Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

АҚШ Тайваньға ең ірі қару-жарақ пакетін жеткізуді жоспарлап отыр

Әлем
АҚШ Тайваньға ең ірі қару-жарақ пакетін жеткізуді жоспарлап отыр
Фото: Kyodo/picture alliance

Тайбэй билігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Тайваньға жалпы құны 11,1 млрд доллар болатын қару-жарақ пакетін сатуды мақұлдады, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.

Тайвань үкіметі хабарлағандай, бұл пакетке HIMARS реактивті от жүйелері, Javelin танкіге қарсы зымырандары, Altius ұшқышсыз аппараттары, гаубицалар және өзге де жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектер кіреді.

Тайбэйде бұл Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы бергі екінші қару жеткізілімі екені атап өтілді. Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, бұл Вашингтонның Тайвань қауіпсіздігіне берік ұстанымын көрсетеді. Сондай-ақ пакет АҚШ Конгресінде қаралу сатысында екені, оның келісімді бұғаттауы немесе өзгертуі мүмкін екені айтылды.

Reuters агенттігінің жазуынша, бұл – АҚШ-тың Тайбэйге жеткізуді жоспарлап отырған рекордтық қару-жарақ пакеті. Мәлімдеме Қытайдың Тайваньға әскери және дипломатиялық қысымды күшейтіп отырған тұсына сай келді. Пекин Тайваньды өзіне тиесілі «бүлікші провинция» деп санап, күш қолдану қаупін төндіреді. Қараша айында АҚШ Тайваньға 330 млн доллар көлемінде әскери көмек көрсетуге уәде берген еді, оған жойғыштар мен әскери-көлік ұшақтарына арналған қосалқы бөлшектер кірген.

Сонымен бірге Пекин жоспарланған қару сатуды сынға алды. МИД КНР мәлімдеуінше, бұл қадам Қытай мен АҚШ арасындағы дипломатиялық келісімдерді бұзып, ҚХР-дың егемендігіне, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына елеулі нұқсан келтіреді әрі өңірлік тұрақтылықты шайқалтады.

Шамамен 23 млн халқы бар Тайвань – ішінара мойындалған демократиялық мемлекет. Ресми Пекин оны Қытай Халық Республикасының ажырамас бөлігі санайды. Арал билігі Пекин 1980-жылдардан бері ұсынып келе жатқан «бір ел — екі жүйе» моделін қабылдамайды. Соңғы жылдары Қытай арал маңында ірі әскери жаттығуларды жиі өткізді; бірқатар сарапшылар мұны басып кірудің «дайындығы» ретінде бағалайды. Тайвань мен материктік Қытайды бөліп тұрған бұғаз арқылы өзге елдердің әскери кемелерінің өтуін Пекин арандату деп қабылдайды.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Тайваньды материкпен «қайта біріктіру» туралы бірнеше рет мәлімдеп, Пекиннің аралға егемендігін орнату мерзімі ретінде 2027 жылды атаған. Трамптың екінші президенттік мерзімі 2029 жылдың басында аяқталуы тиіс.

Вашингтон Тайваньның тәуелсіздігін мойындамайды және Тайбэймен ресми дипломатиялық қатынастар орнатпаған. Дегенмен АҚШ 1979 жылы қабылданған Тайваньмен қатынастар туралы заң аясында аралға өзін-өзі қорғау үшін қару-жарақ сатуды жалғастырып келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу