Археология мен реставрацияға лицензия бөлек-бөлек беріледі
Реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген фактілер бар. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелеріне арналған заң жобасын таныстырған депутат Асхат Аймағамбетов айтты.
Бүгінде археология саласында лицензиялар мерзімсіз және ескерткіштің барлық түрімен жұмыс істеуге бірдей беріледі. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алса, одан кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме – ешкім оны тексермейді. Сол лицензиямен ол өмір бойы, еш шектеусіз, еш міндеттемесіз мәдени мұрамызбен жұмыс істей береді. Тағы бір проблема – археологиялық және реставрациялық жұмыстарға, бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде оның жеке санаты болғанымен, іс жүзінде ол осы екі саланың айырмашылығын толығымен ескермейді, - деді ол.
Депутаттың айтуынша, соның кесірінен реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген фактілер бар.
Нәтижесінде – сапасыз қазбалар, бүлінген ескерткіштер. Енді бұл жүйе өзгереді. Біз әділ лицензиялау жүйесін енгіземіз. Енді екі бөлек лицензия болады – археологияға бөлек лицензия, реставрацияға бөлек. Лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл. Әр лицензия үшін арнайы біліктілік талаптары енгізіледі. Егер заң талаптарын бұзса, олардың лицензиясын 6 айға дейін тоқтату немесе тіпті қайтарып алу туралы нормасын да енгіздік. Бұл – саланы тазалап, нағыз мамандарға жол ашатын шешім, - деді Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар, депутат Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының базасында Ұлттық археологиялық қызмет құрылатынын мәлімдеді.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі