Педагог мәртебесі: Аймағамбетов кітапханашыларды ұмытып кеткен бе?

Malim Админ

  • 07.09.2020

Екібастұз қалалық білім бөлімі биыл оқулық таратуды дұрыс ұйымдастыра алмай отыр. Оған басты себеп, мердігерлердің өз міндетін орындамауы және осы салаға жауапты маманның қудалауға ұшырауы.

...Екібастұзда мектептерге кітап үлестіру ісінің дәл бұлайша «барахолкаға» айналғаны елдің есінде жоқ. Биылғы жағдай өзгерек.

Тарқатып айтсақ, кітап тасымалдауға жауапты мердігер - «Жусупов» ЖК кітапханашыларды ҚР Конституциясы мерекесінде, яғни, демалыс күні кітап алуға шақырып, әуре-сарсаңға түсірген.

«Негізі, мектептерге оқулықты өздері әкеп береді деген. Бірақ бізді 31 тамыз, демалыс күні ауылдан шақыртып алды. Таңертеңгі 7-ден түнгі сағат 10-ға дейін білім бөлімінде кезек күтіп сабылдық. Белгілі бір ыңғайлы кесте құрылмағандықтан, қалаға ауылдан такси жалдап екі-үш рет сабылуға мәжбүр болдық. Демалыс күні болғандықтан, ол күндері такси қызметі қымбаттады. Өз қалтасынан таксиге он мың теңге төлеген кітапханашылар да бар. Кітапты арқалап өзіміз тасыдық. Егер кітапты жеткізуге ақша бөлінген болса, қызмет неге көрсетілмеді? Кітапханашыларға демалыста жұмыс істегені үшін ақша неге төленбейді? Әрі-беріден соң бұл Конституциямыздың 25 жылдығын елемей, оның маңызын төмендету емес пе?!» - дейді Екібастұз өңіріндегі ауыл мектептерінің кітапханашылары.

Қазіргі уақытта білім бөлімі мердігерді өз міндеттерін толық орындамағаны үшін сотқа беруге дайындалып жатыр. Бірақ болып жатқан былықтың бәрі балалардың толыққанды білім алуына бөгет емес пе?!

Осы тұста айтпай кетуге болмайтын бір жайт, қалалық білім бөлімінің кітап мәселесіне жауапты негізгі маманы Гүлнәр ЫСҚАҚОВАНЫҢ бұл істен шеттетілуі. Ысқақова өзінің үйреншікті ісінен шеттетіліп қана қоймай, басшылық тарапынан біраз қудалауға түскен жайы бар.

Бұған дейін Гүлнәр Сәбитқызы білім қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымына, «Нұр Отан» партиясының Екібастұз қалалық филиалына және тағы басқа бірқатар органға басшылыққа деген наразылықтарын айтып, шағым хат түсірген. Алайда олардың бәрі білім бөлімінің тәжірибелі маманын қорғаудан ат-тондарын ала қашыпты. Қорғағаны сол, есесіне артынан Жазира Хамзабаева «хат жазғанда Ысқақова менің ар-намысыма нұқсан келтірді» деген айыппен әріптесін сотқа берген. Филологиялық сараптама нәтижесіне сүйенген Екібастұз қалалық соты Ысқақованың хаттарында ар-намысқа тиетін сөздер жоқ деп тапқан-ды.

Екібастұздың білім саласына еңбегі сіңген майталман маман Гүлнәр Ысқақованың қудаланып жатқаны туралы жергілікті қоғам қайраткері, ақын Жұмағали Қоғабаев бастаған зиялылар тобы мәселе көтерді. Іле бұл жайт Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманова мен облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының назарына ілігіп, екеуі де «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Назарға алдық» деп жазды. Назарға алғаны сол, осы екеуіне «Мә сендерге!» дегендей, Хамзабаева ханым енді Ысқақованың үстінен апелляциялық сотқа шағымдануда.

Осының бәрі Екібастұздың білім саласындағы жұмыс үдерісіне айтарлықтай салқынын тигізуде. Мәселен, Ысқақованы өз міндетінен шеттетудің кесірінен кей мектептерге бағдарламаға сай емес ескі оқулықтар тарап кетіп, балалар да ештеңе ұқпай дал. Осылайша, Екібастұздың білім бөліміндегі «барахолканың» лаңы ұзаққа созылатын түрі бар.

