Елімізде зейнетақы шотындағы артық ақшаны емдік мақсатта қолдануға қайта рұқсат етіледі. Қазір бұл жұмысты толығымен цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, қазір Отбасы банк Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп зейнетақы жинағын емге пайдалану мәселесі бойынша жұмыс істеп жатыр.
«Біздің міндетіміз – бұл қызметті қолжетімді, сонымен қатар толығымен ашық әрі түсінікті ету. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті мақсатсыз пайдаланғандардың кесірінен азаматтардың 90 пайызы бұл функциядан айырылып қалды. Менің ойымша, бұл әділетсіз. Сондықтан қазір біз бұл процесті толығымен цифрландыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін стоматологиялық клиникалар мен басқа да медициналық ұйымдар қатысатын жүйе іске қосылады», - деді Ибрагимова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Нәтижесінде барлық қызмет онлайн рәсімделеді, орындалған жұмыстардың актісі жасалады, Денсаулық сақтау министрлігінің жүйесімен интеграция жүргізіледі, барлық процес ашық әрі түсінікті болады.
«Менің ойымша, 2026 жылы жеткіліктілік шегіне жеткен азаматтар бұл мүмкіндікті әрі қарай да белсенді пайдалана алады», - деп сендірді Отбасы банк басшысы.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу қиындауы мүмкін екенін жазғанбыз.