Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Балалардың тісін қандай жағдайда наркозбен емдеу керек – дәрігер кеңесі

Денсаулық
Балалардың тісін қандай жағдайда наркозбен емдеу керек – дәрігер кеңесі
pixabay.com

Қазақстанда балаларды қорқыныш пен үрейден қорғау үшін тісін «Севоран» препаратының көмегімен емдеу кең тарала бастады. Жалпы қандай жағдайда наркозбен емдеу керек және оны қолдануда қандай тәуекелдер бар? Бұл туралы толығырақ Kazinform тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігінің Төтенше медицина ұлттық үйлестіру орталығының анестезиолог-реаниматологі Гүлфайрус Есенбаева айтып берді.

 Маман ингаляциялық наркоз — «Севоранның» не екенін түсіндірді.

- «Севоран» - севофлуран препаратының сауда атауы, ол жалпы наркозды енгізу және ұстап тұру үшін қолданылатын ингаляциялық анестетик. Бұл препарат седацияға арналмаған,  толыққанды наркозға арналған құрал, - деді анестезиолог-дәрігер.

Жалпы наркоз қашан орынды, ал қандай жағдайда одан бас тартқан жөн

Маманның айтуынша, ингаляциялық анестетиктер балаларға келесі жағдайларда қолданылады:

 хирургиялық операцияларда;
 ауырсынуды басу немесе ұзаққа созылатын медициналық процедурада;
 бала қозғалмай отыра алмайтын жағдайда (неврологиялық ерекшеліктер, қорқыныш);
шұғыл жағдайда.
Егер баланың тісі көп мөлшерде зақымданған болмаса немесе қосымша ерекшеліктер тіркелмесе, тісжегіні емдеу және сүт тістерін жұлу көп жағдайда жалпы наркозды қажет етпейді, - деп түсіндірді ол.
Алайда тіс емдеуде наркоз қолдануды орынды деп санайтын көрсеткіштер бар:

— айқын стоматофобия;

— көпсатылы емдеуді талап ететін ауыр ерте тісжегі түсуі;

— жасы тым кіші (1,5–3 жас) болып, жергілікті анестезия баланың қозғалмауын қамтамасыз етпесе;

— аутизм, ДЦП, Зейін жеткіліксіздік және гиперактивтілік синдромы және кооперацияны қиындататын өзге де жағдайлар.

Оның айтуынша, жалпы анестезия бұл баланы тыныштандыру тәсілі емес, қатаң талаптарды, тиісті жабдықты және қауіпті толық түсінуді қажет ететін толыққанды наркоз.

Балаларға наркоз салу: кабинет пен маманға қойылатын талаптар

Сондай-ақ маман қолданыстағы ережелерге сәйкес амбулаторлық жағдайда балаларға наркоз жүргізуге тек еңбек өтілі кемінде 7 жыл болатын балалар анестезиолог-реаниматологінің ғана құқығы барын айтты. Бұл жоғары жауапкершілік пен қауіп деңгейіне байланысты.

- Денсаулық сақтау министрлігі анестезиологиялық көмекті көрсету стандартына (ДСМ №78 бұйрығы, 2025 жылғы редакция) сәйкес, жоспарлы анестезия алдында баланы анестезиолог міндетті түрде 12–24 сағат бұрын тексереді. Бұл тәуекелдерді бағалауға және амбулаторлық наркозға рұқсат етілетін-етілмейтінін анықтауға мүмкіндік береді, - деп түсіндірді Гүлфайрус Есенбаева.

Сонымен бірге мұндай наркоз арнайы жабдықталған бөлмеде, анестезиолог және реанимациясы бар жағдайда ғана жүргізілуі тиіс.

- Министрлік стандарты амбулаторлық анестезия жасайтын кез келген клиникада капнографиясы бар наркоз-тыныс алу аппараты, реанимациялық жабдық және толық мониторинг жиынтығы болуын міндеттейді. Бұл қарапайым кабинетте жүргізіле салатын процедура емес, - деп атап өтті маман.

Процедурадан кейінгі бақылау

Стандартқа сәйкес, бала тыныс алуы мен есі толық тұрақтанғанға дейін медицина қызметкерлерінің бақылауында болуы тиіс.

Қарсы көрсетілімдер және ықтимал асқынулар

Анестезиолог мәлімдеуінше, жалпы наркоздың қолданылуына қатысты қатаң шектеулер бар.

Балаларға анестезия жүргізуге негізгі қарсы көрсетілімдер:

– шұғыл көмек кезінде тыныс жолдарының инфекциялары;

– жүрек пен өкпенің ауыр аурулары;

– туа біткен миопатия, қатерлі гипертермия қаупі;

– анестезия компоненттеріне аллергия;

– айқын гиповолемия, тұрақсыз жағдай.

Севофлуран қолданғанда туындауы мүмкін асқынулар (дұрыс дайындық кезінде сирек кездеседі, бірақ, ескерілуі тиіс):

– ларингоспазм, бронхоспазм;

– оянғаннан кейін жүрек айнуы мен құсу;

– ұйықтау немесе ояну кезінде қысқа құтыру;

– артериялық қысымның төмендеуі;

– бейім пациенттерде қатерлі гипертермияның өте сирек жағдайлары.

- Есте сақтау қажет, наркоз - әрқашан белгілі бір тәуекелдері бар медициналық араласу. Оңай немесе қысқа манипуляциялар үшін объективті көрсетілімсіз оны қолдану дұрыс емес. Кей жағдайда мінез-құлық, азот тотығы (жеңіл седация), мультимедиялық тәсілдер және дұрыс коммуникация жеткілікті. Әйтпесе наркоз негізделген медициналық қажеттілік емес, «ыңғайлы балама» ретінде қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар шағын хирургия болуы мүмкін, бірақ «шағын анестезия» болмайды. Кез келген медициналық процедура тәуекелмен байланысты, -- деп қорытындылады анестезиолог.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу