Астанада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар қаланың жылу, электр қуаты және ауыз сумен қамту мүмкіндіктерін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары елордада бірқатар маңызды нысандар пайдалануға берілген. Атап айтқанда, үшінші сорғы-сүзгі станциясы (ССС-3), газбен жұмыс істейтін жылу станциялары, электр қосалқы станциялары және өзге де инфрақұрылымдық объектілер іске қосылды.
ССС-3 станциясының және Астана су қоймасынан тартылған екінші су құбыры желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін қалаға тәулігіне 100 мың текше метрден астам қосымша ауыз су жеткізіле бастады. Қазіргі уақытта ауыз су бойынша тәуліктік профицит 60 мың текше метрден асып отыр. Биыл ССС-4 станциясының құрылысы басталды, бұл жоба елорданы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ССС-3 станциясын кеңейту де жоспарланған.

Сумен қамту жүйесімен қатар, кәріз-тазарту инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі таңда КТҚ-1 қуатын ұлғайту қолға алынған, сондай-ақ КТҚ-2 құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Көктал, Өндіріс елді мекендерінде және Индустриялық паркте жергілікті тазарту құрылыстарын салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл нысандарды 2028–2029 жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Жобалар іске асқан соң қаладағы су бұру мәселесі толық шешімін табады.
Жылу инфрақұрылымына қатысты да оң өзгерістер бар. Жаңа жылу көздерін іске қосу нәтижесінде қаланың жылу жүйесінің қуаты 34 пайызға артты, ал артық қуат көлемі сағатына 500 гигакалорияны құрайды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Мәселен, ауа температурасы –20°C болған күннің өзінде жылу қорының профициті сағатына 1500 Гкал деңгейінде сақталуда.
Жылу қуатын ұзақ мерзімге қамтамасыз ету үшін «Телман» газ жылу станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ЖЭО-2-ні кеңейтуге дайындық басталып, ЖЭО-3-тің екінші кезегін жобалау жұмыстары қолға алынды.

Сондай-ақ елорданы газдандыру жұмыстары мәресіне жақындап қалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес газбен қамту деңгейі 95 пайызға жетіп, бүгінге дейін 14 елді мекенге газ тартылды. Келесі жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.