АҚШ соғыс министрі Пит Хегсет ұлттық қауіпсіздік жөніндегі форумда сөз сөйлеп, Дональд Трамптың билігі кезінде елдің ядролық триадасы жаңартылып, сынақтың қайта басталатынын айтты, деп Malim.kz сайты РБК басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Хегсеттің айтуынша, Вашингтон ядролық қаруды және оның жеткізу жүйелерін басқа ядролық державалармен "тең дәрежеде" сынақтан өткізбек. Ол Трамп кезеңіндегі Қарулы күштерге бөлінген қаражатты "тарихи маңызы бар инвестициялар" деп атады.
"Президент Трамп айтқандай, біз елдің ядролық триадасын жаңартамыз. Тежеу мен эскалацияны бақылау үшін қосымша нұсқалар әзірлейміз. Бұл ұлт ешқашан ядролық жанжал алдында әлсіз күйде қалмауы үшін бәрін жасаймыз", – деді Пентагон басшысы.
Сонымен қатар, Хегсет АҚШ "екі ірі ядролық державамен" бетпе-бет келіп отырғанын атап өтіп, ел ядролық қаруды және оның жеткізу жүйелерін "басқалармен қатар" сынақтан өткізетінін мәлімдеді.