Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) өңір тұрғындарын АҚШ әскери күштері орналасқан аудандардан алыс жүруге шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.
КСИР мәліметінше, АҚШ Иранға соққы жасауды жалғастырып жатыр, ал Иран қарулы күштері бұл шабуылдарға жауап қайтаруда.
«Өңір елдеріндегі АҚШ әскери базаларында орналасқан америкалық әскери қызметшілердің едәуір бөлігі базалардан шығып, қала орталықтарындағы ғимараттарға орналасты», – делінген КСИР хабарламасында.
Осыған байланысты Иран әскері өңір тұрғындарын америкалық әскери қызметкерлер «жасырын немесе құпия түрде» орналасқан орындардан кемінде 500 метр қашықтықта болуға шақырды.
Сонымен қатар Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабының қолбасшысы Әли Абдоллахи әрбір қаза тапқан ирандық үшін бір америкалық әскери қызметкердің өлтірілетінін мәлімдеді.
«Исламдық Иранның әрбір қаза тапқан азаматы үшін кек ретінде бір америкалық сарбаздың көзі жойылады», – деген оның сөзін Иранның мемлекеттік телерадио компаниясы келтірді.
8 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп 18 маусымға қараған түні Иранмен қол жеткізілген атысты тоқтату туралы келісімнің енді күшінде емес екенін мәлімдеген болатын. Содан бері АҚШ әскері Иранға қатарынан 13 түн бойы әуе соққыларын жасап келеді. Өз кезегінде Иран қарулы күштері Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы беріп жатыр.