Мұхтар Мағауин – жиырма бес томдық

"Бұл қатарда соңғы жиырма бесінші томның бір ерекшелігі – балалық шақ туралы «Балақан» атты роман-мемуар". Жазушының ұлы Едіге Мағауиннің 25 томдық туралы түсіндірмесін назарларыңызға ұсынамыз.

  • 18.07.2022

 

Мұхтар Мағауин шығармаларының жиырма бес томдық «Толық жинағы» басылып шықты. Осыдан біраз бұрын ғана, Америка Құрама штаттары, Мэриленд, Силвер Сприң қаласында, «Мagauin Publishing» баспа үйі арқылы. Атақты қаламгердің сексен жасы, алпыс жылдық шығармашылық қызметінің мерейлі қорытындысы ретінде.

Толық жинақ жанрлық, хронологиялық негізде түзілген. Әрбір кітаптың көлемі 550-650 беттен. Төл мәтіндер соңында дәйектеме түсініктер берілген. Тиражы шектеулі.

Aлғашқы үш том – әңгімелер.

Оның ішінде Бірінші том – «Әуелгі әңгімелер», «Өткінші әңгімелер», «Иесіз әңгімелер», «Доңыз жылғы балалық» аталатын топтамалардан құралған. Атап айтқанда, жиырма жаста жазылған «Бір уыс бидай», «Тіленші», жиырма бір жастағы «Кешқұрым», «Әйел махаббаты» әңгімелерінен басталып, тәуелсіздік қарсаңы, 1990 жылы жарыққа шыққан «Пұркоралдың көк аты», «Ең әділ сайлау», «Тас-судан өткен қашқындар», «Әбдіғаппар сері», «Абақтыда өлген Уан атам» дейтін әңгімелермен түйінделген.

Әңгімелердің Екінші томы – тәуелсіздік замандағы азат қаламгердің жаңа бір тұрпаты. «Еркіндік бастауындағы екі әңгіме», «Тамыздан соңғы әңгімелер», «Одағай әңгімелер», «Және одағай әңгімелер» топтамасы. Таратып айтқанда: «Салах-ад-Диннің үкімі», «Коммунистік реализмнен» басталып, «Ұлт-аралық жанжал», «Қасқыр-Бөрі», «Сұркөжек аттың соңғы шабысы», «Тавеннің әңгімесі», «Қос ағаш», «Құмырсқа-қырғын» және осылар қатарлас тағы қаншама әңгіме.

Үшінші том – «Әдепкі әңгімелер», «Әрқилы әңгімелер», «Талайсыз әңгімелер», «Оқшау әңгімелер» аталатын топтамалардан құралған. Жіктеп атасақ: «Бір нәзік сәуле», «Эльза жеңешем», «Келде-мұнара», «Бесінші түлік», «Он жеті әйел алған Исақан ағам», «Түйеші Қамбар», «Өлі мен тірі» қатарлы әңгімелер. Бұл кітап «Құждың қу жілігі» аталатын әңгімемен түйінделеді.

«Толық жинақтың» келесі жеті кітабы – романдар мен хикаяттар.

Бұл қатарда Төртінші том – қаламгердің 1971 жылы жазылған алғашқы романы «Көк мұнар» және содан бұрынғы һәм кейінгі «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары» деген хикаяттар.

Бесінші том – «Көкбалақ» романы және «Өмір жыры», «Жыланды жаз», «Жүйрік» қатарлы хикаяттар.

Алтыншы, Жетінші томдар – «Аласапыран» тарихи дилогиясы. Бұл – бір тарабы Москва, екінші қиыры Пекин мен Берлинде басылған, авторына Мемлекеттік сыйлық әперген атақты романның түпнұсқа – қазақ тілінде жетінші мәрте басылымы екен.

Сегізінші том – советтер заманында жазылып, жарыққа жеткен «Шақан-Шері», «Сары қазақ» романдары және тәуелсіздік кезеңінде еркін қаламға түскен «Шипалы Aрасан», «Қисық ағаш», «Оңғақ» хикаяттары.

Тоғызыншы том – «Мен» дилогиясы: «Шытырман», «Қия жолдар» аталатын ғұмырбаяндық екі роман.

Оныншы том – өзгеше бітімді «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп хикаяты», «Жармақ» романдары.

Сонымен, бастапқы он том құрамында әрқилы тақырып, сан салалы әдеби тәсілмен жазылған сексен жеті әңгіме, он хикаят, он бір роман топталып отыр. Мұхтар Мағауиннің биік өрелі прозасы.

«Толық жинақтың» келесі он бес томы – әдебиеттану, тарих тарабындағы ғылыми зерттеулер мен мемуар, көсемсөз, аударма үлгілері. Таратып айтайық.

Он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші томдар – «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясы.

Он бесінші том – әдебиет тарихына қатысты зерттеулер: жас ғалымның жиырма бес жасында жазылып, атағын шығарған және алдынан сара жол ашқан «Қобыз сарыны» монографиясы һәм «Ғасырлар бедері» деген атаумен жинақталған тетелес ғылыми еңбектер.

Он алтыншы том – бұрнада екі қайтара кітапқа шыққан «Тасқа басылған қолжазбалар» – әдеби сын.

Он жетінші том – ғылыми зерттеулер мен ағымдағы әдеби сын.

Он сегізінші том – «Қазақ тарихының әліппесі» және тәуелсіздік заманның алғашқы жылдарында жазылған, «Ұлттың күре тамыры» деген тақырыппен топталған көсемсөз үлгілері.

Он тоғызыншы том – жазушының жас шағы – 1968, 1973 жылдарда жасалған аудармалар: Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» романы және Сомерсет Моэмнің таңдама тоғыз әңгімесі.

Жиырмасыншы томның бастапқы жартысы – кітап ішіндегі кітап: «Кұңфудзының даналық дәрістері» аталады. Ханзу жұртының ұлы ойшылы Кұңфудзының философиялық «Кеңес пен толғам» ғақылия кітабының өзгеше тәржімасы және толымды зерттеу мақала мен ғұмырбаян, түсініктемелер. Сонымен қатар, бұл томда қазақ тарихындағы Шыңғыс хан, Абылай хан, Кенесары хан, Бердіқожа батыр және Кеңгірбай би, Жобалай би, Құнанбай қажы, Құрманғазы мен Абайға, Мұхтар Әуезовке қатысты шағын эсселер, ең ақыры – «Ешкі жетектеген екеу» атты көлемді мақала.

Жиырма бірінші том – әйгілі «Ұлтсыздану ұраны» және бүгінгі күн тақырыбындағы «Кейісті мақалалар», «Оқшау мақалалар» атты топтамалар. Және «Қарымта» деген ортақ тақырыппен жинақталған бес мақала: негізінен 2002-2006, бірнеше жыл бойы Мұхаңа қарсы жаппай жүргізілген, жалалы, былғаныш науқанға қаламгердің өзіндік реакциясы көрініс тапқан амалсыз жазбалар. Мұхтар Мағауиннің ғұмырбаяны ғана емес, сол кезеңдегі әдеби және рухани ахуал туралы дерек беретін дәйектемелер ретінде қатарға қосылды.

Жиырма екінші том – эмиграция кезеңіндегі көсемсөз. Бастапқы «Қазақсыз Қазақстан» аталатын топтама құрамындағы «Қан төгілді» – 2011 жылғы Жаңа-Өзен қырғынына байланысты, оқиғаның ізін суытпай жазылған суреттеме һәм айыптау лепес. «Ғаламат апат шындығы» – 1931-1933 жылдарғы қазақ ашаршылығы, себеп-салдары мен бүгінгі зардабы. Ал «Қазақсыз Қазақстан» дейтін көлемді толғам – Назарбаев билігі жеткізген сұмдық пен ұлтқа қарсы қылмыс, қазақ байлығының жойдасыз тонауға ұшырауы, рухани жұт және саяси қысым турасында. Бұл томда Шәкерімнің ғұмырбаяны пен мұрасы туралы көлемді екі зерттеу мақала және алаш арыстары: Міржақыпқа, Мағжанға, Әлімхан Ермековке қатысты шағын толғамдар һәм қазақ тілі мен руханияты төңірегіндегі бірнеше мақала бар.

Жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші томдар – тұтасымен мемуар. Қаламгердің жеке басы емес, көрген, білген, алдынан өткен, қатарлас жасаған белгілі тұлғалар туралы. «Естеліктер кітабы» аталады. Үлкендерден бастап айтсақ – өзі дәрісін тыңдаған Мұхтар Әуезов, игілікті ғылыми жетекші – Бейсенбай Кенжебаев, ықыласына бөленіп, қамқорлығын көрген Мәлік Ғабдуллин, Әлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Нығмет Ғабдуллин, қатарлас жасаған Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Кенжеғали Сағадиев, Мағауия Сембай және басқа да атпал тұлғалар қамтылған. Сондай-ақ, жастары үлкен, таныған һәм біліскен, жақсы қатынаста болған Гүлнар Дулатова, Әди Шәріпов, Темірғали Нұртазин, Өтебай Қанахин, Ләйла Әуезова, Әбдірәшит Ахметов, Әйтікеш Толғанбаев, кейінгі іні Жәнібек Кәрменов туралы толымды естеліктер.

Бұл қатарда соңғы жиырма бесінші томның бір ерекшелігі – балалық шақ туралы «Балақан» атты роман-мемуар. Сонымен қатар, осы ақырғы томда жазушының жеке басына қатысты ғұмырбаяндық деректер, бұрынғы-соңғы жазылған шығармалардың хронологиялық тізбесі, түпнұсқада және әрқилы аудармаларда шыққан кітаптар көрсеткіші және «Толық жинақтың» әліпби тізбесі берілген.

Анығын айтқанда, академиялық басылым дәрежесінде, тұтас бір ғылыми-зерттеу институтының тынымды шаруасы есепті.

Прозашы, ғалым зерттеуші, әдебиет сыншысы, тарихшы Мұхтар Мағауиннің жиырма бес томдық «Толық жинағының» жарыққа жетуі – қаламгердің шығармашылық ғұмырбаяны ғана емес, қазақ әдебиеті, қазақ руханияты үшін үлкен оқиға, елеулі құбылыс деп білсек керек.

Едіге Мағауин

 

Байланысты жаналықтар

Euronews қазақ балеті туралы арнайы репортаж жасады

20.02.2025

Димаш халықаралық беделді сыйлықты қалай алды?

18.02.2025

"Боран" қандай фильм?

18.02.2025

"Есімдер": "Астана Балет" театры бірегей жоба өткізді

18.02.2025

Анам айтқан жалған сөздер

14.02.2025

Ғазиза Құдайбергенқызы - Алматыдағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры

14.02.2025
MalimBlocks
Euronews қазақ балеті туралы арнайы репортаж жасады

Димаш халықаралық беделді сыйлықты қалай алды?

Әйгілі Rolling Stone журналы мақала жариялады

"Боран" қандай фильм?

"Есімдер": "Астана Балет" театры бірегей жоба өткізді

Анам айтқан жалған сөздер

Құлыным жей ғой, менің қарным ашқан жоқ» дейтін. Бұл оның үнемі айтатын жалған сөзі еді.

Ғазиза Құдайбергенқызы - Алматыдағы ҚР Ұлттық академиялық кітапхананың директоры