«Мені далада қалдырды». Ақбота Керімбекова телеарна басшысына үндеу жасады
Бағдарлама продюсері өте дөрекі сөздер айтқан.
Qazaqstan ұлттық арнасында 13 жұп өзара бақ сынайтын «Жұлдызды жұп» деген бағдарлама басталған. Дегенмен бағдарламаның айналасында жаңа шу шықты. Танымал әнші Ақбота Керімбекова әлеуметтік желіде ұйымдастырушылар жататын орынды реттеп бермей, далада қалдырғанын айтып және продюсердің дөрекілігіне қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол Qazaqstan телерадио кешенінің басқарма төрайымы Ләззат Танысбайға үндеу жасады.
Бүгін Qazaqstan ұлттық арнасының «Жұлдызды жұп» жобасының кезекті түсіріліміне Алматыдан Астанаға ұшып келдік. Біраз бұрын бағдарламаны ұйымдастырушылар маған хабарласып, SAAD мейманханасына бөлме броньдалғанын айтты. Сол жаққа барсам, «сізге орын броньдалмаған» деп тұр.Бірден жауапты қыздарға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, өзімнің қатты ауырып келгенімді, мәселені тезірек шешуін сұрадым. «Басқа жерге ауыссаңыз» деді. Көшіп-қонып жүруге шамамның болмай тұрғанын айтып, сәл назымды жеткіздім. Бір кезде аты-жөні жоқ, жоба продюсері, «әйгілі» Динара Адам хабарласып, жекіп, «я устала уже от всех этих капризов, все ваши капризы у меня выше голова стоят. Хочешь, уходи на х*р из этого проекта». Дәл осылай айтты - дейді Ақбота Керімбек.
Әнші «қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына налимын» деп отыр. Ұлт болғалы маңдайымызға бұйырған жалғыз ұлттық арнамыздың маңдайалды жобаларына Алаш түге, адамның қадірін білмейтін, бірде-бір рет қазақша ойланып, ой қорытып көрмеген біреулер жетекшілік еткен соң, көрген күн осы екен деп отыр.
Қазір қоғамда төл арналарымыздың осы тектес музыкалық жобаларына сын көп. «Тұрқы жоқ әнші, сұрқы жоқ сөз, ұлты жоқ ән қаптады» деп өкпелейді халық. 30 жылға жуық қазақтың ғана әнін айтып, сахнада жүрген әншілерді осылай «послать» ете берсе, ән өнеріне қызмет етуге кімде құлық болады дейсіз? Жеке өзіме бұл жоба түк те қызық емес, тек, «мен болмасам, кім? Өз авторларымның туындылары халыққа жете берсін. Жасымды, жолымды пұлдап мен қатыспасам, менің орыныма шөпті де, шөңгені де өлең ғып жүрген біреу табылады ғой» деген оймен шақыруларына келісім бергенмін. Бұған дейін бұл жобадан, бұл продюссерлік құрамнан бір тиын гонорар да алып көрмегенмін. Өзге елден келетін «әйдік» әншілердей райдер де қоймаймыз. Қарапайым күтіп алу әдебін сақтаса, менің бұларда нем бар? Сонысымен қоймай, анадай сөз айтады!.. Бұл кім сонда?!, - дейді ол.
Айта кетейік, «Жұлдызды жұп» музыкалық бәйгесінде 13 жұп өзара бақ сынайды. Әр бағдарлама сайын қазылар мен көрермен тарапынан ең аз дауыс жинаған жұп жобамен қоштасады. Жобадан шығып қалған 6 жұпқа бір бағдарлама арналады. Осылайша өнерлі жұптардың тағы бір мәрте бақ сынауға мүмкіндігі болады. Финалға жолдама алған 3 жұптың ең үздігі «Жұлдызды жұп» жобасының жеңімпазы атанады.
Фото: ©instagram.com/botakerim