Астанада блогер Аида Жексенова ресейлік рэпер Тиматидің концертін бойкоттауға шақырған жазбасы үшін Экстремизмге қарсы күрес басқармасына шақырту алды, деп хабарлайды Malim.kz smartnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жексенованың айтуынша, оның «соғысты қаржыландырмаңыздар» деген тіркесі экстремизм белгілеріне тексеруге себеп болған. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
Тексеруге Қазақстанда ресейлік әртістердің концертін ұйымдастыратын продюсер Алексей Пучковтың шағымы негіз болған. Ол блогердің қыркүйектегі «Тимати концертіне бармаңыздар. Соғысты қаржыландырмаңыздар» деген жазбасын ҚК-нің 174-бабына («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздық қоздыру») сәйкес келеді деп көрсеткен. Жексенованың сөзінше, полицейлер жазбаны өшіруге «жанама түрде» кеңес берген. Бұған дейін Екатерина Бивол мен Алика Мұхамадиева істерін мысалға келтірген.
Блогер өз жазбасында жеккөрушілік те, агрессия да жоқ екенін, еш ұлт, дін, топқа тіл тигізілмегенін атап өтті. Егер іс қозғала берсе, ол «жалған шағым» бойынша қарсы арыз түсіретінін мәлімдеді. «Менің мәтінім концерт туралы болды. Артист туралы болды. Z-идеологиясына қарсылық туралы болды», – деп жазды ол және жазбаны өшірмейтінін, бұл оның принципті ұстанымы екенін айтты.
Жексенова Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны жағдайға араласуға шақырып, мұндай істердің ертең журналистер мен редакцияларға қысымға айналуы мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін e-petition порталында Тиматидің Алматы мен Астанадағы концерттерін тоқтатуды талап ететін петиция жарияланған. Онда әртістің Ресейдің Украинадағы соғысын қолдайтыны айтылған.