Иран билігі Израиль армиясының Ливанның оңтүстігіне жасаған кезекті соққыларынан кейін Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуіне қайтадан тыйым салғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Иранның Mehr агенттігінің мәліметінше, Тегеран бұл әрекетті 17 маусымда АҚШ пен Иран арасында қол қойылған меморандумның бұзылуына жауап ретінде түсіндірді. Құжатта барлық бағыттардағы, соның ішінде Ливандағы әскери іс-қимылдарды тоқтату қарастырылған.
Иран әскери қолбасшылығы штабының мәлімдемесінде:
«Егер агрессия жалғасатын болса, қарсы тарапты өз міндеттемелерін орындауға мәжбүрлейтін қосымша шаралар қабылданады», – делінген.
Алдын ала келісім күшіне енген үш күнге жетпейтін уақыт ішінде Ормуз бұғазы арқылы шамамен 60-80 кеме өткен. Салыстыру үшін, бейбіт кезеңде бұл бағытпен тәулігіне орта есеппен 100-ге жуық кеме қатынайды.
Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалының маңызды дәлізі саналады, сондықтан оның жабылуы халықаралық энергетикалық нарыққа әсер етуі мүмкін.