Дубайдағы додаға дайынбыз ба?
Ертең Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында бокстан ересектер арасында Азия чемпионаты басталады.
Биыл 31-ші рет ұйымдастырылатын құрлық біріншілігінде 23 елдің былғары қолғап шеберлері бақ сынайды. 26 мамырға дейін боксшылар іріктеу кезеңін өткізеді. 27-28 мамырға ширек финалдық жекпе-жектер жоспарланған. Жартылай финал 30 мамырда. Жеңімпаздардың есімін мамыр айының соңғы күні білетін боламыз.
49 келі. Бұл салмақта 2020 жылғы Қазақстан чемпионы Даниял Сәбит – Азия чемпионатының дебютанты. Даниял биыл қараша айында 19 жасқа толады. Батыс Қазақстан облысының тумасы. Жақында Санкт-Петербор қаласында өткен халықаралық турнирдің жартылай финалында ресейлік боксшыдан жеңіліп, қола жүлдеге ие болған. Алайда, дәл сол жекпе-жекті жіті бақылаған мамандар жеңістің Даниял жағында болғанын айтты. Тіпті ресейліктердің өзі қазақ боксшысының мықтылығын мойындап, Даниялды «төрешілердің құрбанына айналды» деп жазды.
Осыдан екі жыл бұрын 49 келі салмақта Азия чемпионы атанған өзбекстандық Нодиржон Мирзаахмедов Дубай шаршы алаңына шығуға дайын отыр. Сонымен қатар, үндістандық Дипак Сингх та Дубайға ат басын тірепті. Үнді боксшысы екі жыл бұрын Азияның күміс жүлдесін алған.
52 келі. Токио олимпиадасына жолдама алған Сәкен Бибосынов та Азия чемпионатына алғаш рет келді. Мұнда да бізді Өзбекстан мен Үндістанның мықты боксшылары күтіп тұр. Өзбектерден әлем және Олимпиада чемпионы Шахобиддин Зоиров шықса, үнді елінің намысын 2019 жылғы Азия чемпионы Амит Пангхал қорғайды.
56 келі. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев 56 келіде Махмуд Сабырханға сенім артып отыр. Шымкенттік боксшы былтыр 52 келі салмақта ел чемпионы атанған. Ол да Азия чемпионатында алғаш рет бақ сынамақ. Бұл салмақтың да басты «фавориті» өзбек боксшысы. Миразизбек Мирзахалилов - 2018 жылы жазғы Азия ойындарында топ жарып, 2019 жылы әлемді мойындатқан. Сондай-ақ, қазіргі Азия чемпионы да осы жігіт.
60 келі. Павлодар боксының түлегі Серік Теміржанов биыл Олимпиада ойындарына барады. Содан да болар, 57 келіде жұдырықтасатын боксшыны бас бапкер салмақ қуып шаршатпайын деді ме, әлде басқадай себептері болды ма, 60 келіге қойыпты. Оның үстіне 57 келі Азия чемпионатының бағдарламасында жоқ салмақ.
Эрденебат Цендбаатар есімін алғаш рет 2018 жылы Джакартада өткен жазғы Азия ойындарында естігенбіз. 60 келі салмақта қарсыластарын қоғадай жапырған моңғолиялық боксшы бір жылдан кейін, яғни, 22 жасында әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Дәл сол жылы Азия чемпионатында да өзіне тең келер қарсылас таппаған еді. Міне, сол боксшы биыл тағы келіпті. Серік Теміржановтың басты қарсыласы кім дегенге жауап дайын сияқты...
64 келі. Құрамадағы ардагер боксшының бірі Зәкір Сафиуллин осыдан екі жыл бұрын 60 келі салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Биыл 64 келіде шаршы алаңға шығады. Бұл салмақта да мықтылар жетіп артылады. 2017 жылғы Азия чемпионы, 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, өзбекстандық Елнұр Әбдірайымов пен 2019 жылғы Азия чемпионы тәжікстандық Баходур Усмановты Сафиуллиннің басты қарсыластары десек болады. Айтпақшы, Елнұрдың ұлты - қазақ. Ташкент облысы Бостандық ауданында дүниеге келген.
