Азия чемпионатының бесінші жарыс күнінде еркін күрестен сынға түскен ҚР ұлттық құрамасының екі балуаны жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Олардың бірі 97 келіде Бекзат Үркімбай есе жіберген жапон балуаны финалға жолдама алды. Ол маңызды белдесуде Париж Олимпиадасының чемпионы Ахмет Тажудиновті (Бахрейн) 15:6 есебімен жеңген еді. Енді Бекзат Тажудиновпен Азия біріншілігінің қола жүлдесін сарапқа салады.
Сонымен бірге, 79 келіде Дәулет Ергеш жұбаныш белдесуіне шығады. Ол моңғолиялық балуанды жеңген жағдайда құрлық біріншілігінің қола жүлдесі үшін Париж Олимпиадасының чемпионы Разамбек Жамаловпен (Өзбекстан) күреседі.
Бүгін чемпионатта күрескен Қазақстан балуандары Мерей Базарбаев (57 кг), Әділ Серікұлы (65 кг) және Санжар Досжанов (70 кг) іріктеу кезеңінде есе жіберіп, жүлде үшін күресу мүмкіндігінен біржола айырылды.