Джоан мен ақсақ қаз бағушы (ағылшын ертегісі)

Malim Админ

  • 31.03.2020

Көк теңіздің жағалауындағы сәулетті қамал сарайда бір кәрі лорд өмір сүріпті. Лорд жалғыздыққа үйренген еді, қамал-сарайы үнемі құлазып, бос тұратын. Жарқын дауыс, көңілді күлкі естілмейтін. Сарай иесі сағаттар бойы тас еденді тырпылдата басып жүретін де қоятын немесе түнеріңкі теңізге түксие қадалып отыра беретін.

Оның кішкентай немере қызы бар еді, тек лорд оны туғалы бері бір рет те көрмеген. Тіпті немересін дүниеге келген күнінен бастап-ақ жек көріпті, себебі кәрі лордтың жалғыз қызы ­- кішкентай Джоанның шешесі сол күні дүниеден қайтқан еді. Байғұс қыздың әкесі өз королінің намысын жыртып, қан майданда қаза табу үшін ұшы-қиырсыз теңізді көктей өтіп, қиянға сапар шегіпті де қайтып оралмапты. Егер мейірімді күтушісі болмаса, Джоанның басына қандай күн туарын кім білген? Күтуші кемпір Джоанды бауырына басып, лордтың мол дастарханынан ауысқан қалған-құтқанды беріп асырайды, ескі-құсқыдан жамап-жасқап, қыздың киімін бүтіндеген болады.

Кәрі лордтың қытымыр қызметшілері де кішкентай қызға қағажу көрсетіп, ызбарлана қарайтын, өйткені лорд оны ұнатпайды ғой! Олар Джоанды шоқпытқа бөленген бикеш деп кекететін.

Джоан күн ұзақ қамал-сарайдың артындағы албарда ойнайтын, кейде жападан-жалғыз теңіз жағалап кететін. Оның бір ғана досы - қаз бағушы, ақсақ бала еді. Джоан қаз жайылатын шөптесін алаңқайға барып, ақсақ досымен ұзақ сырласатын. Бала Джоаннан бірер жас ересектеу болатын, қамал-сарайға қоңсы орналасқан фермада тұратын.

Ол күн сайын таң ата қаздарын жайылымға айдап шығып, тоғанға апаратын. Қаздар - бірі сүңгіп, бірі балық қуып, бірі қанатымен су сабалап, тоған басын думанға бөлейтін. Міне, сол кезде ақсақ қаз бағушы сыбызғысын қолына алады. Сыбызғы үні естілісімен Джоан да жүгіре басып жетеді. Ол қаз бағушы баланың бірде өксікті, бірде қуанышты жұмбақ әуендерін тапжылмай,  ұйып тыңдаушы еді. Сыбызғы оған таңғажайып орман перизаттары жайлы, қиырдағы беймәлім өлкелер мен жан баспаған таулар, өзендер туралы сыр шертіп, жабырқау көңілін сейілтетін, қайғы-мұңын, жәбір-жапасын ұмыттыратын.

Кейде билемесіңе қоймайтын жеңіл де шадыман әуез ойналатын. Ондай сәттерде шыр көбелек айналған Джоанға қосылып, ақсақ баланың өзі де епетейсіз солтақтап, билемекке тырысады.

Көктем мен жаз осылай өтетін. Ал қыстың ұзақ қараңғы кештерінде Джоан отқа тақала отырып, күтуші кемпірден батыр серілер мен ауру әйелдер, дәулер мен адамжегіштер, су перілері мен аспан перизаттары жайында ертегі айтып беруді қиыла сұрайтын. Отқа тесіле қарап, қиялға шоматын.

Осылайша жыл артынан жыл жылжып, Джоан көркіне көз тоймас сұлу бойжеткенге айналады. Тек ақсақ қаз бағушымен достығы үзілмепті, ал кәрі лордтың жүрегіне қатқан мұз әлі де ерімеген екен.

Бірде көрші қалаға король келе жатыр деген хабар дүңк ете түседі. Король жасамақ думанға игі жақсы атаулы тегіс жиналуға тиісті екен.  Сол өңірдегі қамал-сарайларға корольдың сәлемін алып, жаушылар құстай ұшады. Ал корольдің сәлемін бұлжымас бұйрық деп қабылдаған жөн! Сондықтан да кәрі лорд сәнді киімін киіп, ақбоз атына ер салдырып, жолға жиналады.

Бұл уақытта Джоан күтуші кемпірдің қасында, терезе алдында отырған, қымбат киімі күнге шағылысып, аулаға шыққан кәрі лордты көріп:

- Мына кісі менің атам ба? Қандай келбетті, қандай айбынды адам! Қайда барады? - деп сұрайды.

- Көрші қалада король думан ұйымдастырмақ екен. Соған бара жатыр, - деп жауап береді күтуші кемпір.

- Шіркін-ай, мен де қатысар ма едім сол думанға! - деп дауыстап жібереді Джоан. - Әжетай, айналайын, барып сұрашы, мені өзімен бірге ала кетсін!

- Қой, ойбай, - деп шошып кетеді күтушісі. - Мен онымен қалай сөйлеспекпін. Дүрелетіп, қуып шықсын дейсің бе?Оның үстіне бәрібір кеш. Үлгермеймін. Қара, әне, атына мініп жатыр.

Шынында да осы кезде кішкентай қызметші қорадан ақбоз атты жетектеп әкеліп, кәрі лордты қолтығынан демеп, атқа мінгізеді. Сәлден соң лорд жолдың шаңын бұрқырата шауып, көзден таса болады.

Джоан өксіп жылап:

- Бұл менің өмірімдегі тұңғыш думан еді. Енді қайтып ешқашан да мұндай салтанатқа қатыса алмаспын. Ешқашан! Егер сен өтінгенде, бәрі басқаша болар еді ғой... - дейді күтушісіне кінәлай қарап.

- Өксігіңді бас, жаным, - дейді күтуші кемпір оны жұбатып. - Той-думанға барар шағың алда әлі. Маған өкпелеме. Менің қолымнан не келеді? Кәрі лорд үшін менің сөзім не, өзім кіммін!

Джоан көзінің жасын тиып, күтушісінен кешірім сұрайды.

- Ашуланбашы, әжетай! Сенен басқа кімім бар менің? Сені өкпелетейін деген жоқпын. Тіпті сол думанына да сонша ынтызар емеспін. Жай, жұрттың қалай киінгенін, қалай билейтінін көргім келген, - дейді.

Дегенмен, қамал-сарайдан аулаққа, далаға шыққан соң: "шіркін, корольдің думанын сығалап та болса, көріп қайтар ма еді!" - деп армандапты. Король мен королеваны, жас ханзаданы қанша тырысса да көз алдына елестете алмапты. Ойға шомып келе жатып, қаздарын айдап, қарсы аяңдаған ақсақ досын да аңдамай қалыпты. Қаз бағушы сыбызғысын аузынан алып:

- Неге ойланып келесің, Джоан? Билегің келсе, көңілді күй, жылағың келсе зарлы сарын тартып берейін, - депті.

- Билегім келеді, - депті Джоан, - тек бұл жерде емес, қалада, корольдің думанында. Бірақ мені кім шақырыпты, думан менің не теңім?..

- Егер қалаға бармақ болсаң, - дейді сонда ақсақ қаз бағушы, - барасың! Сенімен бірге мен де, менің қаздарым да барамыз. Қалаға жету соншалықты қиын емес. Тіпті мен сияқты ақсаққа да!

Сөйтіп, олар қала қайдасың деп тартып кетеді. Джоан жолдың алыстығын да, өзінің шаршағанын да байқамапты. Себебі ақсақ бала дамыл таппай сыбызғы ойнайды.

Құйқылжыған ойнақы әуез Джоанның көңілін серпілтіп, ол біресе сыбызғыға қосыла әндетіп, біресе дөңгелене билеп, жол бойы өз думаны өзінде болады.

Қала қақпаларына таяғанда, соңдарынан ат тұяғының дүбірі естіліп, көп ұзамай мөлт қара арғымақ мінген сұңғақ бойлы, сұлу бозбала қуып жетеді.

- Жол болсын! Қалаға барасыңдар ма? Онда бірге жүрейік. Қарсы емессіңдер ме? - деп сұрайды ол.

- О не дегеніңіз, мырза! - дейді қаз бағушы. - Біз қалаға, корольдің мәртебелі меймандарын көргелі келеміз. Егер қаласаңыз, бірге баралық, көңілдірек болады.

Бозбала атынан ырғып түсіп, Джоанмен қатарласа жүреді, олардың соңына ілескен қаз бағушы сыбызғысын ерніне апарып, соны да нәзік бір әуенді сызылта тартады.

Кенет бозбала кілт тоқтап, Джоанға бұрылып:

- Сен менің кім екенімді білесің бе? - деп сұрапты.

- Қайдан білейін, - дейді Джоан. - Ал кімсің?

- Мен король ұлы - ханзадамын. Әкемнің думанына бара жатырмын. Әкемнің жарлығы бойынша, бүгін мен өзіме қалыңдық таңдауым керек.

Кенет Джоан әлденеге көңілсізденіп сала берді. Ханзадаға ләм-мим деп жауап қатпай, төмен қараған күйі жүре берді. Ал ханзада қыздан көзін айыра алмай,тіпті сыбызғының жүрек шымырлатар мұңды әуенін де естімей, қалшиып тұр. "Неткен ару, неткен ару жан, - деп ойлады ол. - Мұндай қызды өмірімде бірінші рет көріп тұрған шығармын!"

Ол Джоанның жыртық көйлегіне де, жалаң аяғына да назар аудармай, қыздың сымбатты тұлғасын, жер баспай әуеде қалықтағандай әсер қалдыратын ғажап жүрісін тамашалай қарады.

- Есімің кім сенің? - деп сұрады ақыры.

- Джоан.

- Тыңдашы, Джоан, - дейді ханзада, - осы уақытқа дейін бірде-бір қыз дәл сен сияқты толқытқан емес мені! Қалыңдығым да, таңдауым да, жан жарым да сен десем, не дер едің?!

Джоан үндемейді. Тек ханзадаға жанары жаудырай жалт қарайды да қояды. Сол сәтте арғымақ та тізгінін жұла мазасызданып, тарп ұрады, ақсақ қаз бағушы да күйін тоқтатып, қалт тынады.

- Жауап бер, менің  қалыңығым болуға ықтиярсың ба? - дейді ханзада дегбірсізденіп.

Джоан жымиып:

- Жоқ! Мен сенің мазағыңа көне алмаспын. Ханша боларлық қандай сиқым, қандай жағдайым бар? Одан да думанға шап тездетіп, әрі текті, әрі дәулетті сұлулардың арасынан іздерсің қалыңдығыңды, - деп жауап қайырады.

- Имандай шыным, менде сені күлкі етейін деген ниет жоқ. Егер қалыңдығым болуға келіспесең, тым құрымаса думанға келерсің? Түн жарымы болғанда мен сені, сыбызғышы досыңды, мына қаздарды сарайда күтемін. Келесің ғой?

Джоан ханзадаға назарын тіктеп:

- Мүмкін, келермін. Мүмкін, келмеспін. Білмеймін! - дейді.

Ханзада басын иіп, лып етіп атына қонады да, қалаға қарай шаба жөнеледі.

Ымырт үйіріле зәулім қамал-сарайдың алдына бірінен соң бірі ағылып, неше алуан күймелер жинала бастайды. Қонақтар сонау жер түбіндегі алыс аймақтар мен өлкелерден де келіп жатты. Өйткені бүгінгі тамашаны - корольдің жалғыз ұлы, тақ мұрагері өзіне қалыңдық таңдауға тиіс ерекше думанды - көрген де арманда, көрмеген де арманда болатын.

Небір тәкаппар сұлулар жарқылдай сөйлеп, жадырай күліп, қамсыз көрінуге тырысқанымен, жан дүниелері алай-түлей боп, жүректері атқақтай соғып, әрқайсысы іштей ханша атануға даярланып келген еді.

Думан қызғалы күй де, би де шырқау шегіне көтерілгелі қашан! Ханзаданың таңдауы кімге түсерін асыға күткен жұрттың шыдамы түгесіле бастаған.

Міне, түн жарымы да болды. Есік жақта жұрт топырласа ұйлығысып, таңырқаған, сықылықтаған дауыстар естілді. Аздан кейін бишілер қақ жарыла жол беріп, жыртық көйлекті жалаң аяқ қыз бастаған өзгеше, тіпті бүгінгі салтанатқа сәйкеспейтін оғаш топ көрінді. Қиралаңдап ақсақ қаз бағушы келеді, қаңқылдап тоғыз қаз келеді.

Ертегінің аудио нұсқасын да тыңдай аласыз

Әуел баста асыл тек қауым сілтідей тынды, содан соң сыбыр-күбір басталып, артынша күлкіге ұласты. Бірақ ханзада ортаға шығып, жалаң аяқ қызды қолынан аялай ұстап,  тақта отырған ата-анасының алдына апарғанда, келемеж де, күлкі де қайтадан сап тиылды.

- Әке, - деді ханзада, - бұл - Джоан. Егер Джоанның өзі ықтиярын берсе, менің қалыңдығым - осы. Не айтасыз?

Король Джоанға мұқият, сынай қарап, сәл үнсіз отырды да:

- Не айтайын, ұлым, таңдауыңда қапы жоқ. Егер бойжеткеннің ажары мен сымбатына ақылы мен сезімі сай болса, онда бұдан асқан ханша табылмас! - деді.

- Жас бикештің көркінде мін жоқ-ау! Тек мен оның көйлегіне түсіне алмай отырмын, - деді королева.

- Бикештің өзі неге үндемейді? Ханзаданың қалыңдығы болуға келісер ме екен? - деп сұрады король.

- Сіздер келістіңіздер ғой, ендеше мен неге келіспейін? Мен ханзаданың қалыңдығы болуға ықтиярмын! - деп жауап берді Джоан.

Кенет орнай қалған тыныштықты бақташы сыбызғысының әсем уілі бұзды. Дәл осындай жүрек тебірентер әсерлі әуенді, көңіл шылқытар сұлу сазды ешкім ешқашан естімеген еді. Ақсақ қаз бағушы құпия сырға толы, әлдебір тылсым әуезді төгілте ойнап тұрған болатын, сол мезетте, о ғажап! - барша жұрттың көз алдында Джоан жалба-жұлба киімі өңіріне, жеңіне, етегіне түйреген алмастары жанарды суыра от шашқан, бұлттай ақ ұлпа көйлекке айналды, тоғыз қаз кіл көкшілден киім киген тоғыз нөкер бала боп шыға келді. Олар Джоанның арқасын жаба шұбатылған жеңіл желекті еппен ұстап, соңынан ерді. Асқақтай, дүркірей би әуені құйылып, сыбызғының нәзік үнін көміп кетті.

Ханзада мен Джоан бақыттан бастары айналып, шырқ үйіріліп, би ырғағына ілесті.

Тағы бір жүрек қуаныштан жарылардай лүпілдей соққан, ол - кәрі лордтың шерлі жүрегі еді. Шал өзінің немересін тұңғыш рет көріп тұрған. Қалыңдықтың шаңқан көйлегін киген Джоан өзінің анасынан аумай қалыпты. Кәрі лорд көңіліне қатқан мұздың еріп бара жатқанын бүкіл жанымен сезіп, көкірегі кеңіп, қуанышқа бөленді.

Биден кейін Джоан өзінің қамқор досы- ақсақ қаз бағушыны іздеген екен, таба алмапты. Ханшаның әмірімен нөкерлер күндіз-түні аттан түспей, бүкіл елді шарлап шығады, тек ақсақ қаз бағушының еш дерегін біле алмайды. Рас, шаруалар айтыпты: "түнде, егістіктен кеш қайтқан кейбір кездерде алыстан, тоғай ішінен тамылжып сыбызғы әуені естіледі", - деп. Біразы: "сыбызғы тартушы беймәлім жан - ақсақ қаз бағушы" десе, енді бірсыпырасы: "қателесесіңдер, ол орман періштесі болар, не жай, сендерге солай естілген ғой", - десіпті.

Ертегіні YouTube арнамыздан да тыңдай аласыз

https://www.youtube.com/watch?v=ExUqAVWWxkY&t=2s

Күмбірлеп қоңырау қағылды, дүрілдеп той өтті. Тойдан кейін Джоан ақсақ қаз бағушыны еске алды ма, жоқ па, ол жағын біз біле бермейміз. Алайда бір нәрсе анық: той өтісімен күтуші кемпір король сарайына, Джоанның қолына көшіп барып, өмірінің ақырына дейін жайлы да қамсыз тіршілік кешіпті.

Аударған Ғалым ДОСКЕН,

"Алтын сырнай" ертегілер жинағы, 1992 жыл.

Тағы қараңыз:

Көрнекі суреттерге осы ертегі желісімен салынған Р.Столяровтың картиналары пайдаланылды.

Ертегі аудармашының рұқсатымен, сайт редакциясында қайта теріліп, жарияланды.

Көшіріп басуға болмайды!

 

Байланысты жаналықтар

Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

02.06.2024

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

28.10.2023

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

21.09.2022

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

09.04.2022

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

16.06.2021

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)

03.04.2021
MalimBlocks
Зеленскийдің сұхбаты, Ресей депутатының Алматыны орыс салғанын еске салғаны

Неге Ресей элитасы Қазақстанға ақпараттық шабуылын күшейтті?

Қазақстанда «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы басталды

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоғамдық қоры Ұлыбритания үкіметінің қаржылай қолдауымен «Шешім журналистикасы лабораториясы» жобасы жүзеге аса бастады.

Алматы. "Қуатты өңірлер" бірнеше бағытта дамиды

Тарысы піскеннің тауығы: Боранбаев «асыраған» әртістер

Олар Қайратты «Құдай берген таланттың ұшқынын көруші» дейді.

Дәулетжан МАХМҰТ. Сырға

Кинозалдың есігін ептеп ашып ішке кірдім, сабақ басталып кетіпті.

Бекен ЫБЫРАЙЫМ. Қала шетіндегі үй (Жалғасы)