«Шымкент жастар лигасы» оқушының спортқа, білімге, өмірге ынтасын арттырады
Шымкент мектеп оқушылары уақыттарын тиімді өткізу, шынығу, спортпен шұғылдану арқылы ерік-жігерлерін, табандылығын шыңдау және көпшілікпен араласа білу, уақыттарын бос өткізбеу үшін қала әкімінің бастауымен «Шымкент жастар лигасы» қолға алынған еді. Бұл додаға қаладағы 140 мектептен футбол, баскетбол, волейбол, шахмат ойындарынан лигалар құрылып, өзара жарысты бастап кеткен болатын. Енді міне, баскетбол волейбол ойындарынан ширек финалға 32 команда (16 - волейбол, 16 – баскетбол) шықты. Ал футбол және шахмат ойындарының іріктеу кезеңдері қызу өтіп жатыр.
«Шымкент жастар лигасы» спорттық сайысының ширек финалының ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан келіп, команда капитандарымен кездесіп, сәттілік тіледі.
– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қолдауымен «Шымкент жастар лигасы» өтіп жатыр. Бұл жоба мектеп оқушыларының спортқа, білімге, өмірге деген ынтасын оятып, қызығушылын арттыруда. Спорттық сайыс биыл өз мәресіне жеткен соң, келер жылы да жалғасады. Жоба жеңімпаздарына 20 миллион теңге қаржылай сыйақы беріледі. Егер оқушыларымыз өз мектептеріне 20 миллион теңге сыйласа – ол оқу орындары үшін үлкен жетістік, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Спорттық ойындар санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сәйкес өтіп жатыр дейді әкімдік қызметкерлері.
Фото: Самат Мырзалиев