«Журналистерге марапат емес, ақпарат берілуі керек!»
Мемлекет журналистерге сұраған ақпаратын тауып бере алмайды
Бүгін – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. БАҚ өкілдері жарғақ құлағы жастыққа тимей, елдің мұң-мұқтажын арқалап жүрсе де, олардың көңіліндегі кем-кетік аз емес. Әлеуметтік статусы нақтыланбағаны былай тұрсын, айлығы шайлығына жетпей, екі-үш жерден нәпақа тауып жүргендері қаншама. Malim.kz тілшісі атаулы күні сөз ұстаған журналистердің пікірін тыңдады.
Асылхан Мамашұлы: «Ақшалай марапат беру пара бергенмен тең»
Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні келгенде журналистерді әр министрлік, әр мекеме шақырып құттықтай бастайды. Ақша береді, басқа береді дегендей. Жеке пікірім бойынша бұл пара берумен тең. Ал сол сыйлықты алған журналистер ертең шындықты қалай жазады, жазған күннің өзінде көңілінде әлгі сыйлық, сөлкебай тұрады. Негізінде Журналистер одағының сыйлығы секілді тәуелсіз марапат берілуі керек. Өйткені, біз тәуелсіз күшпіз. Ал сайып келгенде бізге марапат, сыйлық емес, дер кезінде сұраған ақпарат берілуі тиіс. Мәселен Алматыда бір оқыс жағдай болды дейік. Тиісті мекемеден ақпарат сұрасақ, ала алмаймыз. Олар бір-біріне сілтеп, ең соңында баспасөз хатшысына жауапкершілік жүктейді. Ақыр соңында сабылтып, астанаға сілтейді. Тәуелсіз сана, азаматтық журналистика қалыптасуы үшін бұқаралық ақпарат құралдары еркін әрі бәсекелес болуы керек. Бәсеке болу үшін БАҚ өзін өзі қаржымен қамти алуы қажет. Бізде қаптаған ұсақ-түйек сайттар бар. Ашып қарасаңыз, алдыңыздан «Amanat» партиясының, министрліктердің, өзге де мекемелердің мемлекеттік тапсырысының құлағы қылтиып тұрады. Жақсы жалақы берсе тәжірибелі журналистер еңбек етеді, тәуелсіз журналистиканы алға сүйрейді. Бізде тақырыпты зерттеп, тұщымды материал шығара алатын жақсы журналистер жоқ емес, бар. Бірақ, жағдайлары жоқ, өзін өзі қамтамасыз етпестен, еркін пікір білдіре алмай жатады. Министр Қазақстандағы орташа жалақы 285 мың дейді. Ол журналистердің айлығы 500 бола ма, миллион бола ма, оған бас қатырмауы керек. Бастысы дер кезінде, қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуі керек. Мысалы ауыл шаруашылығы министрі шаруалардың әрқайсысына қанша субсидия беріп жатқанын айтпайды ғой.
Сөз бостандығы туралы айтудың өзі қиын. Мемлекет журналистерге сұраған ақпаратын тауып бере алмайды. Егер өздері тауып алып жарияласа қысым көрсетіледі. Сыни материалдарды көрген министрліктер, әкімдіктер ақпаратты алдыртып тастауға күш салады. Сондықтан, сөз бостандығы туралы айтуға әлі ерте. Шындықты айта, жаза білетін әріптестеріміз бар. Ал жалпы алғанда сөз бостандығы біздің елде жай әншейін декорация күйінде. Журналистер елдегі қордаланып жатқан өткір мәселелерді жазады. Алайда сыннан шығатын нәтиже шамалы. Қанша мәрте жазады, сынайды. Бірақ ешқандай қорытынды болмаған соң журналистің меселі қайтып, жігері мұқалады. Қырғызстанды мысалға алайық. Өзіміз көрдік, Қырғызстанда журналистер қандай мемлекеттік орган болсын алғысы келген ақпаратын алады. Мемлекет БАҚ-қа барынша ашық. Қажетті кезде қажетті мәлімет журналистердің алдында тұрады. Бізде бәрі керісінше.
