Бүгін, 23 тамызда Қазақстанда ел тарихындағы жаңа бірпалаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қызымен бірге №541 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Өз таңдауын жасаған өңір басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында бүгінгі сайлаудың ел өміріндегі маңызына тоқталды.
«Бүгін еліміз үшін шын мәнінде тарихи күн. Өздеріңіз білетіндей, наурыз айында өткен референдумда Қазақстан азаматтары жаңа Конституцияны қабылдады. Бұл – халықтың ерік-жігерімен қабылданған Конституция. Жаңа Ата Заң нормаларына сәйкес, бүгін Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Осылайша, Қазақстанда бір палаталы Парламент қалыптасады. Ақтөбе облысында сайлауды дайындау және ұйымдастыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Осы күні өңірде 525 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Тұрғындардың дауыс беруге белсенді қатысып, өз таңдауын жасау үшін сайлау учаскелеріне көптеп келіп жатқанын көріп отырмыз. Бүгін біз еліміздің одан әрі даму және жаңғыру бағытын айқындаймыз. Ақтөбеліктер алдағы уақытта да азаматтық жауапкершілік танытып, Қазақстанның дамуына өз үлесін қоса беретініне сенімдімін»,– деді Асхат Шахаров.
Дауыс бергеннен кейін облыс әкімі сайлау учаскесіне келген тұрғындармен тілдесті. Сондай-ақ учаске алдында ұйымдастырылған жәрмеңкенің жұмысымен танысып, сайлау күніне орай өткен спорттық жарыстарды тамашалады.