Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Елімізге Ираннан 53 қандас қоныс аударды

Мәдениет
Елімізге Ираннан 53 қандас қоныс аударды

Бүгін Ираннан Қазақстанға 20 отбасы қоныс аударды деп хабарлайды Malim.kz

Иранда туып, сол жерде өскен этникалық қазақтардың көші Маңғыстауға аялдады. Енді құжат мәселесі реттелген соң олар астанаға аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысына қоныстандырылады.  Бұл биыл Маңғыстауға сырттан келген үшінші көш. Бұған дейін көршілес Түркіменстан Республикасынан ақпан және мамыр айларында 409 адам оралған болатын. Иранның Горган қаласынан келген 53 адам келсе, оның жиырма бесі балалар. Тарихи атамекеніне келгендердің бірі Хадиша Адай. Ол атамекенге біржола оралған сәтінде қуанышын жасыра алмады.

«Түркіменстанда тудым. Жұмыс бабы бойынша Иранның Божнурд қаласында 22 жыл тұрдым. Бүгін туған әпкем, қызым, туыстарыммен бірге атамекенге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз», - дейді ол.  

«Иранның Горган деген қаласынан 35 шақырым жерде Түркімен деген ауыл бар. Түркімен ауылында отыз жылдан астам уақыт тұрдық. Сонда оқып, білім алдық. Жақын туыстарым Қазақстанға оралған соң мен де  ағайын-туыстың қасында болуды ойладым. Енді міне, төрт баламды атамекеніне әкеліп отырмын. Кішкентайынан ана тілінде сөйлеп, тарихын танып, елі үшін еңбек етсе деймін», - дейді ираннан оралған Неджип Қазақ.

Қазақстанға оралғандардың бірі көп ағайынды Жаңыл Қазақ. Оның ағайындарының жартысынан көбі елге қоныс аударған. Бүгін ол ағайындарымен қауышқан жайы бар.

 «Менің анам 16 құрсақ көтерген. Өзім үйде үшінші баламын, ал інім - үйдің кенжесі. Інімнің отбасымен бірге Қазақстанған аман-есен келгеніме қуаныштымын. Қазір тоғыз ағайынның басы қосылды. Иранда туған бес бауырым қалды, - дейді Жаңыл Қазақ.

 Айтпақшы, Ираннан елге келген көш ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ирандағы Елшілігі мен «Отандастар Қоры», Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолға алуымен ұйымдастырылып отыр.

Жанкелді Қаржан,  фото Талант Құсайын, Ақтау қаласы

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу