Қазақстанда 2025 жылы жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 173 индустриялық жоба іске қосылып, 22 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл туралы Үкіметтің жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында биыл 190 жоба жүзеге асыру жоспарланған, олардың басым бөлігі пайдалануға берілген.
Іске қосылған маңызды өндірістердің қатарында KIA, Chery, Changan, Haval және Tank маркалы автокөліктерді шығару, алюминий қаптамаларын, тұрмыстық техниканы және болат құбырларды өндіру бар. Бұл жобалар отандық өнеркәсіптің әлеуетін арттырып, өңдеу секторын дамытуға елеулі үлес қосып отыр.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа өндіріс орындары ел экономикасының әртараптануына, технологиялық жаңғыруына және тұрақты жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне мүмкіндік береді.