Ардақ ИМАНМӘЛІК,

Павлодар облысы

Редакциядан:

Министр Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ онлайн оқу басталғанда интернеттің жетіспеушілігіне Білім және ғылым министрлігінің кінәсі жоқ деп ақталған. Одан кейін, оқулықтардағы кемшілікті өзі бастап айтып та біраз «ұпай» жинаған. Әліппені қайтаруға, оқулықтардың сапасын көтеруге уәде берген министр Екібастұз қалалық білім бөліміндегі «барахолканың» жырын әлі ести қойған жоқ шығар. Әйтпесе, мектеп кітапханашыларының басқа емес, дәл Конституция күні өз міндетіне жатпайтын жұмысқа жегіліп, таксиге бірнеше есе қымбат ақша төлеп жүргеніне реакция білдірсе керек еді ғой.

Министр:

«Біз әдебиет оқитын жас буынды қалыптастыруымыз керек дейміз. Алайда, шынын айту керек, мектептерде көркем әдебиет жеткіліксіз көлемде сатып алынады. Сондықтан көркем әдебиетті тиісті тізім бойынша сатып алу жұмысын реттеу қажет. Жергілікті білім басқармалары осы жұмысты ұйымдастырсын», - деп сонау мамыр айында тапсырма да берген.

Басқасын қайдам, оның бұл бұйрығы Екібастұз қалалық білім бөлімінде орындалғанына күмән бар. Оқулықтың өзін таксимен тасып жүрген бөлім көркем әдебиет кітаптарын қай бір оңдырып сатып алды дейсіз...

Педагог мәртебесін көтеруді мықтап қолға алған министр жаздың соңғы күні ғана мұғалімдерді міндетіне жатпайтын жұмысқа жеккен бірнеше білім бөлімдерін атап, 30-дан астам әкімшілік іс қозғалғанын айтқан. Бұл істің алдағы уақытта да қатаң түрде жалғасатынын ескерткен. Сөйткен министр кітапханашыларды әуре-сарсаңға салған Екібастұз қалалық білім бөлімі мен кітап тасымалдауға жауапты мердігерлерді де бір тексеріп көретін шығар. Әлде, мектеп кітапханасында істейтіні болмаса, кітапханашылар педагог емес деп ақталар ма екен...

Байланысты жаналықтар

"Анасына видео жіберіп үлгерген". Екібастұзда 9-сынып оқушысы іздестіріліп жатыр

22.11.2024

Тойда уланғандарға мейрамхана иесі 5 млн теңгеден астам өтемақы төлейтін болды

19.11.2024

Екібастұздағы электр стансасының бір блогы істен шықты

15.11.2024

Тойда уланғандар мейрамхана иесінен 6 млн теңге өтемақы талап етті

06.11.2024

Екібастұзда 6 кәсіпкерден заңсыз салық алынған

23.10.2024

Екібастұзда кеншілер мінген автобус апатқа ұшырады

12.08.2024
MalimBlocks
"Анасына видео жіберіп үлгерген". Екібастұзда 9-сынып оқушысы іздестіріліп жатыр

Түнгі сағат үш шамасында үйінен шығып кеткен

Тойда уланғандарға мейрамхана иесі 5 млн теңгеден астам өтемақы төлейтін болды

Оқиғадан соң Екібастұз қалалық ауруханасына жалпы саны 90-ға жуық адам қаралған

Екібастұздағы электр стансасының бір блогы істен шықты

Оған кәсіпорын мұржасындағы ақау себеп болған

Тойда уланғандар мейрамхана иесінен 6 млн теңге өтемақы талап етті

Сәуір айында Екібастұзда тойға жиналған қонақтар астан уланып қалған болатын

Екібастұзда 6 кәсіпкерден заңсыз салық алынған

Оларға 4,4 млн теңге төлем қайтарылды

Екібастұзда кеншілер мінген автобус апатқа ұшырады

Көлік жүргізушісі рульге ие бола алмай қалған