қабірің кең болсын, Қосайым!
Қосайым ерлікпен жан берді,
Халқының атағы өрледі,
Намысын дұшпанга бермеді,
Түркінің күспені, Қосайым.
Қаныңның әр тамшы санына,
Ноғайлы халқыңның қамына,
Атаң мен Есейің өш алар,
Дұшпанның кеудесі тапталар.
КОСАЙЫМ
Он сегиз толмай. сен оьрлендинъ.
Ай тувыл куьн сайын туьрлендинъ.
Май гуьлли, саьвлели буьрлендинъ.
Кыпшактынъ коьрки эдинъ, Косайым.
Досмамбет атайын сага деп,
Шыжымлы аркан ман етеклеп,
Кулынлай оьстирип сак этлеп,
Аргымак миндирди иерлеп.
Кекелинъ Айдар манн тенъелип.
Йолыккан каз сага эгленип,
Саламы оьрмет пен сес берип,
Карардай аьлли эдинъ, Косайым.
Атанъыз дав этип туьрклер мен,
Вайранлы сусы бар кеплер мен.
Душпанын ол енъген эплер мен.
Етпединъ сол аьлге, Косайым.
Яранънан шыбырган кызыл кан,
Эренлик нышаны, оьрлик дан ...
Коьз яс пан толгаган сесли анъ.
Куьйдирди ананъды, Косайым.
Сени мен дайым да излермен
Шыдарман, яныкка тоьзермен,
Душпаннан кайгыды коьзлермен,
Камырынъ кенъ болсын, Косайым.
Косайым эрлик пен ян берди.
Халкынынъ атагын оьрледи.
Яйлагын душпанга бермеди,
Туьрклердинъ куьспени, Косайым,
Канынънынъ аьр тамшы санына,
Ногай эл-халкынъ данына,
Атанъ ман Эсейинъ оьш алар,
Душпанлар кевдеси тавланлар! (ноғайша нұсқасы nogaici.ru сайтынан алынды)
Орыстың талантты жазушысы Николай Гоголь дала аңыздарын алдырып оқиды. Солардың ішінде Доспамбет жыраудың жырлары мен осы оқиғасы да болса керек. Содан кейін Тарас Бульбаны жазып шығады. Гогольдің жазған Тарас Бульбасы осы Доспамбет жырау прототипі. Бұны орыс зерттеушілері мен ноғай ғалымдары әлдеқашаннан айтып келеді. Осдан кейін Доспамбет жырау көп өмір сүрмесе керек, бір шайқастан қайтып келе жатып қамшысын жоғалтып алғанын байқайды. Артынша қамшымды алып келем деп, жолдастарының тоқтатпақ болғанына да қарамай шайқас даласына жалғыз барып мерт болады.
Айбек Ережеп