Астананың Сарайшық ауданында екі қабатты саунаға жапсарлас салынған қазандық пен шаруашылық бөлмелерінің шатыры өртенді, деп хабарлайды Malim.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қобда көшесіндегі өрт туралы хабар 112 қызметінің пультіне түнгі сағат он екіге жуық уақытта түскен.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімдерінің күштері жетті. Өртті сөндіруге 43 құтқарушы мен 9 техника бірлігі жұмылдырылды.
«Өртті сөндіру барысында ТЖМ қызметкерлері ғимараттан бір адамды құтқарып алды. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ», — деп хабарлады ведомство.
Құтқарушылар өрттің саунаның басқа бөлмелеріне таралуына жол бермегені нақтыланды. Өрт 100 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.