freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Басқа әйел алу керек шығар деп ойладым": Өмірқұл Айниязов жеке өмірі туралы құпияны айтты

Қоғам
"Басқа әйел алу керек шығар деп ойладым": Өмірқұл Айниязов жеке өмірі туралы құпияны айтты
Өмірқұл Айниязов жұбайымен. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Әнші Өмірқұл Айниязов ұзақ жылдар бойы перзент сүю жолында көрген қиындықтары туралы ашық әңгімеледі. Өнер иесі Kesdesu YouTube арнасына берген сұхбатында отбасы үшін махаббат пен өзара сыйластықтың маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның сөзінше, ерлі-зайыптыны тек бала ғана бірге ұстап тұра алмайды. Отбасының берік болуы үшін ең алдымен махаббат, одан кейін сыйластық пен бір-бірін бағалау қажет.

"Махаббат – бірінші болу керек. Кейбір адамдар "махаббат жоқ, бала үшін жүреді" деп жатады. Олай болмайды деп ойлаймын. Махаббат болмаса, біреудің қасына жату да оңай емес. Сондықтан бірінші махаббат, содан соң сыйластық, бағалау", – деді әнші.

Өмірқұл Айниязов жұбайымен 21 жыл бойы перзент күткенін де жасырмады. Оның айтуынша, бұл кезең екеуіне де оңай болмаған, тіпті кей сәтте ойына басқа әйел алу туралы да келген.

"21 жыл бойы балалы бола алмай жүрген кезде адамның басына неше түрлі ой келеді. Мен де "мүмкін басқа әйел алу керек шығар" деп ойладым. Бірақ жалғыз баламның көзі мөлдіреп басқа жақта жүргенін елестете алмадым. Менің жүрегім ондайға дауаламады", – деді ол.

Әнші кейінгі екі баласының ЭКО арқылы дүниеге келгенін де айтты. Оның пікірінше, мұндай мәселелерді жасырып, ұялатын нәрсе ретінде қабылдаудың қажеті жоқ.

"Жасырудың қажеті жоқ, кейінгі екі баламыз да ЭКО арқылы дүниеге келді. Оның өзі де оңай емес. Ол дүниемен 2013 жылдан бастап айналыссақ, 2021 жылы балалы болдық", – деді Өмірқұл Айниязов.

Өнер иесі бала сүйе алмай жүрген жұптарға уақытты созбай, мамандарға ертерек жүгінуге кеңес берді. Ол кей адамдардың ел сөзінен қысылып, маңызды мәселені кейінге қалдыратынын атап өтті.

"Қазақылыққа салынып, елден ұялап қалмау керек. Көп жас балалармен әңгіме айтқанда "уақыт өткізбе, мәселені түбіне дейін шешу керек" деп айтамын", – деді әнші.

Өмірқұл Айниязовтың айтуынша, ұзақ жылдарға созылған сынақта отбасының сақталуына махаббат, сабыр және бір-біріне деген сенім көмектескен.

Еске сала кетейік, Өмірқұл Айниязовтың жұбайы Фарида Айниязова ұзақ жылдар бойы бала көтере алмай жүріп, қандай жолдардан өткені туралы ашық айтқан еді.

Өмірқұл Айниязов кім?

Өмірқұл Айниязов – қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап жүрген танымал әнші, жыршы және өнер қайраткері. Ол әсіресе Маңғыстау өңірінің әншілік-жыршылық дәстүрін кеңінен танытқан өнерпаздардың бірі.

Өмірқұл Айниязовтың репертуарында халық әндері, терме-толғаулар және дәстүрлі бағыттағы шығармалар кең орын алады. Оның орындау мәнері батыс өңіріне тән мақамымен және ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Әнші көпшілікке тек жеке шығармашылығымен ғана емес, дәстүрлі өнерді кейінгі буынға жеткізуге бағытталған еңбегімен де танылды. Ол түрлі республикалық концерттер мен мәдени іс-шараларға қатысып, қазақтың ән-жыр мұрасын насихаттап келеді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу