Португалияда тұратын қазақ: Студенттерде біздегідей мұғалімге деген фобия жоқ
Ұстазыңның айтқанын сөзбе сөз қайталап баға алу деген жоқ
Ақсәуле Қонысбекқызы Алматы облысы, Іле ауданының тумасы. 24 жастағы білімгер Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетінің бакалаврын, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасын ағылшын тілі мамандығы бойынша бітірген. 2021 жылы жылы қазіргі Erasmus Joint Masters Degree бағдарламасымен шетелде оқу мүмкіндігіне ие болған. Қазір отандасымыз Португалияда оқып жатыр. Malim.kz тілшісі полиглот жерлесімізбен сұхбаттасып, бірқатар сұрақтарға жауап алды.
- Ақсәуле, ана тілінен бөлек, 8 шет тілін біледі екенсіз. «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың...» деген сөз бар ғой. Тіл білудің артықшылығы да сонда. Шетел тілін үйренуге деген ұмтылыс қалай пайда болды?
- 2006 жылы мектептерде эксперименттік бағдарлама қолданылып, ағылшын тілі 2-сыныптан енгізілді. Анам да қолдау танытып, ағылшын сабақтарын бірден ұнатып оқып кеттім. Бірақ бар болғаны бір жылда жаңа бағдарламамыз жабылып қалып, шет тілін 5-сыныптан қайта оқи бастадық. Мұғалімім де ағылшыншаға жетік маман болды. Осы бағыттан таймай, болашақ мамандығымды ағылшын тілімен байланыстырдым. Кейіннен ҚазХҚ және ӘТ университетінде білімімді тереңдете түстім. Бакалавриаттың 4 жылы білім мен қоса шетелде оқу тәжірибесін сыйлады. Дәл осы оқу ордасында екінші шет тілі ретінде француз тілін таңдап оқыдым. Бұл тілдің әуезділігі әрдайым назарымды аударатын. Содан соң ҚазҰУ арқылы Түркияға оқуға барып, түрік тілін бір ай ішінде меңгердім. Қазақ тілін білген адамға түрікше меңгеру қиынға соқпайды екен. Ал корей тілін Алматыдағы Корей Елшілігінің бөлімшесі ұйымдастырған курстарынан біліп шықтым. Жапон тіліне деген әуестігім хирагана қарпінің жазылуын ұнатқаннан басталған еді. Кейіннен Жапон мәдениеті мен қалаларына ұмтылысым пайда болды. Испан, португал, орыс тілдерін қосқанда 9 тіл білемін.
- Еліміздегі алдыңғы қатарлы университеттерде білім алдыңыз. Ал шетелге аттануыңызға не әсер етті? Қазақстандағы білім беру жүйесі аздық етті ме?
- Әрине, шетелде білім алудың жөні бөлек. Жан жақты білім жинау, тәжірибе толықтыру үшін осындай қадамға бекіндім. Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері университетінде шет елде 1 семестр оқуға арналған түрлі бағдарлама бар. Университетке түскелі бері осы бағдарламамен оқығым келетін. Алғашқы екі жылда екі рет емтихан тапсырып көрдім. Алайда, екеуінен де сынақ талабы жоғары болған соң, оған қоса шетелдік бағдарламалармен таныстығым болмағандықтан өте алмадым. Үшінші талпынысым сәтті болып Малайзияға 1 семестрге оқу мүмкіндігіне қол жеткіздім. Мұндай алыс сапарға алғаш шығу мен үшін қиынға соқты. Ұшақта отырып, «Неге ғана тапсырдым екен? Неге өз елімде тыныш отыра бермедім?»,- деп жылап та алғаным бар. Ол жаққа жеткен соң да басында біраз қиналдым. Кетіп бара жатқанда әкем қолдап, «Егер үйренісе алмасаң, кез келген уақытта қайтып кел» дегені көңіліме жұбаныш болды. Әрине, оқуды орта жолдан тастап, қайтып келу мүмкін емес еді.
Бірақ әкемнің сондай мүмкіндік бергені, артқа қайтар жолдың барын көрсеткендей болды. Білім алу бағытындағы сапарымның басы ащы болғанмен соңы тәтті болып, Малайзияны қимай-қимай елге оралған едім. Бұл сапар шетелдегі білім, мәдениет, оқу бағдарламалары және басқа да өзгешеліктерді жіті ұғынуыма септігін тигізді. Осылайша Малайзиядан да басқа елдердің білім беру үрдісімен танысуға асықтым. 2019 жылы ҚазҰУ-дың партнерлік университеттер бағдарламасы арқылы Каппадокия Университетіне құрбыммен оқуға аттандым. Түркиядағы оқу бағдарламасы ерекшелігімен таң қалдырды. Екі жыл өте Erasmus Joint Masters Degree бойынша оқуымды бастадым. Қазақстандағы магистратура деңгейі өзіме жеткіліксіз көрінді. Сол уақытта коронавирус індеті басталып, оқуыма кері әсер етті. Оқудың көбі онлайн өткендіктен, іздеген іліміме қол жеткізе алмадым. Жалпы айтқанда, өзім көздеген білімге мүмкіндік жоқ еді. Сол себепті білімімді Европада ұштастыруға шешім қабылдадым. Әсіресе, ағылшын тілі саласында жұмыс атқарғаннан кейін тіл ортасында болу маңызды деп білемін.
- Erasmus Joint Masters Degree бағдарламасы туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз. Бұл бағдарламаның ерекшелігі неде?
- Ерекшелігі 2 жылда 4 мемлекетте білім аласыз. Әр семестр сайын ел де, оқу орындары да ауысып тұрады. Эрасмусқа тапсырғанымда тек біріккен бағдарламаларды қарастырдым. Себебі әр мемлекеттің өзіндік оқу жүйесі, өзгешелігі бар. Елден елге ауысқан сайын жаңа мәдениет, әдет-ғұрып, жаңа орта табамыз. Оған қоса Эрасмус әлем бойынша ең ауқымды әрі ең үздік бағдарламалардың бірі. Әрине, сол себепті де іріктеу өте қатал.
Алғаш бір аудиторияда тайландтық, мексикалық және әзербайжандық студентпен бірге дәріс алдым. Кейіннен әлемнің түкпір түкпірінен студенттер ағылып келе бастады. Осылайша, таныстықпен басталған сабағымыз әр түрлі елдің оқу жүйесі, мәдени ерекшеліктерін білуге жол ашты. Студенттердің пікірлеріне қарап отырып, біздің елдің өзгешеліктерін немесе олқы тұстарын іштей біліп отырдық. Еуропа
жаңашылдыққа ашық болуды үйретті. Қатып қалған қасаң қағидалардан алшақ болуға баулыды. Эрасмустың арқасында әлемнің «мен-мен» деген ғылымда айтарлықтай орны бар ғалымдары арнайы шақыртумен келіп лекциялар өткізеді. Жақында ғана Америка Құрама Штаттарынан әйгілі профессорлар келіп өз еңбектерімен бөлісіп, шабыттандыра түсті.
- Бірнеше мемлекетте ілім жинап, ауасын жұтып, суын іштіңіз. Сіз болған елдердің Қазақстанмен салыстырғанда білім беру деңгейі қандай?
- Әрине салыстырып қарағанда біз үшін әлі біраз жұмыс істелуі керек. Білім-ғылым саласын сәтсіз реформалардан арылтып, пайдалы бастамаларды іске асыру қажеттігі туындап тұр. Қайткенмен Европаның барлық салада тәжірибесі жоғары.
