Қазақстанға келмек Қырғызстан президенті Ресейде жүр

Malim Админ

  • 25.02.2021

Әуелде сыртқы сапарын Қазақстаннан бастайды деп хабарланған Қырғызстан президенті Садыр Жапаров екі күннен бері Мәскеуде жүр. Ресми сипатқа ие емес бұл сапарда ресми тұлғалармен кездесу өтіп жатыр. Бірақ ешқандай құжатқа қол қойылмайды.

24 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Ресейге сапары басталды. Жұмыс сапарының алғашқы күнінде ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұған қоса Жапаровтың Ресей премьер-министрімен және парламент басшыларымен кездесуі жоспарланған.

ПУТИН ЕКІ РЕТ ТІЛ МӘСЕЛЕСІН ЕСКЕ САЛДЫ

Қырғызстан басшысы Ресей президентімен кездесуде өзінің шетел сапарын Мәскеуден бастағанына маңыз берген. Бұл сапарда ешқандай құжатқа қол қойылмаса да, Жапаров бұрынғы келісімдердің күшінде қалатындығын айтқан.

Оның айтуынша, қырғыз тарапы Еуразия экономикалық одағы, ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және ШЫҰ аясында Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыра береді. Бұл мәселе Қырғызстан сыртқы саясатында басымдыққа ие. Ол Ресей президентін Қырғызстанға ресми сапармен келіп кетуге шақырды.

Владимир Путин де Қырғызстанда қабылданбақ жаңа конституцияға меңзеп, орыс тілінің ресми тіл мәртебесіне ерекше мән берген. Ол өз сөзінде «Сіз орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтап қалдыңыз. Бұл біз үшін өте маңызды» деген. Путин қысқа кездесуде тіл мәселесінің маңызды екенін екі рет қайталап айтқан. Ол Ресейдің пандемия кезінде Қырғызстанға көмектескенін атап көрсеткен.

Қырғызстан президенті сапарының алғашқы күнінде Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездескен. Ол Мәскеуде Ресейде тұратын қырғыз диаспорасы өкілдері және Қырғызстан студенттерімен де жүздесті.

Мәскеуге барар алдында Садыр Жапаров Ресейдің «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында сапарда Ресейден инвестиция тарту мәселесін талқыланатынын айтқан. Бұған қоса сапар алдында Бішкекте шығатын ресми басылым «Слово Кыргызстана» газетінде Жапаровтың «Одақтастық торабы» деп аталатын мақаласы жарық көрген.

Ресей президенті бұдан алдын Қырғызстанда өткен жылғы қазан айында сәтсіздікке ұрынған парламент сайлауы мен одан кейінгі өзгерістерді «қырғыз халқының соры» деп атаған. Парламент сайлауы нәтижесіне наразылық кезінде Садыр Жапаров түрмеден босап шығып, президент Сооранбай Жээнбековті мерзімінен бұрын биліктен тайдырған. Содан бері Мәскеуге қырғыз сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев та сапарлап қайтқан. Ол ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесіп, қаржылай көмекке мүдделілік танытқан.

АҚОРДА МЕН АҚ ҮЙДІҢ ТЕЛЕФОНМЕН ТОҚТАМҒА КЕЛУІ

Қырғызстанда 10 қаңтардағы кезектен тыс президент сайлауында Садыр Жапаровтың 79 пайыз дауыс жинағаны хабарланған. Алайда бұл сайлауға дауыс берушілердің 39 пайыздан астамы ғана қатысқан. Дауыс санау толық аяқталмай жатып Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты телефон арқылы бірінші болып құттықтаған. Осы сөйлесуден соң Садыр Жапаров президент ретіндегі өзінің алғашқы сапарын Қазақстаннан бастайтындығын мәлімдеген.

Алайда қаңтар айының соңында Садыр Жапаровтың Ресейге сапарлайтыны туралы хабарланды. Сол кезде Мәскеу сапарының сипаты туралы айтылмаған.

Қазір анықталғаны – Садыр Жапаров президент ретіндегі өзінің алғашқы шетел сапарын Қазақстаннан емес, Ресейден бастап отыр. Алайда бұл ресми емес, тек жұмыс сапары.

Ал Садыр Жапаровтың инаугурациясынан кейін Қазақстан президенті мен Қырғызстан басшысы екінші рет телефон арқылы тағы да сөйлескен. Онда Қазақстанға ресми сапардың барысы талқыланғаны айтылды.

МӘСКЕУДЕН БАСТАЛЫП, МӘСКЕУДЕН АЯҚТАЛАТЫН САПАР

Президент Жапаровтың Мәскеуге барар алдында ресейлік ақпарат құралына сұхбат беріп, жергілікті басылымда арнайы мақала жариялауы оның Ресеймен қатынасқа баса мән беріп отырғанын көрсетеді. Алайда бұл сапардың Мәскеу тарапынан ресми сипатқа ие болмауы екі жақтың бір-біріне ықылас деңгейін де байқатады.

Әдетте, Қырғызстан президенттерінің алғашқы және соңғы сапарының Мәскеуге бағытталуы бұл күні жаңалық болудан қалған. Экс-президент мәртебесінен айрылып, ұсталып, қамалар алдында Алмазбек Атамбаев та Ресейге барып қайтқан. Былтырғы қазан айындағы билік алмасуға себеп болған парламент сайлауы қарсаңында Сооранбай Жээнбеков те Мәскеуге барған және бұл оның президент ретіндегі соңғы шетел сапары болды.

2005 жылғы халық наразылығынан туындаған «қызғалдақ революциясы» кезінде Қырғызстаннан қуылған бұрынғы президент Асқар Ақаев қазір Мәскеуде тұрады.

Жиен ШОРА

Байланысты жаналықтар

Қырғыз депутаттарына қызметтік көлік берілмейді

19.11.2024

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанаға келді

08.08.2024

Биліктен «крыша» іздеген Қырғызстан президентінің болашақ күйеу баласы қамалды

10.07.2024

Астанаға Садыр Жапаров келді

03.07.2024

Не үшін? Қырғызстан президенті кешірім сұрады

26.06.2024

Садыр Жапаров Қазақстанға келе жатыр

09.04.2024
MalimBlocks
Қырғыз депутаттарына қызметтік көлік берілмейді

Депутаттарды қызметтік көлікпен қамтуды көздейтін заң жобасы президенттің қарсылығымен Жогорку кенешке қайтарылды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанаға келді

Оны әуежайдан премьер-министр Олжас Бектенов қарсы алды

Биліктен «крыша» іздеген Қырғызстан президентінің болашақ күйеу баласы қамалды

Жас жігіт есірткі саудасымен айналысқан деген күдікке ілінді.

Астанаға Садыр Жапаров келді

ШЫҰ саммиті аясында Орталық Азия бойынша, оның ішінде энергетика, қауіпсіздік және басқа да салалардағы әлемдік ынтымақтастық мәселелері қозғалады.

Не үшін? Қырғызстан президенті кешірім сұрады

ТЖМ-ға сатып алған жаңа тікұшақтар өздерінің құнын ақтасын деп коммерциялық мақсатта қолдануға рұқсат берілгенін атап өтті.

Садыр Жапаров Қазақстанға келе жатыр

Ресми сапар 18-19 сәуірге жоспарланғаны белгілі болды.