69 келі. Әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіповке соңғы уақытта сын айтатындар көбейіп кетті. Оған себеп те жоқ емес. «Қазақтың салмағы» деген бейресми атауы бар 69 келіде Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов сияқты қазақ боксының жұлдыздары бас жүлдені қиша сыпыратын еді. Ал, Абылайдан біраз уақыт болды, ондай жігер байқамай жүрміз. Жақында Белградта өткен халықаралық турнирде Ресейдің үшінші номерлі боксшысынан жеңіліп, қола медальді қанағат тұтты. Әлемді айтпағанда Азия чемпионы деген атаққа қол жеткізе алмай жүрген боксшымыз бұл жолы барын салуы керек. Басты қарсыласы, әрине, тағы да өзбек боксшысы болмақ. Нақтырақ айтқанда, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия және Азия ойындарының чемпионы Бобо-Усмон Батуров осы салмақта көшбасшылардың бірі. Оны жақында Ресейде өткен турнирде Асланбек Шымбергенов ұтқан. Ендігі кезек – Абылайхандікі болуы тиіс.
75 келі. Әбілхан Аманқұл Азия чемпионатындағы басты «фавориттердің» бірі. Бұл салмақта оған филиппиндік Эумир Феликс Марсьяль қарсылас атанады. Марсьяль - 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Өзбекстан намысын қорғайтын Саиджамшид Жафаровты да мамандар талантты боксшылардың қатарына қосады. Әзірге өзбек боксшысының анау айтқандай атақ дәрежелері жоқ. Тек жасөспірім және жастар арасында қол жеткізген жетістіктері ғана.
81 келі. Соңғы жылдары 81 келідегі боксшыларымыз басқаларға жүлде ұстатпай жүргені қуантады. 2019 жылғы Азия чемпионатында Бек Нұрмағамбет суырылып шығып еді. Одан кейін әлем біріншілігінде маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовке тең келер қарсылас болмады. Бек кейіннен кәсіпқой боксқа ауысты.
Бекзат Нұрдәулетов Азия чемпионатына алғаш рет қатысады. Басты қарсыласы – Дилшодбек Рузметов. 2019 жылы әлем чемпионатының финалында Бекзат бұл боксшының жақсылап тұрып сазайынын берген. Дубайда екеуінің жолы қайта түйісуі мүмкін.
91 келі. 2019 жылы Бангкокте өткен құрлық біріншілігінде Ким Хьен Кю есімді корей боксшысы қарсыластарын қырқай жеңіп, ойламаған жерден чемпион атанып кетті. Тіпті жартылай финалда Азияның үш дүркін чемпионы Василий Левитті нокаутпен ұтқанда корей боксшысының мықтылығын мойындамауға амал қалмаған.
Дубайда шаршы алаңға шығатын боксшылардың арасында Ким Хьен Кю да, өзбек боксшысы Санжар Тұрсынов та жүр. Бұлардың қатарына Иордания, Тәжікстан елінің былғары қолғап шеберлерін қосыңыз. Демек, 91 келідегі тартыс қыза түседі.
Егер Василий Левит осы жолы Азия чемпионы атанса, онда ол Қазақстан боксының тарихында төрт дүркін Азия чемпионы атанған алғашқы боксшы болады.
+91 келі. Аса ауыр салмақта ел намысын қорғайтын Қамшыбек Қоңқабаев күміс медальдан көз ашпай жүр. 2017 және 2019 жылғы Азия чемпионатында өзбекстандық Баходир Жалоловтан айласын асыра алмаған боксшымыз 2019 жылғы әлем чемпионатында дәл осы боксшыдан жеңіліп, күміс медальдің иегері атанды. Жалолов биыл Азия чемпионатына тағы да келді. Қамшыбек күмісін іліп қашанғы жүрер екен?!.
Міне, ертең жалауын көтеретін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын боксшылар осылар. Ғалым Кенжебаев сенім артып отырған 10 боксшының тең жартысы құрлықтық жарыста алғаш рет бақтарын сынағалы отыр. Қазақстан боксшыларының басты қарсыласы, әрине, Өзбекстан боксшылары екенін екінің бірі біледі. Алайда, Азия құрлығында Корея, Моңғолия, Филиппин, Үндістан сияқты елдердің де барын ұмытпауымыз керек.