Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Үкімет үйінде Түркияның вице-президенті Жевдет Йылмазбен өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Үкімет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи және рухани байланыстардың маңыздылығына тоқталып, екі елдің әріптестігі тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
«Түркі дүниесінің алтын бесігі – Ұлы дала кеңістігі ортақ тарих пен рухани құндылықтардың тоғысқан мекені. Қазақстанға жасалған әр сапар тек ресми кездесу ғана емес, тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі», – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, мемлекеттер басшылары арасындағы сенімді диалог екіжақты қатынастарды нығайтуға берік негіз қалыптастырған.
«Біздің Президенттеріміз – құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған үнемі кездесіп тұрады. Бұл ретте Түркия Президентінің мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуін ерекше күтудеміз. Бүгінгі комиссия отырысы алдағы сапардың мазмұнын байытып, жаңа бастамаларға жол ашады деп сенеміз», – деді премьер-министр.
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жоғары деңгейдегі кездесу сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ықпал етуі мүмкін.