Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, соңғы он жылда көшедегі қылмыс деңгейі тоғыз есеге төмендегенімен, мүлікке қатысты қылмыстар цифрлық кеңістікке ауысқан. Ол Ақмола облысында әлеуметтік осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі банктік несиелер рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты жағдайды мысалға келтірді.
Жақып Асанов цифрландыру дәуірінде жеке өмірге қолсұқпаушылық тек қағаз құжаттармен немесе көшедегі қауіпсіздікпен шектелмейтінін атап өтті. Смартфондар мен интернетке тәуелді қазіргі қоғамда азаматтардың жеке деректері интернет-алаяқтардың нысанасына айналып отыр. Оның пікірінше, Конституцияда көзделген кепілдіктер қағаз жүзінде ғана емес, цифрлық кеңістікте де толыққанды жұмыс істеуі тиіс.
Сенат төрағасының орынбасары Конституциядағы жеке өмірге қолсұқпаушылық туралы норма цифрлық шындықты ескере отырып, арнайы құқықтық реттеумен толықтырылуы қажет екенін айтты. Бұл азаматтардың мемлекетке деген сенімін сақтауға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.