7 желтоқсан күні Үндістанның Гоа штатындағы танымал түнгі клубта шыққан өрттен кемінде 25 адам қаза тапты. Бұл туралы штаттың бас министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Associated Press басылымының жазуынша, өрт түнде Арпора аймағында тұтанған. Бұл жер – Солтүстік Гоадағы ең танымал орталықтардың бірі.
Гоа бас министрі Прамод Саванның айтуынша, қаза болғандардың басым бөлігі – клубтың асүй қызметкерлері, сондай-ақ үш-төрт шетелдік турист. Алты адам жарақат алған.
Press Trust of India агенттігінің хабарлауынша, өрт газ баллонының жарылуынан шыққан. Полицияның мәліметінше, барлық мәйіт табылған. Өрт кезінде клубтың би алаңында 100-ден аса адам болған. Адамдар өрт шыққан сәтте төменге, асүйге қарай қашқан.
Түнгі клуб Арпора өзенінің жағалауында орналасқан. Ғимараттың кіреберісі мен шығаберісі өте тар болғандықтан, өрт сөндірушілер автоцистерналарын клубтан шамамен 400 метр қашықтыққа қалдыруға мәжбүр болған. Бұл өртті сөндіруді қиындатып, жұмыстың баяулауына себеп болған.