Астанада өтіп жатқан халықаралық «Future Games 2026» турнирі кезінде қоғамдық тәртіп пен қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 5 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Сонымен қатар Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Ішкі істер органдары жарыс өтетін спорт нысандары, әуежай, теміржол вокзалдары мен адамдар көп жиналатын орындарда бақылауды күшейткен. Қауіпсіздік шаралары халықаралық делегациялар мен мыңдаған жанкүйердің келуіне байланысты қабылданған.
«Future Games 2026» – дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды ұштастыратын халықаралық турнир. Оған әлемнің ондаған елінен спортшылар қатысып жатыр. Ұйымдастырушылар жарыстың барлық кезеңі халықаралық талаптарға сай өтетінін және қауіпсіздік мәселесі басты назарда екенін мәлімдеді.