Мұғалімдер үйде отырып жұмыс істейтін болды
Коронавирусқа қатысты демалыс кезінде мұғалімдер үйде отырып жұмыс істейтін болды. Бұл жайлы Білім және ғылывм министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтты.
«16 наурыздан 5 сәуірге дейін оқушылар көктемгі демалыста болады. Осы уақыт аралығында мектеп мұғалімдері қашықтықтан жұмыс істейтін болады. Осындай уақытта мұғалімдер мектепте болып, сабаққа дайындық жұмыстарын, әдістемелік жұмыстарын жүргізетін. Қазіргі жағдайға байланысты біз тиісті шешім қабылдап, оны барлық директорларға жібердік. Шешімге сәйкес, мектеп мұғалімдері дайындық жұмыстарын үйлерінде отырып жүргізулеріне болады және жалақылары толық төленеді», - деді Аймағамбетов.
Министр, сондай-ақ, кейбір мекемелерге министрліктің құзіреті жүрмейтінін, олар ары қарай да жұмысын жалғастыра беруі мүмкін екенін айтты.
«Мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының қызметін 16 наурыздан бастап тоқтаттық. Бұған оқушылар мен жасөспірімдер сарайы, музыка, көркемсурет, өнер мектептері және тағы да басқа білім беру ұйымдары жатады. Балалар бұл ұйымдарға бүгін барған жоқ. Елімізде дамыту орталықтары сияқты жекеменшік ұйымдар бар. Ол жеке меншік болғандықтан біздің құзыреттілігімізде емес, дегенмен ата-аналарға дамыту орталықтарына балаларды апармай, сәл күте тұруға кеңес береміз», - деді ол.
Коронавирустан сақтық үшін оқушылар тоқсандық каникулға уақытынан бұрын шыққан. Одан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда 30 күндік төтенше жағдай жариялады.