Оқи отырыңыз: Украинада тұратын қазақ: «Ұлым соғыста туды»
Мамандығым білім саласымен байланысты болғаннан кейін біраз айырмашылықты байқадым. Олар әрине бағдарлама, қажетті материалдар, оқу үлгісі және жалпы білімнің кімге бағытталғанын біледі. Ашып айтар болсақ, Европалық оқу бағдарламасы мүлдем басқа. Біздің оқу орындарындағыдай лекцияда мұғалім жалықтырса да, тырп етпей тыңдап, семинарда ұстазыңның айтқанын сөзбе сөз қайталап баға алу деген жоқ. Лекциялар жүргізіледі, бірақ мұғалім әрдайым сұхбатқа ашық әрі студенттің талабын ескеріп өзгерістер енгізуге даяр. Мұғалім студенттен өзінің айтқанын қайталауды емес, басқаша ізденісті талап етеді. Яғни ізденіс дегеніміз - жаңа сұрақтар табу, тақырыпты басқа ракурстан ашу немесе жобалармен және ғылыми жұмыстармен дәрістерді ұштастыру. Материалдарға келсек, тек бір-екі кітаппен жұмыс істеуге жол берілмейді. Әр сабақта кем дегенде 5-15 шақты үздік басылымдық ғылыми мақалаларға талдау жасаймыз. Ғылымдағы ең соңғы жарияланымдарға баса назар аударылады. Оқу үлгісі ретінде бағалауды атап өткім келіп отыр. Біздің жоғары оқу орындарында студент әр семинар сайын ауызша тапсырма орындап баға алады, ал шетелдік жүйеде сабақтарда тақырыптарды студенттер көбінде өз бетінше, кейде мұғалімнің көмегімен талдайды. Тек белгілі бір апталарда немесе тіпті оқу соңында соңғы жобасын тапсырады. Яғни баға жатталған немесе оқылған материалға емес, студенттің білген-түйгенінен қандай нәтиже алып шығатынына орай қойылады. Кеңірек айтқанда қандай жаңа жоба немесе жаңалық ашуына қарай қарастырылады. Мысалға, бір курста он екі тақырып оқытылса, қызығушылықты оятқан немесе жаңаша көзқараспен қарауға келетінін тереңірек зерттеп қорытынды баға алуы мүмкін. Ең соңғысы, білімнің кімге бағытталғанын айқындаған жөн. Өз тәжірибем бойынша, біз үшін мұғалім көп жағдайда қолжетімсіз еді. Мұғалімнен артық ақпарат сұрау ғана емес, өзіміз тапқан ақпаратты бөлісуге қорқатын едік. Себебі көбінде мұғалімнің бізден күтетіні өзінің айтқанын бұлжытпай қайталау еді. Оған қоса шетелде жалпы студент пен мұғалімнің ара қатынасы өзгеше. Мұғалімдер әрдайым ұсынысқа ғана емес сынға да әзір. Мәселен, жақында ғана бір профессорымыз жиын өткізіп, сабақ кестесінде не ұнап жатыр, ал не көңілімізден шықпағанын ашық айтуды өтінді. Пікірімізді бұқпантайламай ашық айтып жатқанымызда, ол бәрін жазып алып ертесінде-ақ сұраныстармызды кестеге енгізді. Бізде әрине сын-пікір ғана емес, ұсыныстың өзі бағаның төмендеуі немесе түсініспеушілікке алып келіп жатады. Өйткені, шетелдегідей мұғалім мен студент тең құқылы емес. Біз үшін мұғалім қол жетімсіз әрі алыс ара-қашықтық бар, яғни студент пен мұғалім арасында аса бір байланыс жоқ.
- Малаизия, Португалия, Түркия, Германия... Дамыған мемлекеттерге табаныңыз тиді. Ол жақтағы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайы қалай?
- Еуропада халықтың тұрмыс-тіршілігі, хал-ахуалы өте жоғары. Әсіресе Швейцария, Германия сынды мемлекеттердің өмір сүру жағдайы көңіл толарлықтай дәрежеде. Испания, Португалия, Италия мемелекеттерінде жағдай сәл өзгеше болғанымен орташа айлық мөлшері біздегімен салыстырғанда жоғары. Мысалы, Испаниядан Францияға саяхаттағанымда супермакеттегі бағаларды көріп таң қалдым. Біздің елде қымбатшылық уақыт өткен сайын қысып барады. Испанияда қажетті тауарлардың бағалары әлдеқайда төмен. Дәл сол секілді Португалиядан Германияға барғанда да бағаларда үлкен айырмашылық байқалады. Яғни халықтың тұрмыс-тіршілігіне қарай азық-түлік, басқа да керекті заттардың құны белгіленеді екен. Қазақстанда әлеуметтік жағдай төмен, керісінше баға қымбат. Лиссабонда тұрмыс-жағдайы төмен аудандар бар, ал Женева қаласында тек ірі табыс табушылар тұратындай көрінеді.
Жалпы, Еуропа халқының басым көпшілігінде әлеуметтік ахуалы өте жақсы деуге болады. Таныстарымның дені қарапайым ғана жұмыстарда істейді. Басында баспаналары, астында көлігі бар. Әр демалыстарында тек Еуропаның өз ішінде емес, алыс шетелге шығып тұрады. Ауруханада медициналық сақтандыру қарастырылған әрі жиған-тергендерін қаржысын жинауға шамалары жетеді. Ал Қазақстанда айлығы-шайлығына жетпей жүрген азаматтар көп екенін білемін.
Тағы бір айта кетерлік жайт, біздегідей емес, Еуропада азаматтардың тіршілігі көбінде баяу өтеді. Көшеде жүріп-ақ адамдардың ешқайда асықпайтынын, ешкім бірін бірі қуып, басып озуға ұмтылмайтынын байқауға болады. Еуропалықтардың өмірге көзқарасы табыс көзі немесе жұмыстағы жетістігімен емес, күнделікті жағдайына қанағаттанып, жақсы өмір сүруге сапасына байланысты. Бұл жақта біреудің байлығына, мансабына емес, білімі мен өмірге қанағаттануы маңызды. Келсін-келмесін бір-бірін күндеп, жарысу, үздіксіз салыстыру жоқ.
- Өзіңіз көрген елдерде кең жайылған жемқорлық, тамыр-таныстық, адами құндылықты аяққа басу секілді жағымсыз үрдістер байқала ма? Аталған мемлекеттердің даму бағытына тоқталсаңыз...
- Менің бағалауымша, өзімнің таныстарым мен мұғалімдеріме қарасам жемқорлық жоқтың қасы. Әркім тек өз күшіне, білімі мен тәжірибесіне сүйенеді. Ол менің танысым еді, әлде басқа да бір жағдайлармен жақын тарту дегенді байқамаппын. Жемқорлыққа өте негативті көзқараста. Білімің мен күшіңе сенім артады, маған көмектеседі-ау деген ой жоқ. Себебі ол мүмкін де емес.
Мен болған мемлекеттердің барлығы дерлік демократия орныққан елдер. Елді астыртын төңкеріп тастау деген сынды саяси оқиғалар болғанын көргем жоқ. Қайткенмен әрбір еуропалық досым демократия деген сөзді жиі алға тартады. Жалпы демократия бұл жақта ауқымы әлдеқайда кең ұғым. Кәрі құрлықтың кез келген бөлігінде әлемнің түкпір түкпірінен жиналған жандар көп болғаннан кейін әртүрлілікті сыйлау, қолдау және алға тарту басым. Кім болсын, қайдан болсын, алалау атымен жоқ, әркімнің құқығы тең.
- Аталған мемлекеттер сізді қалай өзгертті? Өзге елде жүріп көкейіңізге қандай ой түйдіңіз?
- Ең алдымен қорқынышым сейілді. Еуропа өте қауіпсіз. Қайда болсын жалғыз жүруден қорықпайсыз. Әлемге деген көзқарасым өзгерді. Мысалы, осында келмес бұрын Латын Америкасы жайлы ақпаратым аз еді, ол жақтың адамдарымен еш таныстығым болмаған. Қазір достарымның арқасында әлемнің өзге тарапын таныдым. Тобымызда Пәкістан, Тайланд, Индонезия сынды мемлекетттердің студенттері болғаннан кейін әрдайым бір жаңашылдық тауып жатамыз.
Оқи отырыңыз: Қиын кездерде украиндар қолындағы барын берді – Харьковта тұратын қазақ қызымен сұхбат
Білімім тереңдей түсті. Нағыз ғылыми жобалар қалай жүзеге асатынын көріп, ғылыми мақалаларды жазудың қыр-сырын үйрендік. Мойындалған профессорлардың лекциялары бұған дейін білмеген жаңа бағыттарды ашып, зерттеуге деген құштарлығымды оятты. Басында таңдап келген ғылыми тақырыбыммен қазіргі жобаларым мүлдем басқа. Өйткені, оқу барысында маған беймәлім болған салаларды қарастырып жаңа мүмкіндіктер таптым.
Жалпы алғанда білімімді шыңдап, жаңа достар және озық мәдениеттермен таныстым. Мол тәжірибе жинақтап келемін. Испаниядағы мұғалімім айтады, бағдарламаға алғаш келген кездерің мен қазіргі деңгейлерің айтарлықтай өзгерген деп. Көшпелі оқу бағдарламасы әлемдегі үздік жастарды алға бастайтын арнаға айналды.
- Елге қашан келесіз? Әлде ол жақта тұрақтап қалу жоспарда бар ма?
- Әр нәрсенің өз уақыты бар. Демек, қазіргі мақсатым оқуымды жақсы тәмамдап, өз саламда жетістікке жету.
- Сұхбатыңызға рахмет!