Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданы боран салдарынан жарықсыз қалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Облыстық "Қазгидромет" РМК филиалының мәліметінше, 14 желтоқсанда өңірде көктайғақ, боран, қар аралас бұршақ, тұман байқалып отыр. Сонымен қатар облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауда.
Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетсе, кей жерлерде 23-28 метрге дейін күшейген. Соның салдарынан автожолдарда көктайғақ пайда болып, боранға байланысты жолдардың жекелеген бөліктері жабылды.
БҚО әкімдігінің мәлімдеуінше, ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыстың бірқатар аудандарында электр энергиясының уақытша өшуі тіркелген. Қазіргі уақытта энергетика саласының қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, электр желілерін қалпына келтіру шараларын қабылдап жатыр.
Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласына жауапты органдардың өкілдерімен кеңес өткізіп, жағдайды жеке бақылауына алды. Облыс әкімі өңірлік электр желілік ұйымдарға, төтенше жағдайлар қызметіне және жергілікті атқарушы органдарға электрмен жабдықтауды қалпына келтіруді жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Төтенше жағдайлар туындаған жағдайда тұрғындар «112» бірыңғай нөміріне хабарласа алады, - делінген ресми хабарламада.
Тұрғындардың айтуынша, электр жарығы Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында өшкен. Боран салдарынан кейбір автокөліктер жолда тоқтап қалған.
Сондай-ақ бүгін Орал қаласының Зачаган кентінде де электр энергиясы өшкен.