Ақмолалық оқушы қазақ даласының хош иісі әтірін ойлап тапты
Бұл әтір «Елім-ай» деп аталады.
Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарды. Жас өнертапқыштың айтуынша, ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырған.
«Осындай сөзді естігеннен кейін, туған жердің иісі бар әтір жасап шығарғым келді. Бұл иісті шығаруда мен ежелгі шығу тегімізді зерделедім», - дейді Альбина Айдарханова.
Парфюмерия жасаудағы негізгі өнім қарапайым жусан қолданылған. Бұл әтір «Елім-ай» деп аталады.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, мектеп оқушысы жақында өткен ғылыми жобалар байқауында жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында жүлделі 3 орынды иеленді.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі