Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей мен Украинаны Қара теңізде әскери қимылдардан бас тартуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бұл қадам екі тарапқа да пайда әкелмейді. Бұл туралы Ердоған сенбі, 13 желтоқсан күні, Түрікменстаннан қайтып келе жатып, журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында мәлімдеді. Аталған сапар барысында ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен.
Ердоған Қара теңізде қауіпсіз кеме қатынасын сақтау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол Украинадағы соғысқа қатысты бейбіт шешімге жақын уақытта қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.
«Бейбітшілік алыс емес, біз мұны көріп отырмыз. Ең бастысы — бейбітшілік бағытын ұстану», — деді Түркия басшысы.
Оның айтуынша, Путинмен кездесуден кейін ол бейбіт жоспарды АҚШ президенті Дональд Трамппен талқылауды жоспарлап отыр.
Түркия СІМ-інің мәлімдемесі
Сол күні Түркияның Сыртқы істер министрлігі де Ресей мен Украинаны Қара теңіздегі соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. Анкара Одесса облысындағы Черноморск портына жасалған кезекті соққы салдарынан шетелдік кеменің зақымданғанын атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, экипаж мүшелері мен жүк көлігі жүргізушілері эвакуацияланған, Түркия азаматтары зардап шекпеген.
Бұған дейін Киев билігі Одесса облысындағы порт инфрақұрылымына жасалған әуе соққысы кезінде түрік кемесінің зақымданғанын хабарлаған. Түркияның Cenk кеме қатынасы компаниясының дерегінше, кеме жеміс-жидек, көкөніс және өзге де азық-түлік тасымалдаған.