Самұрық қанатындағы сарын
Бұл әннің мағынасы қандай? Оның тез таралуына не әсер етті?

Әлеуметтік желіде башқұрттың Ay Yola тобының Homay бір күнде хитке айналды. Homay-ды біреулер Ұмай десе, енді бірі Құмай деп топшылап жүр. Бұл әннің мағынасы қандай? Оның тез таралуына не әсер етті? Толығырақ Malim.kz материалында.
Бауырлас Башқұрттардың "Хомай" атты әні неше күннен бері хит боп жатыр. Жақсы әнді жан-жақты жарнамалап, дұрыс қабылдап жатқан қауымның қарасы көп. Әрине, әп-әдемі әуенге мін тағып, саяси, діни астар іздеп кеткендер де жоқ емес.
Өз басыма көшпелілердің көне бастауларынан тамыр тартатын рухты туынды айрықша ұнады. Тұтас Тұранға ортақ сарында түбі бір түрк ұрпақтарының ортақ аңыздары айтылады, қанымызда қалғып бара жатқан ұлы сахараның үні шалқиды.
Бұл әннің бір-ақ күнде бұрқ етіп таралуына бірнеше фактор әсер етті деп ойлаймын.
Оның ең әуелгісі - нақышы бөлек Наурызымыз. Ән тура Күн мен Түн теңеліп, Самарқанның көк тасы еритін Ұлыстың ұлы сәскесінде таралды. Бұл тұста әнді айналысқа қосқан пиар менеджерлер дұрыс қимылдай білді деп есептеймін.
Екінші себеп – ән ғана емес, әншілердің харизмасы. Жалпы Башқұрт (бас құрт, бас бөрі) пен қазақ ежелден ауылы аралас, қойы қоралас туыс ел. Мақалымыз да, мақамымыз да ортақ. Олар "Самарқау үйрек бұрын ұшады" деп қолданса, біз "Шабан үйрек бұрын ұшады" дейміз. Айтпағымыз, екі ұлттың да бойында бұғып жатқан жауынгерлік рух бар. Мына әндегі өткір харизма сол баһадүр бабаларымыздың жорық алдындағы салтанатты келбетін есімізге түсіреді.
Үшінші себеп – көшпелі дала халықтарына тән киім үлгісі, ортақ тұрмыс-салтымыз. Бүгінде үсті-басымыз өзге жұрттардың әлеміш-жәлеміш киім-кешегіне толып кетті ғой. Мына әнге деген біздің ынтық ықыласымыз - үстіміздегі сол болмысымызбен қабыспайтын көйлек-көншікті жатсыну сияқты.
Бұл әннің өн бойындағы ат дүбіріне ұқсас екпінді дабыс, ұлттық аспаптардың ұранды үні, тор көзді кереге, қоңыр кебеже, қанатты тұлпарлар, бәрі-бәрі біздің далалық жадымызды жаңғыртты, бауырлас Башқұрттармен ортақ тарихи санамызды парақтады.
Әннің атауына келсек, Құмай ма, Ұмай ма деп пікір екіге жарылып жатқан сыңайлы. Жамбыл Артықбаев ағамыз бұл турасында жақсы талдап кетіпті.
Иә, Құмай - итала қаздың 12 жұмыртқасының бірінен туатын жүйрік тазы деп біз де естіп өскенбіз. Ұмытпасақ, оның жүйріктігі сондай - аспандағы 11 бауырының жердегі көлеңкесімен жарысып, ақыр соңында өкпесі өртеніп өледі.
Құмайдың дауысы - тура итала қаздың дауысымен бірдей қаңқылдап шығуы да әлгі аңызды растай түседі. Осынау аңыз желісімен салғастыра қарасақ - құмайдың атасы Самұрық деуінің қисыны әбден келетін сияқты.
Мәселе, оның атауында емес, жоғарыда айтқанымыздай, далалықтардың дағдылы мейрамында осынау ерекше әннің бізге төтенше әсер етуіне мән бергеніміз дұрыс сияқты.
Бізді, яғни түбі бір түрк халықтарын осындай белгілер біріктіреді, қанымыздағы туыс бояулар бір-бірін осылай іздейді.
Мәтін авторы - Мирас Асан.
Еске салайық, бұған дейін бұл әннің қысқаша тарихын жазған едік.
Фото: видеодан алынған скрин