Қызылорда облысында биыл 48,6 млрд теңгеге 43 медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл туралы өңір әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Аймақ басшысының айтуынша, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстың барлық аудандарында 10 млрд 763 млн теңгеге 28 медициналық нысан салынған. Бұл ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5,4 млрд теңгеге төрт ауданның орталық аурухана жанынан қосымша ғимараттар салынды.

Шиелі ауданында 2,3 млрд теңгеге салынған жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимараты ел игілігіне берілді. Осындай 2,2 млрд теңгелік нысан алдағы күндері Арал ауданында пайдалануға беріледі. Бұрын жеке ғимараты болмаған Қан орталығы да бүгінде жаңа заманауи нысанда халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Медициналық инфрақұрылымды одан әрі дамыту мақсатында Үкімет облыс орталығында 48,5 млрд теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық және 14,78 млрд теңгеге 500 орындық емхана салу жөнінде қаулы қабылдады. Бұл нысандардың құрылысы жақын уақытта басталады. Сонымен қатар тағы 400 орындық жаңа емхана салу жоспарланып отыр.
Халықтың сұранысын ескере отырып, соңғы екі жылда жергілікті бюджет есебінен 5,4 млрд теңгеге 225 санитарлық автокөлік пен 45 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, облыс бойынша барлық медициналық ұйымдарға табысталды.

Соңғы жылдары өңірде 24 медициналық нысан 6 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, 15 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 2022 жылғы 83,2 пайыздан 87,4 пайызға дейін артты, бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары.

Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін кадрлардың біліктілігін арттыру да басты назарда. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияда, ал биыл 41 медицина қызметкері Германия, Ресей, Литва және Беларусь елдеріндегі жетекші клиникаларда тәжірибе жинақтап қайтты.