Жақында министр Асқар Омаров Қазақстандағы сөз бостандығына бес балдық меже бойынша 5 деген баға берер едім депті. Бұл министрдің өзіне өзі қойып отырған бағасы. Адам өзіне 5 деген баға қойса арғы жағы белгілі. Мұндай жағдайда өзі ғана бағалай салмай, оны еліміздегі тәуелсіз журналистер айтқаны жөн болар дер еді. Сондықтан, тәуелсіз журналистика дамуы керек. Сонда ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Олжас Керейхан: «Жалақы мәселесі көңіл көншітпейді»
Аймақтағы журналистиканың арқалаған жүгі зіл батпан. Өйткені өңірлердегі тілшілер бір ғана саланың мәселесін қаузамайды. Бүкіл тақырыпқа қалам тербейді. Сондықтан оларға жүктелетін жауапкершілік те жоғары. Бір күн қалада, екінші күн далада дегендей. Бұл әрине бір жағынан шыңдайды. Қат- қабат тілшілік тіршілікте жүрген әріптестерімнің ешқайсы да еңбегін бұлдаған емес. Шынын айту керек, қазір аймақтық БАҚ құралдарындағы жалақы мәселесі мүлде көңіл көншітпейді. Бірақ соған қарамастан шама-шарқынша еңбек етіп келеді. Журналистердің әлеуетін әлдендіруге қатысты бүгінге дейін қабылданған бірде-бір жеке бағдарлама жоқ. Яғни бүгінге дейін бұл саладағы қызметкерлердің мәртебесі әлі анықталмай келеді. Осыдан соң талай мүмкіндіктен шетқақпай көретіні өтірік емес. Әсіресе баспана мәселесі төңірегінде. Бұл елдегі жалпы журналистерге қатысты мәселе....
Ал аймақтағы БАҚ-тың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан талай әріптестеріміз бар. Алайда кейбірінің ішінде өкпе демей-ақ қояйын, назы бар. Ол кеше ғана университет бітріп, бүгін редактор болып ал бүрсігүні мақтау мен мадақтау, мартапат алып, «сөлкебай» салдырлатып шыға келеді. Осыдан соң әрине әлгі алдыңғы шепте еңбек етіп келе жатқан сақа буыннің назы орынды сияқты көрінеді. Әр еңбектің дер кезінде өтеуі, бағалануы керек әрине. Дегенмен әр марапат нақты лайықты иесіне берілген дұрыс. Әсіресе сөз өнері иесінің киесі бар деп ұқсақ.
Жалпы қазір мен журналистиканы қоғамдағы көңіл күйді бақылаушы қарғы баулы ит сияқты елестетемін. Тарқатайын. Кез-келген БАҚ ақпарат құралы құрылтайшысына тәуелді. «Тәуелсізбіз» деп жүргендері де белгілі деңгейде тәуелді. Ал мемлекттен қаржыландыратын БАҚ құралдары ол мемлекеттің саясаты мен идеологиясын жүргізуге мінедетті. Мен 23 жыл еліміздің 4-5 облысында меншікті тілші қызметін атқарғандықтан ауыл- аймақтың мәселесін бес саусағымдай білемін. Айына аз дегенде екі рет іс сапармен ауыл, аудандарды аралаймыз. Сол кезде шындықты айтпайсыздар деп шыбайға батырып, төбе құйқаңды шымырлатып айтып жататын ағайындар бар. Әрине әркімнің өз шындығы бар. Осы саладағы 23 жылдық жұмыс өтілімде халықтың мұң- мұқтажына қатысты шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселе назарымнан тыс қалған емес. Әсіресе ұлттық құндылықтарға қатысты көрсеткенде майдан қылшық суырғандай етіп көрсетіп келеміз. Мемлекеттік аранда қызмет істедің бе? Оның талаптарына көнуге міндеттісің. Бірақ менің жеке көзқарасым редакциялық саясат мүлде сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл тұрғыда мен кез- келген мәселеде жеке көзқарасымды ашық білдіріп келем. Оған қазір барлық мүмкіндік бар. Әлеуметтік желіні ешкім шектеп отырған жоқ.
Қазір аймақтағы БАҚ-тың бет-бейнесі өзгерді. Бұрын аудандық,облыстық газеттердің бірінші бетінен соңғы бетіне дейін әкімдердің суреті тұратын. Қазір бұл үрдіс жоқ. Өйткені кімнің қайда не істеп жүргенін әлеуметтік желі сол сәтте-ақ жиханға жария етіп отыр. Сондықтан дәстүрлі БАҚ-та бірітіндеп қазіргі үрдіске лайықты болғаны жөн.