Мәжіліс депутаттары 17 маусымдағы жалпы отырыста Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен оған мүше мемлекеттер және Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) арасындағы Экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Құжатты депутаттарға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.
Министрдің айтуынша, келісім тауар номенклатурасының 85 пайыздан астамына қатысты импорттық кедендік баж салығын кезең-кезеңімен жоюды көздейді. Сонымен қатар құжатта саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау тетіктері сияқты бағыттар қамтылған.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, бизнеске бейімделуге қолайлы жағдай жасау үшін кедендік баждарды алып тастау өтпелі кезеңдер арқылы біртіндеп жүзеге асырылады. Бұл өзара сауданы кезең-кезеңімен ырықтандыруға мүмкіндік береді.
Министр аталған келісім қазақстандық тауарларды Біріккен Араб Әмірліктері нарығына шығаруға қолайлы жағдай жасап, тараптар арасындағы сауда көлемі мен даму қарқынын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Мәжілістің бейінді комитетінің қорытындысында келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында қол қойылғаны айтылған. Құжаттың негізгі мақсаты – ЕАЭО елдері мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және қазақстандық өнімдердің БАӘ нарығына шығуына қолайлы жағдай қалыптастыру.