Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында China Media Group бас директоры, Қытай Коммунистік партиясы ОК Насихат бөлім меңгерушісінің орынбасары Шэнь Хайсюнмен кездесті, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту, медиа саласындағы бірлескен жобаларды кеңейту және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.
Ерлан Қарин Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асып жатқан реформаларға тоқталып, цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы жұмыстар туралы айтты.
«Silk Way Star - Азия кеңістігіндегі бірегей мәдени жоба. Бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық байланысты жаңа деңгейге көтереді», - деді Ерлан Қарин.
Тараптар былтыр Қазақстанда жоғары деңгейде өткен Silk Way Star жобасының жалғасын биыл Қытайда өткізу мәселесін пысықтады. Байқаудың алғашқы маусымы Қытайда 1 миллиардтан астам қаралым жинаған.
Биыл Қазақстан атынан әнші Рухия Байдүкенова өнер көрсетеді. Жобаның екінші маусымының түсірілімі 2026 жылдың шілдесінде Қытайдың Иу қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.
Өз кезегінде Шэнь Хайсюн мұндай жобалар екі ел медиасы арасындағы нәтижелі ынтымақтастықтың айқын көрінісі екенін айтты.
Сондай-ақ кездесу барысында 2026 жылы Астанада өтетін Astana AI Film Festival халықаралық фестивалі туралы да сөз болды. Фестиваль аясында жасанды интеллект көмегімен түсірілген қысқаметражды фильмдердің халықаралық байқауы ұйымдастырылады.