Қазақстанда 2026 жылы қазан айында ислам ипотекасы іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Malim.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
“Отбасы банк” басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мән-жайды айтты.
“Қазір ислам ипотекасы өнімін зерттеп жатырмыз. Менің ойымша, Қазақстанда оның болашағы зор. Осы тақырыпта сұхбат берген сайын өте көп сұрақ келіп түседі”, – деді Ибрагимова.
Оның айтуынша, сәуір айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі парламентте ұлттық кредиттік-рейтингтік агенттік туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған. Құжат аясында “Отбасы банкке” исламдық қаржыландырумен айналысуға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған.
"Меніңше, заң маусым айының соңына дейін қабылданады. Лицензияны рәсімдеу тамыз айына дейін жалғасады. Ал қыркүйекте немесе ең кеші 1 қазанда ислам қағидаттарына негізделген жаңа өнімді жариялап, оны іске қосуды бастаймыз”, – деді банк басшысы.
Ләззат Ибрагимова шариғат талаптарына сәйкес пайыз есептеуге тыйым салынатынын еске салды. Осыған байланысты банк пайызсыз депозиттер мен несиелер ұсынуды жоспарлап отыр.