Астанада «Бәйтерек» монументі маңында көшеде дәрет сындырған шетел азаматтарына Қазақстанға 5 жылға дейін кіруге тыйым салынды, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде Астананың Достық көшесі бойындағы ғимараттардың бірінің жанында көшеде дәрет сындырған шетел азаматы түсірілген видео тараған.
Полиция қызметкерлері аталған құқық бұзушылардың жеке басын анықтады.
Олар 35 және 49 жастағы екі шетел азаматы болып шыққан. Алайда олардың тұлғасы анықталғанға дейін ел аумағынан шығып кеткені белгілі болды.
Соған қарамастан, полиция олардың Қазақстанға қайта кіруіне бес жыл мерзімге шектеу қойды.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, осы жағдайға байланысты Ішкі істер министрлігі Сыртқы істер министрлігіне ресми хабарлама жолдап, аталған азаматтарға қатысты тиісті шара қолдануды сұраған.
Сондай-ақ полиция барлық азаматтарды, олардың азаматтығына қарамастан, қоғамдық тәртіп пен мінез-құлық нормаларын сақтауға шақырды.