Жолан Омаровқа мурал салынды
Алматы облысына қарасты Талғар қаласындағы көпқабатты үйлердің біріне экс-әкім, марқұм Жолан ОМАРОВҚА мурал салынды. Бұл туралы МӘЛІМ КЗ сайты хабарлайды.
Бұрынғы әкімнің бейнесі өзі тірі кезінде тұрғындарға кілтін тапсырған «Жаңа талғар» ықшам ауданындағы үйлердің бірінде салынған. Мурал облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қолдауымен салыныпты.
«Жетісуда аудан әкіміне мурал бірінші рет салынып тұр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Себебі Жолан ЫБЫРАЙАХЫНҰЛЫ құрметке лайық. Ол халық үшін көп жұмыс атқарды. Тірі болса жасай берер еді», - деді облыс басшысы Амандық Баталов.
Мурал авторы – талдықорғандық суретші Еркеғали ИМАНҒАЛИ. Талғар ауданының бұрынғы әкімі Жолан Омаров биыл жазда пневмониядан қайтыс болған еді. Жолан Ыбрайахынұлы 1979 жылы 7 шілдеде дүниеге келген. Марқұмның артында жары мен 4 баласы қалды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдады. Еңбек жолы Алматы облысы Ұзынағаш ауылында "КИРЗАВОД-1" ЖШС атқарушы директоры болып басталды. Әртүрлі жылдары Алматы облыстық жер қатынастары басқармасында, Алматы облыстық туризм басқармасында жұмыс істеді. Алматы облысының жер қатынастары басқармасын басқарды. 2017-2019 жылдар аралығында Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі болды. 2019 жылдың қыркүйегінен Талғар ауданының әкімі қызметін атқарды.