freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Астанада жаңа әуежай салынатын орын анықталды

Қоғам
Астанада жаңа әуежай салынатын орын анықталды
Фото: depositphotos.com

Астанада екінші әуежай салу мүмкін болатын орын белгіленді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қалалық мәслихат депутаттары елорданың бас жоспарына енгізілген өзгерістерді бекітіп, жаңа нысан үшін ең қолайлы деп саналатын басым аумақты айқындады.

Бас жоспарға енгізілген түзетулерде Астанаға болашақта екінші әуежай қажет болатыны айтылған. Себебі қалаға келетін туристер саны артуы мүмкін.

Осыған байланысты мамандар әуежайға қолжетімді, соның ішінде пойыз немесе LRT арқылы жетуге ыңғайлы және құстардың ұшуына кедергі болмайтын аумақтарды қарастырған.

Нәтижесінде ең қолайлы нұсқа ретінде елордадан солтүстік-батыс бағыттағы аумақ, Шортанды кенті бағыты, Астана – Көкшетау тас жолы бойы таңдалды.

Аталған аумақ Астана шекарасынан шамамен 48 шақырым, ал «Нұрлы жол» вокзалынан 73 шақырым қашықта орналасқан. Аэроэкспресс іске қосылған жағдайда вокзалдан әуежайға дейінгі жол шамамен 75-80 минутты құрауы мүмкін.

Жолға кететін уақыт пен күту кезеңін ескергенде, жалпы сапар уақыты орта есеппен 2-2,5 сағатқа дейін созылады.

Құжатта бұл шешімнің ұзақ мерзімді және экономикалық тұрғыдан негізделген бағалауға сүйене отырып қабылдануы керектігі атап өтілген.

«Аймақта жаңа әуежай салу туралы шешім өңірлік экономика, демография және сыртқы факторларды ескере отырып, жан-жақты талдау негізінде қабылдануы тиіс. Екінші әуежай салу мәселесі ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған. Қалалық жоспарлаудың міндеті – осы функция үшін аумақтық ресурстарды алдын ала резервтеу», – делінген құжатта.

2025 жылғы желтоқсанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордада жаңа әуежай салу мүмкіндігін жоққа шығармаған болатын. Ол кезде бас жоспарға болашақ әуе айлағын салуға арналған перспективалы учаскелер енгізілгені айтылды.

Ал 15 мамырда қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев бірнеше ықтимал аумақ қарастырылып жатқанын хабарлаған еді.

Түзетілген бас жоспарға сәйкес, ең қолайлы учаске таңдалып, ол ұзақ мерзімді аумақтық резервке енгізіледі.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу