Homay әнімен танылған башқұрттың Ay Yola тобы туралы не белгілі?
Әп-сәтте хитке айналған Ay Yola тобының тарихы қандай? Топ қашан құрылды? Жаңа альбомға қандай аңыз арқау болды? Malim.kz тілшісі шолу жасады.

Әп-сәтте хитке айналған Ay Yola тобының тарихы қандай? Топ қашан құрылды? Жаңа альбомға қандай аңыз арқау болды? Malim.kz тілшісі шолу жасады.
Топтың шығу тарихы
Ay Yola тобының құрамында үш адам бар: Адель Шайхитдинова, оның әкесі Руслан Шайхитдинов (DJ Север деген атпен танымал) және Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі, «Арғымақ» этно-рок тобының негізін қалаушы Ринат Рамазанов. Топ жақында ғана құрылған, әлеуметтік желілердегі парақшасы да қаңтардың ортасынан бастап жүргізіліп келеді.
Руслан Шайхитдинов сұхбаттарының бірінде туған жері Уфаның 450 жылдығы өткенін, соған орай ән жазғысы келгенін айтқан.
"Жақында 50-ге толдым, ал туған жерім Уфа 450-ге келді. Осыған орай ән жазғым келдім. Топқа Ринатты шақырдым, сөйтіп бәрі басталды. Адель - менің қызым, ол 9 жастан ән айтады. Екеуміз бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға 16 жыл болды", - дейді ол.
Әкесі мен қызының шығармашылық жолы
2019 жылы Адель мен әкесі ТНТ арнасындағы "Песни" шоуына Musume деген атаумен қатысқан. Сондай-ақ, олардың Thomas Mraz-пен бірге орындаған "Ты меня не понимаешь" және "Низкий заряд" тректері де бар.
Алайда Musume жобасы әлі аяқталған жоқ. Адель Шайхитдинова "Афиша Daily" басылымына берген сұхбатында бұл жобаның уақытша үзілісте екенін, бірақ әкесімен бірге осы атаумен орыс тілінде ән шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.
Әннің тарихы
Homay - 15 ән жинақталған "Орал Батыр" альбомындағы екінші туынды. Бұл альбом ескіні жаңарту мақсатында "Орал-Батыр" эпостық-жырына бағытталған.
"Біз осы эпосқа арналған жоба жасадық. "Орал-Батыр" тарихы өте тереңде. Тауымыз, өзеніміз - барлығы эпоста сипатталған, тіпті олардың атаулары да сол жерден алынған. Атақты Капова үңгірі (Шүлганташ) - Оралдың ағасы, яғни, бәрі өзара байланысты. Ал эпос б.з.д. XVII ғасырдан басталады, бұл, әрине, таңғаларлық мәдени мұра. Бұл эпосты оқығанда, күрделі әрі қорқынышты, бірақ сонымен қатар, таңғажайып әлемге еніп кетесіз", - дейді Руслан Шайхитдинов ЗТБ-ға берген сұхбатында.
Хумай - Орал-Батыр эпосының бір бөлігі, Оралдың жары. Алмас қылышты сақтаған Самрау мен Күннің қызы. Ол көптеген құпияны сақтаған. Тіпті мәңгілік өмір сыйлайтын тірі суға апаратын жолдың құпиясы бола білген.
"Орал сол суға шомылған деген аңыз бар. Ал Хумай Оралға Ақбозатты сыйға тартқан. Ақбозат - жүздеген жыл бойы көкте өмір сүріп, жерге түспеген қасиетті тұлпар саналады. Ол тек таза жанды, нағыз батырды күткен. Ал Орал-Батыр сол Ақбозатқа мініп, зұлымдыққа қарсы күреседі. Яғни, эпоста қараңғылық пен жарықтың айқасы бейнеленген", - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін ақын Мирас Асан әннің тез таралуына не әсер еткеніне талдау жасаған еді.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде топ әннің қазақшаға аударылған нұсқасын бөлісті.
Фото: Видеодан алынған скрин