Магдебург қаласында өткен футбол матчы кезінде кемінде 64 полиция қызметкері жарақат алды, олардың ішінде ауыр жараланғандар да бар, деп хабарлайды Malim.kz. DW-ге сілтеме жасап.
Оның 17-сі «ауыр жарақаттармен» ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы жексенбі күні, 25 қаңтарда, Саксония-Анхальт федералдық жерінің Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қақтығыстар мен тәртіпсіздіктер екінші футбол лигасының «Магдебург» пен Дрезденнің «Динамо» командалары арасындағы ойын барысында болған. Полиция мәліметінше, бірінші тайм аяқталуға жақын қалған сәтте «Магдебург» жанкүйерлері қарсылас команданың жанкүйерлері отырған стадионның сыртқы секторына өтуге әрекеттенген. Полиция бұл әрекетке тосқауыл қойғаннан кейін қақтығыс басталған.
Жанкүйерлер полиция қызметкерлеріне пиротехникалық құралдармен оқ атып, металл қоршаулар мен тастар лақтырған, сондай-ақ кәріз люгінің қақпағы мен тротуар плиткаларын қолдана отырып шабуыл жасаған. ІІМ мәліметінше, пиротехниканы екі команданың жанкүйерлері де бірнеше рет қолданған, соның салдарынан матч уақытша тоқтатылған.
Стадиондағы қақтығыстардан бөлек, Магдебург қаласында өзге де құқықбұзушылықтар тіркелген. Атап айтқанда, тонау және мүлікті бүлдіру деректері анықталған