Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында болған ауыр қылмысқа қатысты тергеу әлі де жалғасуда. Ерлі-зайыптының қаза табуы және отбасының тағы екі мүшесінің із-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Мәйіттер табылғаннан кейін тергеу негізгі назарын марқұмдардың күйеу баласына аударғанымен, ресми органдар әзірге толық мәлімет берген жоқ, деп хабарлайды Malim.kz.
Резонансты іске қатысты соңғы деректерді "Ақ Жайық" басылымы жариялады. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін. Марқұмдардың денелері үй ауласындағы шаруашылық құрылыстан табылған.
Дереккөздер мәліметінше, аталған ғимараттың ішінде шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер сол жерге көмілген. Кейін үсті топырақпен жабылып, линолеум төселген, оның үстіне диван қойылып, бөлме кілтпен бекітілген.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер күдіктінің қазіргі уақытта Индонезия аумағында болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Тергеу барысында оқиғаның жалпы көрінісі айқындала түскендіктен, оның елден біржола кетуге әрекет жасауы ықтимал деген болжам бар.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің мәйіті Геолог шағынауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тараған еді, алайда бұл дерек расталмады. Полиция аталған аумақта тінту жүргізіп, іске қатысы болуы мүмкін бірқатар заттарды тәркіледі.
Сонымен қатар, Наурыздың ұялы телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені ресми түрде расталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, одан кейінгі бағыт Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жедел-іздестіру және тергеу амалдары тоқтаған жоқ.